Халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бөлімінің басшысы Азамат Байтасов жастардың жұмысқа орналасуы мәселесін сөз етті.
"Жастар тәжірибесі" бағдарламасы әзірленді. Еңбек өтілі жоқ, 29-ға толмаған әрі оқу бітіргеніне үш жыл өтпеген азаматтар осы бағдарламаға қатыса алады. Жастар өзінің мамандығы бойынша алты ай уақытша еңбек тәжірибесінен өтеді. Жалақысын мемлекет төлейді. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына келуі керек. Біз жұмыс берушімен сұхбаттасуға жолдама береміз. Егер жұмыс беруші жас маманды қабылдаса, сол жерде уақытша жұмыс істейді. Алты ай бойы тәжірбие жинақтайды. Тұрақты жұмысқа алып қалуды жұмыс беруші өзі шешеді. Ал тұрақты жұмысқа орналаса алмаған жас маман бізге қайтып келеді де, басқа жұмыс іздейміз", – деп түсіндірді Азамат Байтасов.
Оның айтуынша, студент жастар жазғы демалысы кезінде еңбек етіп, табыс таба алады.
"Оқу орнын бітірген түлектер дипломмен келеді. Олар білікті маман саналады. Ал 2-3 курс студенттері демалыс кезінде уақытша жұмыс істеуіне болады. Мысалы, құрылыста мамандық талап етілмейтін жұмыс істеп, табыс таба алады. 100-150 мың теңге жалақы төлейтін жұмыста екі ай еңбек етіп, ақша жинауға мүмкіндігі бар. Яғни біз демалыс кезінде жұмыс істегісі келетін студенттерге де көмектесеміз", – деді бөлім басшысы.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының Мониторинг және еңбек ресурстарын болжау бөлімінің басшысы Индира Шаймарданованың мәліметінше, жастар арасында жұмыспен қамту бағдарламасының танымалдығы артуда.
"Елордада "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында бүгінгі күні 1187 жас азамат жұмысқа орналасты. Жастар бізге көптеп келуде. Тұрақты жұмыс іздеген, бірақ мамандығы жоқ жастарды да бағдарлама аясында жұмыспен қамтамасыз етеміз", – деді Халықты жұмыспен қамту орталығы өкілі.
Айта кетсек, Халықты жұмыспен қамту орталығы онлайн режимде қызмет көрсетуде.
Нұржан Көшкін