Бүгін Атырау қаласында жанар-жағар май стансасында болған жарылыс салдарынан төрт адам жарақат алған. Олар: станса қызметкері, "Форд" цистерна автокөлігінің жүргізушісі, өрт қызметініңбөлім бастығы мен өрт сөндіруші. Алдын ала болжам бойынша, ауаға жиналған газ қоспасы көлікті толтырған кезде атылып кеткен болуы мүмкін.
Қазіргі күні жарақат алғандардың екеуі ауыр халде ауруханада жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы олардың бірі 40, екіншісі 90 пайыз дене күйігімен жансақтау бөлімінде жатқанын айтады. Ал өрт қызметкерлері екі пайыз күйік алған, олар амбулаториялық емдеуде екен.
Сондай-ақ, өрт кезінде жанар-жағар май стансасындағы өрттен одан 60-70 метр қашықтықта орналасқан ғимарат та бұзылған. Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдай департаментінің төрт техникасы мен 25 адамы жұмылдырылды.
Құралай Қуатова