"Бәйтерек" жөндеуге жабылады

985

"Бәйтерек" жөндеуге жабылады

"Бәйтерек" монументін күрделі жөндеуден өткізуге 400 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржы оны бастан аяқ жөндеуге жұмсалмақ. Өйткені, ашылғалы жөндеу көрмеген "Бәйтеректің" шынылары шытынап кеткен. Ал, осы әйнектер бюджеттің миллиондарына тағы Италиядан алдырылмақ. Сондықтан Астананың басты символы қаңтар айынан бастап үш айға жабылатын болды. Бұл туралы дереккөзге сілтеме жасап Baq.kz хабарлайды.

Елордаға ат басын бұрған кез келген қонақ ең әуелі "Бәйтерекке" көтеріліп, Астананы аспаннан бақыламаса, көңілі көншімейді. Содан болар әйгілі монумент бас қаланың символы атанған. Бірақ, сол еліміздің бет-бейнесінің әбден тозығы жетіпті. Ашылғалы, яғни 14 жыл ішінде бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Әйнектері шытынап, қабырғалары көгерген. Тіпті, баспалдақтың ұстап шығуға арналған темірінің өзі скочтың көмегімен әрең тұр. Десе де, "Бәйтеректі" қызықтауға келген адамдар бұған аса мән беріп жатқан жоқ.

Астана әкімдігі мақтауы асырылған монументтің мүшкіл халде тұрғанын біледі. Енді "ЭКСПО" алдында соны қалыпқа келтіруге жанталасып жатыр. Өйткені, мұнда шетелден де туристердің ағылып келетіні анық. Сондықтан "Бәйтеректе" мін болмауы тиіс. Яғни, күрделі жөндеу жасап, еденін, есік-терезесін түгелдей ауыстырмақшы.

"Шардың шынылары ауыстырылады. Тозығы жеткен құрал саймандар ауыстырылады. Электрожабдықтар, жердегі мрамор ауыстырылады. Негізінде "Бәйтеректің" өзінде өзгеріс болмайды. Сол қалпында қалады. Тек ескіні жаңалау ғана", – дейді "Астана Бәйтерек" ЖШС бөлім басшысы Ахмет Батаев.

Жөндеу жұмыстарына әкімдік 400 миллион теңге бөлген. Бір айта кетерлігі, соның 150 миллионы тек шыныларды ауыстыруға ғана жұмсалады. Өйткені, әйнектер Италиядан тым қымбатқа сатып алынады екен.

Бірақ, осы бағалы шынылардың саршұнақ аяз бен қатты дауыл тұрып "Бәйтерек" шайқалған кезде қайта шытынап кетпейтініне кепілдік жоқ. Ал, биіктігі 97 метрлік монумент күрделі жөндеуге қаңтардың 10-нан кейін тура 3 айға жабылады. Сөйтіп, күн жылығанда көктемде бірақ ашылмақшы. Жөндеуден кейін қараңғы түскенде түрлі-түске боялатын "Бәйтеректің" түнгі декорациясы да өзгеруі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу