"Зомби" таксилер күнде тексеріледі

420

Көлікті тексеретіндер оны коммерциялық пайдаға айналдырып жіберген.

"Зомби" таксилер күнде тексеріледі Фото: google.com

Елімізде қала арасында жүретін такси жүргізушілеріне талап күшейеді. Енді аймақтан аймаққа адам тасып, нәпақасын тауып жүргендер күнде медициналық тексеруден өтуге міндеттеледі. Бұл туралы Ішкі істер вице министрі Қожаев мәлімдеді. 

Шенеунік бірқатар өңірлерде жол-көлік апаты азаймай тұрғанын, сондықтан ереже қатаңдатылып жатқанын айтты. 

Қазақстанда жол апаты дендеп тұрған өңілер қатарында Алматы мен Астана қалалары, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары бар. Бір ғана Түркістанның өзінде 8 айдың ішінде 182 адам көлік апатынан көз жұмған.

Қожаевтың айтуынша, оқыс оқиғаның бірден бір себебі нашар жолдың кесірі. Алайда көлік апаты мен адам өлімі өршіп тұрған Түркістан облысына жол жөндеуге 2022 жылы 81 млрд теңге, ал биыл 51 млрд теңге бөлінген. Дегенмен жыл сайын берілетін қаражат мәселені шеше алмай отырған көрінеді. 

"Алдағы уақытта қозғалыстың артуына қарамастан, қалалар арасында төрт жолақты қозғалысы бар 4 мыңнан астам жол салу жоспарланған", – дейді Көлік министрінің міндетін атқарушы Талғат Ластаев.

Ал Ішкі істер вице министрі тоқтаусыз қала арасында адам тасымалдайтын жүргізушілерді тексеру керек деп отыр. Ол үшін таксистер күнде медициналық және жылына екі рет техникалық бақылаудан өткізілетінін айтты. Бірақ бұл жерде де гәп бар екен. Өйткені көлікті тексеретіндер бұны коммерциялық пайдаға айналдырып жіберген.

"Автокөліктің техникалық жағдайына тиісті бақылау қамтамасыз етілмейді. Тексеру пунктері коммерциялық пайда қағидаты бойынша жұмыс істейді. Жыл басынан бері жөнделмеген автокөлікті басқарғаны үшін 7,5 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Осыған байланысты техникалық байқау станция операторларының жауапкершілігін күшейту керек, лицензиялауды енгізу қажет", – дейді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.

Көлікті көзбен көрмей анықтама беретіндердің заңсыздығын тыю үшін айыппұл көлемі артпақ. Енді көлікті техникалық тексеруден өткізбей, құжат берген адам мен көлік иесі 517 500 теңге айыппұл төлейді. Мұндай жемқорлық жүргізуші куәлігін алу кезінде де болды. Сондықтан Ішкі істер министрлігі құжатқа иелік ету тәртібін қатаңдатты. Енді түзетулердің екінші пакеті дайындалуда. Оған сәйкес, дайындық курсын аяқтау туралы және медициналық анықтамаларды электронды нысанға көшіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жүргізушілердің өзін-өзі даярлау мәселесінен бас тарту қаралып жатқан көрінеді. 

"Өкінішке қарай, бізде көлік жүргізу мәдениеті төмен. Жолдағы қозғалыс қауіпсіздігі жүйесіндегі жағдай да мәз емес. Бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдарды толық пайдалану мүмкін болмай отыр. Кей жерлерде жетіспей жатса, кей жерде мүлдем тапшы", – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов. 

Осылай деген Премьер-министр ведомства басшыларына бірқатар тапсырма берді. Ең әуелгісі "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қалааралық таксилерге талапты күшейту. Ал заң қатаңдатылып жатса да жолдағы жағдай оңалмай тұрған сияқты. Өйткені күні кеше ғана экектросамокатты тізгіндегендерге қатысты заң күшіне енді. Бірақ 3 күннің ішінде самокат соққан 3 адам көз жұмған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу