"Екібастұз-Шүлбі СЭС-Өскемен" желісінің жаңа бөлігі іске қосылды

2257

"Екібастұз-Шүлбі СЭС-Өскемен" желісінің жаңа бөлігі іске қосылды

Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында "Екібастұз-Шүлбі су электр станциясы-Өскемен" электр қуатын жеткізу желісінің Шығыс Қазақстандағы жаңа бөлігін іске қосуға рұқсат берді.

Жоба Шығыс Қазақстан облысын электр энергиясымен жабдықтау сенімділігіне, өңірдің экономикасының дамуына және жалпы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға ықпал етеді", – деп баяндады "KEGOC" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.

"KEGOC" АҚ жаңа желіні "Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік 500 кВ ӘЖ салу" (шығыс транзиті) ірі ауқымды инвестициялық жобасының бірінші кезеңі аясында салып шыққан. 500 кВ және 220 кВ электр қуатын жеткізетін 700 км желі, сондай-ақ 500 кВ "Семей" қосалқы станциясы (ҚС), 500 кВ "Өскемен" ҚС және 1150 кВ "Екібастұз" ҚС Қазақстанның шығыс өңірлеріне солтүстік электр көздерінен электр энергиясын жеткізуді қамтамасыз етпек.

Желілердің құрылысы 2014 жылы басталған, яғни, екі жыл бұрын "Жаңа индустрияландыру: 2014 жылдың І жартыжылдығының нәтижелері" үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жөніндегі Үкіметтің есебі аясында өткен республикалық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі тікелей бастап берген.

Құрылыстың екінші кезеңі – 500-220 кВ желілерінің құрылысын қарастыратын "500 кВ Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма салу" жобасы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

Компания өкілдерінің айтуынша, екінші кезеңнің жұмыстарын аяқтау Ұлттық электр торабының "Солтүстік-Оңтүстік" бағытындағы транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, теміржолдардың электрлендірілетін телімдерінің электр энергиясына деген қажеттілігін жабады, тау-кен өнеркәсібі нысандарының энергия сыйымдылығын қамтамасыз етеді, шекаралас аймақтар мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды.

Бұл – қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан "жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Сондай-ақ, елдің шығыс аймағының Қазақстанның біртұтас электр жүйесімен байланысын күшейте түседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу