"Туған жер" бағдарламасы аясында балалар үйіне 170 млн теңге аударылады

743

"Туған жер" бағдарламасы аясында балалар үйіне 170 млн теңге аударылады

Алматы әкімдігі мен қалалық білім басқармасы, "Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры" қоғамдық қоры және "Халық" қайырымдылық қоры" жеке қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында №1 балалар үйіне 170 млн теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетіледі, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

"Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры" қоғамдық қоры директорының орынбасары Ғайша Сыздықова жоба барысында спорт залы, тамақтану блогы қайта жасалатынын, ауланың айналасы абаттандырылатынын, компьютерлік жабдықтармен жарақтандырылатынын, ресурстық базаның жаңартылатынын айтты.

"Біз президент ұсынған "Туған жер" бағдарламасын алғашқылардың бірі болып жүзеге асыруды өзімізге борыш әрі құрмет санаймыз. Жергілікті билікпен, "Халық" қайырымдылық қорымен" бірлесе отырып, №1 балалар үйін түгелдей қайта жөндеуден өткізіп, жаңартамыз. Білім беру жүйесін жетілдіру, оны жоғары деңгейге көтеру үшін үлкен жұмыс жүрігізіледі. Ақпарат технологияларын меңгеру, мектептен тыс бағдарламалар бойынша сабақтар өтеді, түрлі шығармашылық үйірме ұйымдастырылады. Сонымен қатар, балалар үйі педагогтарының біліктілігін арттыру да қакрастырылған", – дейді Ғайша Сыздықова.

"Халық" қайырымдылық қоры" жеке қорының директоры Әсел Тынышбекова 3 жастан 18 жасқа дейінгі 109 бала тәрбиеленіп жатқан балалар үйінің білім беру, тәрбиелеу қызметін дамытуға, материалды техникалық жарақтандыруға және инфрақұрылымын дамытуға қор 170 млн теңге бөлетінін айтты.

Айта кетейік, "Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры" қоғамдық қоры президенттің жеке бастамасымен 1998 жылдың 15 желтоқсанында құрылған болатын. Қордың миссиясы – халықаралық стандарттарға сай Қазақстанның білім жүйесін дамытуға ықпал ету.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу