"7-20-25" ипотекасы екінші жартыжылдықта беріле бастайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8435

Жаңа бағдарлама арқылы баспаналы болудың талаптары белгілі болды.

"7-20-25" ипотекасы екінші жартыжылдықта беріле бастайды

Үкіметтің бүгінгі отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатына қатысқан Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасына қатысты ұйымдастырушылық жұмыстар аяқталмақ. Ал екінші жартыжылдықтан бастап банктер ипотека бере бастайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы компания құрылады. Үкімет отырысында бас қаржы реттеушісі Данияр Ақышев атап өткендей, жаңа компанияның капиталы Ұлттық банктің есебінен қалыптасады. Компания банктерден ипотекалық несиелерді сатып алады.

"Ипотекалық несиелердің алғашқы пулы жасалған бойда біз оның барлығын сатып аламыз. Бұл ретте, әр адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады. Мемлекеттік бағдарламаларда әскерилер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар және тағы басқа санаттар бар. Жаңа бағдарламада ондай категориялар болмайды. Біз заемдардың барлығымен жұмыс істейтін боламыз", – деді Олег Смоляков.

Данияр Ақышевтің орынбасарының айтуынша, жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшін құрылатын компания мен Қазақстанның ипотекалық компаниясының айырмашылығы бар. Соңғысы ипотекалық несиелерді субсидияласа, алғашқысы несиелерді сатып алады.

"7-20-25" бағдарламасының тиімділігін арттыру үшін "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту нормалары және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үй займдарын беру параметрлері қайта қаралады.

"Банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып, ипотекалық несиелерді секьюритилендіру тетігі қалпына келтірілмек. Яғни, ипотекалық несиелерді сатып алу үшін нарық талаптарына сәйкес қаражат тартатын болады. Құрылатын жаңа компанияны қаржы агенттігі ретінде тану керек. Жаңа бағдарлама әркімге жеңілдік шарттарын береді. Алайда бағдарлама масылдыққа жол бермеуге тиіс. Берілген несиелер толықтай қайтарылуы қажет", – деді Данияр Ақышев.

Бас банкирдің сөзінше, бағдарламаға ресми кірісі бар ел азаматтарының бәрі қатыса алады. Бастысы, төлем жасауға қабілетті болуы қажет. Бүгінде банктермен бағдарламаның шарттары пысықталуда.

"Мәселен, тұрғын үйдің бағасы 7 млн теңге болса, онда ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Бұл қазақстандықтар үшін қолайлы. Тұрғын үй құны әртүрлі болғандықтан, ірі қалалар мен өңірлер бойынша баспана құны сараланатын болады", – деді қаржылық реттеушінің басшысы.

Атап өтерлігі, бағдарламаның қазіргі өлшемдері әзірше жоба күйінде қалып отыр. Сондықтан мұның бәрі мемлекеттік органдармен және банктермен талқыланатын болады.

Президенттің бес бастамасының бірі – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бағыты 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ал тиісті іс-шаралар тамыз айында аяқталуы қажет.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, президент бастамасында қарастырылған 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық мамандыққа, 5 мыңы басқа мамандықтарға, 3 мыңы магистратураға және 1 мыңы PhD бағыттарына бөлінеді.

"Ұлттық бірыңғай тестілеу уақыты жақындап қалды. Қай мамандыққа қанша грант бөлінетіндігін, қай мамандыққа бәсекелестік жоғары екендігін білу маңызды. Сондықтан, гранттардың саны мамандық бойынша барлық министрлікпен алдын ала келісіп, жоба ретінде бір айдың ішінде жариялануы қажет. Әр министрлік 20 мың грант туралы нақты ұсынысты бір жетінің ішінде тапсыруы қажет", – деді Ерлан Сағадиев.

Сондай-ақ, министр студенттерге арналған жатақханалардың құрылысы туралы айтып берді. Оның айтуынша, жатақханалар оқу орның аумағына салынуы керек. Егер ол аумақтан қажетті жер табылмаса, әкімдіктен жер алуы қажет. Тіпті, болмаса жер сатып алынады. Бұдан кейін жатақхананың жобалық-сметалық құжаты дайындалуы керек.

"Университет немесе құрылыс компаниясы жатақхана салатын болса, онда ол пайдалануға берілген күннен бастап, белгілі кезең ішінде бір орын үшін ай сайын мемлекеттік субсидия төленіп отырады. Қазіргі уақытта алдын ала жоба ретінде бір жатын орынға жыл сайын орташа есеппен 200 мың теңге көлемінде 8 жыл бойы мемлекеттік субсидия төлеуді ұсынып отырмыз. Егер осы құрылысты мемлекеттік бюджеттен салсақ, 5 жылдың ішінде 225 млрд теңге жарататын боламыз. Ал ұсынылып отырған механизмге сәйкес, мемлекеттен тек қана 29 млрд теңге ғана жұмсалады", – деді Ерлан Сағадиев.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, облыс әкімдері жатақханаға қажетті жер телімдерін мамыр айында анықтауы керек. Жатақханаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салу ұсынылуда.

Тимур Сүлейменовтың сөзінше, шағын несие беруді көбейту бағыты бойынша шағын қаржы ұйымдарын кепілсіз негізде қаржыландыру тәсілдері әзірленбек. Аталған бағыт бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Өзгерістер қалалар мен ауылдық жерлерде шағын несие беруді ұлғайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталады.

Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру бағыты "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысына шоғырланған.

"Жобаны қаржыландыру схемалары мен шарттары маусым айына қарай айқындалатын болады. Еуропа қайта құру және даму банкі, Еуразия даму банкі және басқа да халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тарту жоспарлануда. Әкімдер маусым айында магистральдық газ құбыры желісі бойынша жер учаскелерін бөлетін болады", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, жобаның басталу салтанатының күні ағымдағы жылғы шілдесіне белгіленіп отыр. Ал газ құбырының құрылысын аяқтау келесі жылғы желтоқсанға жоспарланған.  

Жалпы, президенттің бес бастамасын жүзеге асыруға арналған жол картасы 35 іс-шарадан тұрады. Ол үшін 3 Кодекске, 12 заңға, үкіметтің 6 қаулысына және Ұлттық банк басқармасының 3 қаулысына өзгерістер енгізілмек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу