Елімізде учаскелік полиция пункттері жетпейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3950

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов үкімет отырысында саладағы проблемаларды тізіп шықты.

Елімізде учаскелік полиция пункттері жетпейді Фото: zakon.kz

Министрдің сөзінше, жергілікті полиция қызметі іске қосылғалы қылмыстық көрсеткіштер едәуір төмендеген. Тонау, ұрлық, бұзақылық, зорлық-зомбылық саны азайған. Сондай-ақ, бұрын сотталғандардың, кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыс жасауы да сирепті. Дегенмен салада кемшілік жетерлік.

Министр атап өткендей, жол-патрульдік полицияның кадрлық жағдайын жақсарту үшін шаралар қабылдануда. Осы орайда, сержанттарды офицерлік лауазымға ауыстыру кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазір үш мыңнан астам қызметкер офицер лауазымына ауыстырылған. Бірақ бірқатар өңірде аталған жұмыс толық атқарылмаған.

"Бұл жұмыс тек үш өңірде, яғни Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында толық аяқталды. Сержанттарды офицерлік лауазымға ауыстыру 7 өңірде, атап айтқанда Астана қаласында, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында жартылай жүргізілген. Қалған өңірлерде бұл мақсатқа әзірше қаражат бөлінген жоқ. Әкімдер осы проблемаға назар аударуы керек. Мәселені шешу полиция қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуге және кадр сапасын жақсартуға  мүмкіндік береді", – деді Қалмұханбет Қасымов үкімет отырысында.

Министр жергілікті полиция қызметінің бөлімшелерін материалдық-техникалық жағдайы айтарлықтай жақсарғанын айта келіп, әкімдерге тың ұсыныс айтты. Ол облыс орталықтарында, үлкен қалаларда полиция бөлімшелерінің қызметкерлеріне отбасылық үлгідегі жатақхана салу керек деп есептейді. Министр Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін мысалға келтірді. Аталған өңірде екі жылда бір жатақхана пайдалануға берілген. Сондай-ақ екінші жатақхананың құрылысы басталған.

"Әкімдіктер тарапынан қолдауды қажет ететін бірқатар мәселе бар. Біріншісі – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Әкімдіктер бұл қызметтің әлеуетін әзірге жеткілікті деңгейде пайдаланып жатқан жоқ. Ұрлықтың алдын алу жұмыстарына жергілікті органдар, ұйымдар мен мекемелер, қоғамдық құрылымдар және тұрғындар да атсалысуы қажет", – деп есептейді министр.

Өңірлерде профилактика жүйесі тиісті деңгейде қолға алынбаған. Ал профилактика – қылмысқа қарсы күрестің басты бағыты.

"Облыстарда қылмыстар көбінесе тұрмыста, масаң күйде, бұрын қылмыс жасаған адамдар тарапынан орын алады. Жалпы ел бойынша отбасылық-тұрмыстық бағыттағы қылмыс саны 46%-ға өсті. Мәселен, Шығыс Қазақстанда 3 есе, Түркістанда 2,5 есе артты. Батыс Қазақстанда – 83%-ға, Қарағандыда – 40%-ға, Қостанайда 28%-ға  ұлғайды. Масаң күйде жасалған қылмыстардың саны екі өңірде, Астана қаласында 22%-ға және Маңғыстау облысында 15%-ға өскен. Ал ел бойынша бұрын сотталған адамдардың жасаған қылмыстары қысқарып келеді. Дегенмен, биыл бұрын сотталғандар 4 мыңнан астам қылмыс жасады", – деді Қалмұханбет Қасымов.

Бұл ретте, бірқатар қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүргізу учаскелік полиция инспекторларының міндетіне жатады. Алайда соңғы уақытта қылмыстың алдын алуда олардың рөлі төмендеп барады.

"Учаскелік полиция инспекторларының маскүнемдікпен, алкоголизм профилактикасы бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарының нәтижесі байқалмайды. Ауыр қылмыстардың шамамен 60-70%-ы көбінесе тұрмыстық салада маскүнемдер тарапынан жасалады. Қазіргі уақытта 70 мыңға жуық маскүнем полиция және денсаулық сақтау орындарының бақылауында тұр", – деді министр.

Елімізде медициналық сауықтыру және алкоголизмнен емдеу орталықтары жетіспейді. Өткен жылы мұндай ұйымдарға 5 300 адам жіберілген.

"Соның бір мыңнан астамы емдеуден өтпеген. Себебі төсек-орын жетіспейді. Учаскелік инспекторлар қолайсыз отбасылармен нақты жұмыс жүргізбейді. Осыған байланысты бұл салада ауыр қылмыс азаймай тұр. Әрине, учаскелік инспекторлардың қызметінде кемшіліктер бар. Бірақ, олардың барлығына бірдей жұмыс жағдайы жасалмаған. Мәселен, бүгінде учаскелік полиция пункттері жеткіліксіз. Қосымша 440 пункт салу керек. Ал 1 500 пунктті күрделі жөндеуден өткізу қажет", – дейді Қалмұханбет Қасымов.

