Қаржы пирамидаларын құруға байланысты істі тергеу туралы брифингте Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов аты шулы "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный заем" және "ЕSTATE Ломбард" ісіне тоқталды.
Жәбірленушілерден аталған үш компанияға қатысты 17 мың арыз түскен. Ең сорақысы үш компания да қолындағы барын салған аңқау халықты сан соқтырып кеткен. Келтірген шығынының жалпы сомасы 22 млрд теңге деп бағалануда.
"Бұл ұйымдардың басшыларына қатысты 32 қылмыстық іс қозғалып, 51 күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Бұған қоса 7 адам іздестірілуде. 3 күдікті жедел із кесу барысында Молдова Республикасы, Ресей мен Қызғызстаннан тұтқындалып, арнайы Ұлттық гвардияның бортымен елге жеткізілді. Тергеу амалдары жалғасуда", – деді Тергеу департаментінің басшысы.
Бұған қоса күдіктілерден 70 млн теңге қолма қол ақша табылған. 2 млрд теңгеге мүлік анықталып, тәркіленді. Оның ішінде пәтерлер, жер учаскелері мен қымбат көліктер де бар. Мұның барлығын жәбірленушілерге қайтару шаралары сотта қарастырылмақ. Осы орайда Санжар Әділов қаржы пирамидаларының ресми қаржы ұйымдарына еш қатысы жоғын ескертті.
"Оларда депозитерді қабылдайтын арнайы рұқсат та, арнайы шот та жоқ. Қазіргі кезде қаржы пирамидаларының бірнеше түрі бар. Ол ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыру, қысқа мерзімді жобаларды қаржыландыру, заңсыз істі жасыру үшін желілік маркетингті пайдалану, жылжымайтын мүлікті және бағалы көліктерді алу арқылы ақша жинауға көмектесу, арнайы клубтарға мүше болу сынды. Азаматтарымыз мұндай ұйымдарға өз еріктерімен мүше болады. Ол ешқандай құқықтық құжаттармен бекітілмейді. Демек, ақшаңыздың қайтарылатынына кепілдік берілмейді. Осыны есте ұстау керек", – деп түйіндеді Тергеу департаментінің басшысы.
Елімізде жыл басынан бері қаржы пирамидаларына қатысты 217 қылмыс тіркелді. Оның 116-сы сотқа жіберілді. Бұл істер бойынша 79 адам күдікке ілікті. Қазіргі кезде ІІМ Тергеу департаменті қаржы пирамидаларына қатысты 13 қылмыстық істі тергеуде.
Құралай Құдайберген