"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ мен "ForteBank" АҚ бірігіп жаңа бағдарлама әзірледі

1212

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ мен "ForteBank" АҚ бірігіп жаңа бағдарлама әзірледі

Экспорттық әлеуеті бар, ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпорындар бұдан былай ұзақ мерзімді және пайыздық мөлшерлемесі төмен қаражатқа қол жеткізе алады. Май өңдеу зауыттарын, ет комбинаттарын, етті бағыттағы құс фабрикаларын, құрама жем зауыттарын, жеміс-көкөніс қоймаларын, жылыжай кешендерін, тауарлық балық өндірісін, қарқынды бақтарды отырғызу және өзге де бағыттарды құру, кеңейту және жаңғырту бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыру – басымдыққа ие болып отыр, деп хабарлайды aikyn.kz.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында "аграрлық сектор қазақстандық экономиканың жаңа драйвері болуы тиіс" деген міндет жүктеді. Бұл бағыттағы негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде ауыл шаруашылық өнімін өндіруді әртараптандыру арқылы 2021 жылға қарай азық-түлік тауарлары экспортын 40 пайызға арттыру болып табылады.

Отандық ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер арасында бәсекелестікті арттыру, сондай-ақ өнім өндіруді және экспортты ұлғайту мақсатында "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ мен "ForteBank" АҚ бірігіп жаңа бағдарлама әзірледі. "Агроэкспорт" бағдарламасы экспортқа бағдарланған өндірісті жеңілдікпен несиелендіреді. Алғашқы келісім Талдықорған қаласында бекіді. Мұнда 31 шілде күні "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Алматы облысы бойынша филиал директоры Төлебай Меңдоразов пен "ForteBank" АҚ филиал директоры Азат Ғабдуллин меморандумға қол қойды. "Агроэкспорт" бағдарламасы бойынша қолжетімді қаржыны алуға үмітті шаруалар банктің қаладағы барлық бөлімшелеріне келе алады. Кейінірек, бағдарлама банк өкілдіктері бар барлық облыстарда жүзеге асырылмақ.

Кредитті негізгі құралдарды сатып алу, оның ішінде нысандарды жаңғырту; құрылыс-монтаждау жұмыстары, оның ішінде қайта құру; инвестициялық жобаны іске асыру барысында айналым қаражатын толтыру мақсатында алуға болады.

"Агроэкспорт" бағдарламасы арқылы отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне пайыздық мөлшерлемесі мүмкіндігінше төмендетілген, яғни соңғы қарыз алушыға 8 пайызбен (СЖТМ – жылдық 8,3% бастап) кредит беріледі. Бұған қоса, несие мерзімі барынша ұзартылған – 10 жылға дейін, ал жеңілдікті кезең 2 жылға дейін беріледі. Бағдарламаның негізгі талаптары – қаржылық жағдайының тұрақты, бизнес-жоспар мен кепіл мүліктің болуы, сондай-ақ жобаға өз қаражатының қатысуы 15%-дан кем болмауы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу