"Ақтөбе" футбол клубына ФИФА тарапынан санкция салынуы мүмкін

997

"Ақтөбе" футбол клубына ФИФА тарапынан санкция салынуы мүмкін

Неконың алдында "Ақтөбе" футбол клубының қарызы ұлғайып кеткен, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Жанкүйерлер ФИФА тарапынан клубқа тағы да санкция салынуы мүмкін деп алаңдап отыр. Алайда, "Ақтөбе" командасының жаңа иесі Самат Смақов футболшылармен келіссөз жүріп жатқанын айтты.

"Футболшыларға қарызды жабудың кестесін жібереміз. Олар кестені көріп, арыз-шағым тастамайтын болады. Қазақстандық ойыншылармен келісуге болады. Олардың барлығы мені таниды. Ал шетелдік ойыншылармен, әсіресе мен жеке танымайтын футболшылармен келіссөз жүргізу қиын", — дейді Самат Смақов.

Ақтөбелік команда Некоға қыруар қаражат қарыздар. Самат Смақов мұндай қарыздың ұлғаюын бұрынғы бас директор Дмитрий Васильевтен көріп отыр.

"Біз Некоға "Ақтөбе Жас" командасының екі бюджетімен бірдей сома қарызбыз. Бұл қарыз қайдан пайда болды? Басында ойыншы клубтан өтемақы ретінде үш айлық көлемінде ақша сұраған. Ол 2016 жылы болатын. Оны ешкім тыңдамады, ешкім елемеді. Неко тиісті органдарға шағым жазған. Бірақ ол шағымды ешкім көрмеген. Неко амалсыздан бір жалақыға келіседі деген оймен сол кездегі басшы ол шағымды сейфке тығып тастаған. Сол кезде дұрыс сөйлесіп, мәселені шешуге болатын еді. Ойыншы тағы да бірнеше шағым жазады. Ақырында клубтан ұпай алыну жайлы шешім 2017 жылы Мақсат Тюмалиев басқарып тұрған кезде келеді. Сосын барып сейфтен алғашқы қағазды тауып алады", — дейді Самат Смақов.

Еске сала кетейік, Данило Неко "Ақтөбе" футбол клубымен 2014 жылы келісімшартқа отырған. Ол жылына 800 мың еуро жалақы алып, "Ақтөбенің" сапында нәтижелі ойын көрсеткен. Бірақ келесі жылы ол қолын сындырып алса да, онымен келісімшарт екі жылға тағы да созылды. Дегенмен, 2015 жылы "Ақтөбе" клубы онымен келісімшартты біржақты бұзып тастады. Соған наразы Неко клубтан өтемақы талап еткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу