"Бизнеспен айналысуға Қазақ елінің барша азаматы тең құқылы"

3126

Бұл мәселе Конституцияда айқын көрсетілген.

"Бизнеспен айналысуға Қазақ елінің барша азаматы тең құқылы" Фото: el.kz

Елде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, бизнес ашуға ниетті отандастарымызды толық кәсіби сервистік сүйемелдеу, күнделікті түрлі кедергіге жолығатын қатардағы кәсіп иелеріне сапалы қызмет көрсету қолға алынып келеді.

Жыл қорытындысына арналған сұхбатында кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов бизнес-ортаны қаржылық емес қолдаудың сан қырына тоқталды.

- Төлеміс Садықұлы, биыл  ұлттық палата шағын және орта бизнесті өркендетуде біраз игілікті істің басын қайырғаны белгілі. Шалғайдағы ауылдық мекендер қамтылып, шағын несиелер көптеп беріліп келеді...

- Расында осы жылы "Атамекен" палатасы өз алдына басым бағыттарды айқындап, соның аясында нақты іс-қимылдарды атқаруға тырысты. Маңызды міндеттер санатында сервистік қызмет көрсету аса өзекті кейпін аңғартады. Бұл тұста, кәсіпкерлік субъектілерін демеу барысында, мемлекет лайықты серіктестік танытып, қазына қаражатын тиімді игеруге күш салдық. Аталған бизнеске жәрдем шаралары үшінші жыл жүргізіліп келе жатқанымен, биыл алғаш бөгде ұйымдардың көмегінен бас тартып, кеңесші мамандарды тартқан райда толыққанды "Атамекен" әлеуетін кәдеге жараттық. Қазақстан аумағындағы 188 аудан түгел қамтылды. Нәтижесінде бүгінгі таңда табысты еңсерілген мақсат-мұраттардың ішінде сервистік қызмет көрсетуді сеніммен айтып өтуге болады. Жыл түйінінде 5 мыңнан астам жобаны сүйемелдеп шықтық. Бұл дегеніңіз, дербес бизнеспен айналысуға құштарлығы зор, алайда жоспары бұлыңғыр не мүлде жоқ жағдайда бізге жүгінген адамның "бизнес дегеніміз не?" деген қарапайым сұрағынан бастап, бизнес-жоспар әзірлеу, құжатты екінші деңгейлі банк алдында қорғау, ықтимал өнім жеткізуші яки сатып алушы жақты табу, тауарды өткізу сынды күрделі жайттарды жан-жақты саралап бердік.

- Қарапайым тілмен айтқанда, нарықтағы сәтті қызмет құпияларын аштыңыздар ғой?

- Жалпы сервистік қолдау мәні бухгалтерлік есеп, маркетинг, ІТ-технология, құқық пен заң, мемлекеттік сатып алуға қатысу, кедендік рәсімдеу, салық төлеу тәрізді сан алуан салада білікті дәрежеде құнды кеңес беруден тұрады. Осы орайда, биыл ұлттық экономика министрлігінің арнайы шарт аясында қойған тиімділік көрсеткіштері межесінен көрінуді, яғни 30 мың кәсіпкерлік нысанының табысын арттыруды көздедік. Бизнес-мектепте оқыту, мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру мен насихаттау, іскерлік байланыстар орнату, шетелден шеберлігі жоғары сарапшылар шақыру секілді барлық тармақты қосқанда, үкіметтен 2,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Негізгі 5 компоненттен тыс тындырылған әрекеттерді бұқараға жеткізу жөніндегі "Бизнес-насихат" жобасы жүзеге асты. Жоспарды артығымен орындағаннан бөлек, санмен бірге, сападан да ауытқымауды басты назарда ұстадық. Өзімізді үш көрсеткіш аясында бағаладық: бірінші қанша жобаны сүйемелдей алдық, екінші неше кәсіпкер нақты қаржыландырылды және үшіншісі құрылған жұмыс орындары саны мен төленген салық қарқыны екшелді. Әлбетте, соңғысының жемісі біртіндеп сезілетіні даусыз. Дегенмен, қазірдің өзінде бес мыңнан артық бизнесменді қолтығынан демеудің арқасында үш жарым мыңнан астам кәсіпкердің қолына қаржы тигенін, меншікті ісін бастағанын мәлімдей аламыз.

- Кәсіпкерлер қауымы мемлекет ұсынған көмектің бәрін қажет ете береді ме?

- Міне, дәл осы тұсқа айрықша көңіл бөліп, оңы мен солын, аражігін мұқият талдауға ден қойдық. Үкімет бастапқыда сервистік қолдауда 8 қызмет түрін тағайындағанымен, өткір сұранысқа ие түрлері де, керегі жоқ артық тұстары да жолықты. Мәселен, барша әріптесімізді заңгерлік, есеп-қисап көмек амалдары толғандырса, сапа менеджменті жүйесіне тек ірі кәсіпорындар зәру екендігін байыптадық. Содан кейбір қызмет тәсілдерін ауыстырып, олардың орнын рұқсат қағаздарын алу секілді мәселелер басты. Қызмет көрсету сипатын да заманауи кескінге өзгертуді қолға алдық. Ескі қағида бойынша ықтимал бизнес иесі кәсіпкерлерді қолдау орталығына немесе Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, кеңесшімен тілдесуі міндетті болатын. Мойындау керек, алыс елді мекендерде сауатты сарапшы жалдау қиын. Оның үстіне кейде кеңес сұраушылардың қарасы тым көп болып кетуі мүмкін. Сондықтан тілек білдірушілер мән-жайға қаныға алатындай онлайн құралды іске қостық. Бар мағлұмат молынан жүктелген, жиі қойылатын сұрақтарға іскерлік мазмұндағы жауаптар қоры түзілген "Атамекен-сервис" қосымшасын кез-келген ұялы телефоннан, планшеттен не компьютер бетінен қашықтықтан пайдалануға болады. Сол жерден қызметке өтінім жібере аласыз. Мұнда табысты банктер тәжірибесін зерделедік. Жедел желі де жұмыс істейді. Бұған қанағаттанбай, маманмен тікелей сұхбаттасқыңыз келсе, Палата филиалдарының есігі ашық. Онлайн байланыстың артықшылығы, жемқорлық қаупі азайып, компьютердің әр жағында білікті қызметкерлер жағдайды бақылап отырады. Келесі 2017 жылы әр аудандағы орталықпен бірге, ұтқыр қосымша арқылы да кәсіпкерлерді қолдауды жалғастырамыз. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, мемлекеттік қолдау жайлы халықтың небары 4 пайызы ғана біледі екен. "Атамекен-сервис" ақпаратқа қолжетімділікті жақсартып, бизнесті қолдау бағдарламаларының танымалдылығын жоғарылатпақ.

- Осындай мысалдар арқылы "Атамекен" палатасы тұрақты өрлеу жолына түсті десек бола ма?

- Кезінде КҰП жылдам ақпарат беретін "жедел жәрдем" рөлін атқарса, қазіргі кезде кері байланыс орнатудың арқасында іскерлік ахуалды тереңінен сараптап барып, өміршең мәселені биік мінберден көтеретін деңгейге жеттік. Үкіметтің тең серіктесі және сындарлы сұхбат алаңы ретінде қалыптастық. Болашақта бәсекелестік ортаға тиесілі кейбір мемлекеттік қызмет түрлері біртіндеп бізге беріліп, бизнес өзін-өзі реттейтін сатыға көтеріледі деп болжап отырмыз. Түркияны қарасақ, бизнес-қауымдастық жаңа әріптестерін өздері тіркеп, рұқсат, лицензия құжаттарын өздері табыстаумен шұғылданады. Шынтуайтында кәсіпкерлердің көңіл-күйін, не алаңдатынын, не керектігін осы саладағылардан артық ешкім түсінбейді. Мәселен, кәсіпкерлер арзан несие тағайындалған, өндіріс субсидияланатын, тегін инфрақұрылым тартып берілетін мемлекеттік бағдарламаларға дән риза. Бірақ өнімді өткізуде тығырыққа тіреліп жатады. Шаруа қожалығынан дүкен сөресіне жеткенше қаншама әуре-сарсаң күтіп тұр. Бұл мезетте іске Палата араласып, көтерме-тарату орталықтарын салуды, бағдарламаларға түзетулер енгізуді, шетелден сарапшы шақыртқанда бизнес өкілдерінің талап-тілегін ескеруді ұсынамыз. Мысалы осы жылы өңірлік филиалдар желісі арқылы ақпарат жинап, Канададан сұранысқа сай келетін серіктестер іздедік. Әрі қарай сарапшылар ат шалдырған кәсіпорындардың өнімділігін сүзгіден өткіземіз.

- Жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысандары көп ұзамай, жұмысын тоқтатып жататыны жиі естіледі. Бұған қатысты не айтасыз?

- Жоғарыда келтірілген қолдау шараларының нәтижесінде, қазіргі уақытта көзді ашып-жұмғанша қайта жабылып қалатын кәсіпкерлік қатары сиреді. Алайда кәсіп бастағысы келетін адамға бір ғана бизнеске қызығушылық аздық етеді. Табандылық пен ерік-жігер, ізденіс пен білім қажет. Сондықтан түрлі уақыт аралығында оқыту сабақтарын қолға алдық. Бұл курстарда келешек кәсіпкерді алда кездесетін қиындықтарға рухани дайындап, сара жолдың оңай болмайтынын санаға сіңіреміз. Толық кәсіби сүйемелдеудегі мақсат та осы, бастаған істі орта тұстан тастап кетпеуге септесу. Өйткені өндірісті қаржыландыру, тоқ пен су тарту, құрал-жабдық орнату, өнімді тиімді саудалау, логистика мен тасымал тәрізді толған кедергілермен кәсіпкерді жалғыз қалдыруға болмайды. Палата өкілдері "тонның ішкі бауындай" араласатындықтан, ірі бизнеске заңнамадағы өзгерістер қызық болса, орта кәсіпкерлікті қаржыға қолжетімділік пен өткізу нарығы, салық жүйесі мазалайтынын, шағын бизнесті аяғына тік тұрғанша демеп жіберу керектігін жақсы біледі. "Атамекеннің" орталық аппараты макроэкономикалық жағдайға шолу жасап, даму үлгісі мен негізгі трендтерді анықтаса, өңірлік палаталар шағын және орта бизнеске қызмет көрсетуден жалықпауы тиіс. Аудандық деңгейде "Бастау" жобасы арқылы бизнес-бапкердің белсенді атсалысуымен жұртты тұтастай кәсіпкерлікке ынталандыру көзделеді. Ағарту қадамдары арқылы жүректерде от жағып, оятқымыз, соны серпін сыйлағымыз келеді. Бәлкім, дұрыс жөн сілтесек, ауылдағы жеке кәсіппен қауышқан ағайын саны көбейер.

- Жаңа жылға жоспарлармен бөліссеңіз?

- Бір сырдың шетін шығарар болсам, үкімет жалпы елімізде кәсіпкерлер санын 500 мыңға арттыруға мүдделі. Не істеу керек? Жауабы белгілі. Кәсіпкерге қажеті: ақпарат пен кеңес, білім; сыбайлас жемқорлық пен әкімшілік бөгеттерден таза заң; қаражат; тауарды өткізу. Осының бәрін өте шебер түрде үйлестірген абзал. "Бастауда" халықты оқытып, білімін ұштасақ, келесі кезеңде бүгінгі кезде 6 өңірде шағын несиелеуді енгіздік. Заң баптарының оңтайланғаны өз алдына, ел ішінен экспортқа бет бұрдық. Оған Ресей өңірлерімен байланыс, "Қытайға экспорт" қозғалысы бастамалары дәлел. Тағы бір ескертер жайт, үкіметтің бұған дейін жұмыссыздықты қысқартуға бөлген ақшасын босқа желге шашуды доғарған жөн. Мысалы қолға тиген қаржыға той жасап, көлік алмай, нақты бизнес құру керек. Тіпті мал басын өсіргеннің өзінде, пайда әкелмесе, қарызды қайтару қиынға соғады. "Атамекен" болса, сұрап отырған 10 млрд теңге берілсе, кәсіпкерлер палаталарындағы өңірлік кеңестер, шағын несие ұйымдары, оқыту іспетті тетіктерді іске қосар еді. "Бастау" бойынша 1,2 млрд теңгенің келісімі бар. "Бизнестің жол картасы" бағдарламасында екі қызмет мазмұны түрленді. Жаңа жылдан бастап оқу курстары кем дегенде 1 айға созылатын болды.

Ойымды қорытар болсам, Ата заңымыз – Конституцияда Қазақстан азаматтарының құқы тең екені анық жазылған. Сондықтан кез-келген азамат бизнеспен айналысуға құқылы. Қателескен, сүрініп жығылып, қайта сапарын жалғастырған жастармен ұдайы сөйлесіп отырамын. Жігерлерін құм қылып, қиындыққа мойымай, белгілі бір кіріспен өздерін, отбасыларын асырап отыр. Демек, жарқын күндер әлі алда!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу