Таяуда көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов телеэфирлердің бірінде "қазіргі қазақтар ұлттық кодынан айырылып қалған" деп күйінді. Онысы жөні бар сөз болмаса, осы күні біз жөргегімізден безінуші ме едік? Мысалы санасында ұлттық коды жаңғырып тұрған ата-бабаларымыз қандай еді? Аядай ғана киіз үйде шүпірлеген бала-шағасымен шүйіркелесіп отырушы еді ғой! Ал ХХІ ғасырдың желөкпелері кең дүниеге сыймай жүр. Отыздан асса да ой-өрісі кемшін соғып жататын қыз-жігіттердің некеге немқұрайлы қарамайтыны – некен-саяқ.
Ақпаратты алыстан алмай-ақ, өткен 2016 жылдың қорытынды статистикасына қарасақ, елімізде 140 мың 840 неке тіркелген. Өкінішке қарай, сол бір жылдың ішінде ажырасу салдарынан 51 мың 775 отбасының шаңырағы шайқалыпты. Тарқатып айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында 21 мың 344 неке қиылып, 5 мың 67 жұп ажырасып кеткен. Жалғыз ол емес, некелесуден гөрі ажырасу саны бойынша Алматы (5 мың 963 неке), Алматы облысы (5 мың 137 неке), Қарағанды облысы (5 мың 55 неке) және ШҚО (4 мың 859 неке) өңірлері де алдыңғы орында тұр. Бұндай сорақы статистика бірнеше жылдан бері жақсармаған.
Ажырасудың түбі жарты отбасындағы бала психологиясының бұзылуымен қатар, оған "қашқын әкесінің" алимент төлемей сорлатып қоятынына алып келетіні айқын. Былтырғы дерекке тағы бір сүйенсек, жеке және мемлекеттік сот орындаушылардың өндірісінде алиментке қатысты 191 мың сот актісі жатқан көрінеді. Ал ел бойынша күн сайын 1 мыңнан, жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді десек, олардың қаншасын "тірі жетім" етіп жүргенімізді есептеудің өзі күнә сияқты. Бірақ біздің біраз бауыр күнәдан қорқып, кінәсін мойындамақ емес. Жеке басын ақтап, жұрттың бәрін даттауға әуес. Шеттерінен білгіш...
Сонымен бүгінгі тақырыбымыз – алимент мәселесі. Бұл тұрғыда, яғни балалар алиментін өндіріп алу бойынша Қазақстан 32 мемлекетпен және Еуропалық Одақпен ынтымақтаспақ. Таяуда ғана сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында әділет вице-министрі Эльвира Азимова осылай деді. Жеткен жеріміз осы болса, құзырлы органдар одан басқа қандай амал ұсынсын енді?!
Мәселен биыл Астанада "Балаңды есіңе ал! Алимент төле!" жобасы аясында борышкерлерге жалақысы 100-200 мың теңге аралығында болатын жұмыс ұсынылды. Бұл бастаманы астаналық құрылыс компаниялары қолдап, алимент төлемей жүрген 700 адамды жұмысқа алуды көздеп отыр. Тіпті ондайларды жұмысқа қабылдау тәртібі басталып та қойыпты. Қазірдің өзінде 300-ден астам борышкер жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ тағы 9 адам соған қажетті құжаттарды жинап жатса, 10 жігіт компаниялардың жауабын күтуде.
Қала әкімдігі осылайша алимент төлемейтіндердің санын азайтамыз деген сенімде. Ал әділет министрлігі мен бас прокуратура өкілдері егер борышкер мемлекет тауып беріп жатқан жұмысты істеуге көнбесе, үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталып кетуі де мүмкін екенін ескертіп отыр. Әсіресе ҚР президентi жанындағы әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арналған кеңейтiлген отырысында бас прокурор жақсы айтты.
"Сүйдiм-күйдiм" деген екi жас көп ойланбай үйленедi. Басында бәрi тамаша. Кейiн бір-бірінен көңiлдерi қалып, дау-жанжалға, тiптi қол жұмсауға дейін барады. Арты – сот, балалар бөлiнедi, құдалар ажырайды, мүлiкке таласады. Ажырасу жағынан Қазақстан алғашқы жағымсыз ондықтың iшiнде. Оған басты себеп, отбасы деген не, бақытты отбасының құпиясы неде екенiн жастар бiле бермейдi. Сондықтан үйленемiн деушiлерге арналған мiндеттi курс болуы керек. Одан өтпесе, неке болмауы керек. Бұндай тәжiрибе Сауд Арабиясы, Малайзия, Италия, Латвия сынды көптеген елдерде бар, – дедi Жақып Асанов.
Бұл мәселеде еліміздің ішкі істер министрлігі де бейтараптық танытып отырған жоқ, әрине. Мәселен балалардың құқығын өз еркімен ажырасу арқылы таптап жүргендердің жөні бір бөлек десек, тікелей ішкі істер органдарының қызметкерлері араласпа, шешіле қоймайтын түйінді түйткілдер тағы бар.
"Полицияның өтінімімен жыл сайын соттар мыңға жуық ата-ананы балаларын тәрбиелеу құқығынан айырады. Осы арқылы әлеуметтік жетімдіктің деңгейі жасанды жолмен артып отыр, – дейді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Енді ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде полицияның профилактикалық есебіне 12 мыңнан астам тұрмысы нашар немесе бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған отбасы алынған. Оларда 16 мыңнан астам бала тұрып жатыр.
"Өткен жылы бала тәрбиесі міндеттемелерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 5,5 мыңнан астам ата-ана тартылды. Балаларға қатал қараудың 44 фактісі анықталып, мыңнан астам адам ата-ана құқығынан айырылды. Шын мәнінде, олардың барлығы полицияның ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік қызметтер мен қоғамдастықтың назарында болуы тиіс. Әрине, полицияда тұрмысы нашар немесе бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған отбасыларға ықпал етудің тиісті тетіктері бар. Бірақ олардың барлығы тек репрессивті сипатқа ие, – дейді ішкі істер министрі.
Сонымен, жоғарыда келтірген құқық қорғау органдары басшыларының мәлімдемелерінен түйетініміз – алимент төлеуден қашқаныңша, ажыраспағаның артық; ал ажыраспас үшін бойдақ кезде жар таңдаудан қателеспеуің керек. Әйтпесе, барлық аймақтардағы Әділет департаменті ғимаратындағы жұмыс тобы күн сайын тұрғындарды қабылдап, борышкерлердің мекен-жайлары бойынша рейд жүргізеді. Сөйтіп, қарызын төлеуден жалтарып жүргендерді іздестіру шаралары ұйымдастырылады. Басқасын айтпағанның өзінде, биыл елордалық борышкерлерден 23 миллион теңгеден астам қаржы өндіріп алынып, кәмелеттік жасқа толмаған балаларына берілген. Қалған 45 "қашқын әке" әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр.
Еркеғали Бейсенов