Министр атап өткен негізгі мәселенің бірі – ұрлықтың алдын алу. Ұрлықтың үлесі әрбір өңірдегі жалпы қылмыстың 60-70%-ын құрайды. Пәтер, мал, автокөлік, ұялы телефон ұрлығы тыйылар емес.

Екінші мәселе – жасөспірімдер қылмысының алдын алу. Министрдің сөзінше, мектептегі инспекторлар тәжірибесін дамыту қажет. Қазір мектептерде 2 178 инспектор қызмет көрсетуде. Олар мектеп әкімшілігімен, ата-аналар комиттімен күнделікті жұмыс істейді. Қосымша тағы 1 900-ден астам қызметкер қажет. Бұл жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, маскүнемдіктің, нашақорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.  

Деректерге сүйенсек, жыл басынан бері балалар 1 900 қылмыс жасаған.  Оның ішінде 13-і – кісі өлтіру, 278-і – тонау, 46-сы – денсаулыққа ауыр зиян келтіру, 102-сі – бұзақылық, 1 мыңнан астамы – ұрлық. Бұлардың көбін мектеп, гимназия, лицей оқушылары жасаған.

"Балалар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін кәмелетке толмаған қылмыскерлерді арнайы мектепке жіберген дұрыс. Ел бойынша 500-ден астам баланы арнайы мектепке жіберу қажет. Алайда, олар әлі де болса  тұрғылықты жері бойынша білім алуда. Бұл, әрине, айналасындағы адамдардың наразылығын тудырады. Сондай-ақ бұл жағдай мұндай балалардың жазасыз қалуына жол береді. Қазір жергілікті полицияның профилактикалық бақылауында 10 мыңнан астам осындай жасөспірім бар. Сондай-ақ 12 мыңнан астам қолайсыз отбасы бақылауға алынған. Аталған отбасыларда 16 мың бала тәрибеленіп жатыр", – деді Қалмұханбет Қасымов.

Әкімдіктер назар аударуы тиіс мәселенің бірі – қоғамдық тәртіпті сақтау. Министр атап өткендей, қазір қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнебақылау жүйелері маңызға ие. Бүгінде шамамен 6 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның бәрі Жедел басқару орталықтарына тікелей қосылған. Олардың көмегімен 288 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 2 074 қылмыс ашылған.

"Өңірлерде "Қауіпсіз аула" жобасы ойдағыдай іске асырылуда. Осы жоба аясында 67 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Биыл олардың көмегімен үйлердің ауласында 1,5 мыңнан астам қылмыс ашылды. 212 мыңнан астам тәртіп бұзушылық анықталды. Қабылданып жатқан шаралар жалпы көше қылмысын азайтып, ұсақ тәртіп бұзушылықтарды жылдам анықтауға жол ашуда", – деді Қалмұханбет Қасымов. 

Министр атаған төртінші мәселе – жол қауіпсіздігі. Оның айтуынша, жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісін жазып алатын автоматты жүйелерді көбірек енгізу қажет. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде 400 жол қиылысын және 300 желілік жол учаскесін "Сергек" жүйесінің фото-бейнетіркеу камераларымен жабдықтау жұмыстары басталған. Жыл басынан бері олар 260 мың әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеген. Бюджетке 740 млн теңгеден астам айыппұл өндіріліп алыныпты.

"Соның нәтижесінде Астана қаласындағы жол-көлік оқиғаларының саны 20%-ға, қайтыс болғандар саны 50%-ға және жарақат алғандар саны 21%-ға азайды. Тиісінше, жол қозғалысын бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер саны қысқарды. Жақын арада осыған ұқсас жобаларды Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында іске асыру жоспарланған", – деді ішкі істер министрі.

Еске сала кетейік, жергілікті полиция қызметі 2016 жылғы 1 қаңтарда өз жұмысын бастаған болатын. Оны құрудағы мақсат – жаңа қызметтің жергілікті қауымға есеп беруін қамтамасыз ету және халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Жергілікті полицияның міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрмыстық қылмыстармен күресу, жол қауіпсіздігі, ұсақ қылмыстарға қатысты "нөлдік төзімділікті" қамтамасыз ету.

Жалпы саны 25 мыңды құрайтын жергілікті полицияға учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы біріктірілген. Осы жылдың 12 шілдесінде органдар қызметін жетілдіруге бағытталған заңдардың бірі қабылданды.

"Заңға сәйкес, ішкі істер департаменттері полиция департаменттері болып қайта құрылды. Ал жергілікті полиция қызметі құрылымдық бөлімше ретінде аталған департаменттің құрамына енді. Бұл ретте, облыс әкімдері ішкі істер министрінің ұсынысы бойынша полиция департаменттерінің бастықтарын қызметіне тағайындап, босата алады. Оларға осындай өкілеттік берілген", – деді ішкі істер министрі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу