"Бағаны өсірсең, басың кетеді"

Әкімдердің саудагерлерді қыспаққа алатын осы сөзі қымбатшылықтан құтқармайды.

"Бағаны өсірсең, басың кетеді"

Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, 2018 жылдың қаңтар-шілде айларындағы инфляция көлемі 2,7%-ды  құраған.  Салдарынан елдегі азық-түлік бағасы - 2,5% -ға, құрылыс материалдарының құны - 4,2%-ға, автокөлік бағасы - 4,1%-ға,  ет, сүт өнімдері - 4,4%-ға қымбаттаған.

Үкімет пен Ұлттық банк қымбатшылықты ауыздықтауға қатысты бірқатар шараларды атқарып-ақ жатыр. Тіпті қымбатшылықпен күреске жергілікті әкімдер де атсалысуда. Өз кезегінде әкім-қаралар базар аралап, дүкендерге бас сұқты. Олардың араларында кәсіпкерлер мен саудагерлерге "бағаны өсірсең, басың кетеді" деп зілденгендері де болды.

Қаржыгер Жасұлан Мақсұтовтың айтуынша, алдағы уақытта бағаны күштеп тежеп тұруға әкімнің де, Ұлттық банктің де шамасы келмейді. Маманның пайымдауынша, бағаны қолдан ырықтандыру нарық заңына қайшы әрекет.

"Қазір шенеуніктердің басым бөлігі елдегі инфляцияны одан әрі шарықтатпау үшін бағаны тежеп ұстау қажеттігін айтып жүр. Нарықта тауар бағасын тежеп ұстау деген қағида жоқ. Бұлай болатын болса, отандық өнім өндірушілер шығынға ұшырайды. Қараңыз, сіз 10 жұмыртқаны 250 теңгеге алып, оны 257 теңгеге сатпайсыз ғой. Тауар бағасына 7 теңге қосу деген формула жоқ. Нарық заңы бойынша шығарған өнім өзін-өзі ақтап, өндірістік шығынды жабу үшін оған үстеме ақша қосылады. Осылай болғанда ғана кәсіпкер шығынын жауып, пайда көреді. Біздегі бағаны тежеп ұстау саясаты ақылға қонымсыз. Бұл үдеріс арқылы отандық өнім өндірушілерге салмақ салып отырмыз. Оларға импорттың экспансиясымен қатар "бағаны өсірсең, басың кетеді" деген сөз қысым көрсетіп тұр", – дейді Жасұлан Мақсұтов.

Қаржыгердің пікірін отандық өнім өндірушілер де қостап отыр. Кәсіпкер Ардақ Ыбырайовтың пікірінше, нарықтық экономикада тауар бағасын тежеп тұру өте қиын.

"Қазақстанда ақ қанттың бағасы жыл сайын өседі. Себебі Ресей мен Бразилияда құмшекердің құны құбылып тұрады. Шетелдіктермен серіктес болғандықтан, олардағы баға бізге де әсер етеді. Биыл жоғарыда аты аталған елдерде қанттың бағасы 137%-ға өсті. Қантты қымбат бағаға сатып алып, арзан бағаға сатсақ не болады? Күнбағыс майын да Ресейден қымбатқа сатып алып отырмыз. Бізде бағаны тежеп ұстау саясаты бар деп оны арзанға сатпаймыз ғой. Қазір барлық тауар қымбаттап жатыр. Үкімет осыны ескеруі тиіс", – дейді кәсіпкер.

Бұл мәселенің түп-тамыры қайда жатқанын экономист-ғалым Мырзахан Белгібаев былай түсіндірді: "Біріншіден, тауар бағасының өсуіне жемқорлық кері әсерін тигізіп тұр. Бұған кедендегі, жол үстіндегі және басқа да тексеру құрылымдарындағы заңсыз алымдарды жатқызуға болады. Кәсіпкерлер түрлі шығындарды тауар бағасын қымбаттату арқылы өтеп алуға тырысады. Екіншіден, бізде мемлекеттік монополия аз. Бұл ретте бірінші мұнай нарығының жекеменшік монополияға тәуелдігі ойлантуы тиіс. Мұнай өнімдерінің саудасы жеке топтардың қолында болғандықтан, бізде жанар-жағармай бағасы да арзандамай тұр. Ал жанар-жағармай қымбаттаса, барлық тауардың бағасы көтеріледі. Бізге ең әуелі осы мәселені шешкен абзал".

Оның сөзінше, табиғи газдың, жарықтың, судың жекеменшікке өтуі үшінші өзекті мәселе.

"Делдалдардың көп болуы бағаның шектен тыс шарықтауына жол беріп отыр. Газ тасымалдау инфрақұрылымы дамымағандықтан кейбір өндіріс орындары елімізге қымбат бағаға газ енгізеді. Сөйтеді де оның құнын тағы да шарықтатып сатады", – деді Мырзахан Белгібаев.

Экономист-ғалымның мәлімдеуінше, агросекторда бәсекенің төмен болуы төртінші мәселе.

"Бізде өнім сақтайтын қоймалар тапшы. Салдарынан жыл басынан бері ет пен сүт екі есе қымбаттады", – деді Мырзахан Белгібаев.

Маманның мәлімдеуінше, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кемшілік алға ілгерілеуге тосқауыл болып тұр.

"Тендердегі заңсыздық пен мемлекеттік кәсіпорындардың астыртын монополия құруы сонымен қатар тамыр-таныстық арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол салу сияқты келеңсіздік қылаң беруін қоймаса, алға жылжымаймыз", – деді Мырзахан Белгібаев.

Экономист-ғалым айтып отырғандай, осы бес бағыт бойынша бақылауды мықтасақ, әкімдер мен басқа да тиісті инстанциялар базар аралап, бағаны бұғалықтауға  тырыспайды.

"Біз тәжірибеге емес, теорияға көбірек иек артып отырмыз. Мысалы инфляцияны ауыздықтау үшін ағылшын ғалымы Фридмен Милтонның қағидасына жүгініп жүрміз. Фридмен Милтон: "Қымбатшылықты болдырмау үшін ақша массасын қысып, өндірістік емес саланы қолдау керек" дегенді алға тартады. Бізде үкімет қаржы саласын қолдау үшін екінші деңгейлі банктерге бір емес, бірнеше рет көмектесті. Оларды дағдарыстан алып шықты. Активтерін көбейту үшін бюджеттен қаржы бөлді. Бірақ нақты нәтиже болған жоқ. Бізге Фридмен Милтонның теориясын ұстану қажет емес. Қазір қаржы саласынан гөрі, отандық өнім өндірушілерді қолдаған тиімді. Импортқа тәуелділіктен құтылмай, қымбатшылықтың ауылынан алыстай алмаймыз. Жергілікті әкімдер мен монополияға қарсы мекемелер осы мәселені ескергені жөн", – деп түйді ойын Мырзахан Белгібаев.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу