"Инспекторларға шабуылдаған қылмыскерлер қысқа мерзімде анықталады"

3118

Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин кейінгі кездегі дүбірі жер жарған, қазір ел аузында жүрген ірі қылмыстық істер бойынша журналистерге айтып берді.

"Инспекторларға шабуылдаған қылмыскерлер қысқа мерзімде анықталады" Фото: Оспан Әли

– Андрей Иванович, осы қаңтар айында Мәскеу қалалық соты Ресей бас прокуратурасының RBK Bank басқарма төрағасының бұрынғы кеңесшісі, 80 миллион долларды ұрлаған деген айып тағылып отырған Жомарт Ертаевты Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсыру туралы шешімін заңды деп тапқаны мәлім. Содан бері бірнеше күн өтті, іс қаншалықты ілгеріледі?

– Сот оны Мәскеуде тұтқынға алу туралы шешім шығарды. Оның адвокаттары қарсы шағым түсірді. Алайда алдыңғы күні Мәскеу қалалық соты оны қолдаудан бас тартып, кері қайтарып тастады. Яғни, Ертаев қамауда қала береді.

Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, Ертаев мырза өзін Қазақстанға беру туралы шешімге қарсы енді Ресей жоғарғы сотына шағым түсіруге құқылы. Бұған оның небары он тәулігі бар.

Осы аралықта шағымданып үлгермесе, шешім жүзеге асырылады. Яғни, ол біздің құқық қорғау органдарына беріледі.

Ресей жоғарғы сотынан оның қарсы шағым бергені туралы ақпарат әзірге түскен жоқ.

– Өткен жылдың қарашасында Жамбыл облысының қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты 2004 жылы "БанкТұранӘлемнің" басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастыруға айыпты деп танып, Мұхтар Әбіләзовты өмір-бойға бас бостандығынан айырды. Оны қайтару бойынша шаралар қабылданып жатыр ма? Бірер жыл бұрын оның Швейцарияны паналағаны туралы хабарланғаны мәлім.

– Бұл істер бойынша "мерзімнің өтіп кетуі" деген жоқ. Мерзімі еш шектелмеген. Барлық шаралар жалғасуда. Бұл адамдар бірінші кезекте Қазақстанның заңнамасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Сотталған және іздеудегі адамдарды ұстап беру туралы Қазақстан мен Швейцария арасында екіжақты келісім жоқ. Қазіргі кезде еліміз құқықтық көмек көрсету, сотталғандарды беру секілді әртүрлі екіжақты келісімдерді 19 мемлекетпен арада бекітті. Бүгінде бас прокуратура осындай келісімдерді Куба, Македония және басқа да мемлекеттермен бірге қол қоюға дайындауда.

Бірақ мұның сыртында Қазақстан осы саладағы халықаралық конвенцияға қосылуда. Демек, оған мүше барлық елдермен арамызда қылмыскерлерді ұстап беруге жол ашылады. Бұдан бөлек, өзара көмек аясында да осы іс жүзеге асырылады. Көптеген еуропалық елдермен бұған дейін де бір-бірімізге өзара құқықтық көмек көрсетіп, қылмыскерлерді беріп келгенбіз.

Әбіләзовты Қазақстанға жеткізу бойынша мүмкіндік бар. Сондықтан бұл бағытта құзырлы органдар тиісті жұмыстарды жүргізілуде.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі 13 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жабайы аңдар мен ақбөкендерді қорғау жөніндегі іс-шаралар барысында "Охотзоопром" қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасалғанын жариялады. АШМ дерегінше, браконьерлер тобындағы қаруланған үш адам инспекторларды аяусыз соққыға жыққан. Кейін оның бірі Ерлан Нұрғалиев ес-түссіз жағдайда, ауруханада қаза тапты. Бұл "Охотзоопром" инспекторларына бір жыл ішіндегі бесінші шабуыл деген ақпарат бар...

– Бұл суыт оқиғаны Қазақстанның бас прокуроры жеке бақылауына алды. Полиция департаменті тиісті жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Оның аясында осы аса ауыр қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталады.

Бұған қоса, ішкі істер министрлігінің орталық аппараты қызметкерлерінің арнайы тобы Қарағанды облысына аттанды. Олар жергілікті ішкі істер департаментіндегі әріптестеріне тергеуге, зерттеуге көмек көрсетеді. Біз бұл қылмыстық іс қысқа мерзім ішінде ашылатынына сенімдіміз. Қолын қалға малған қылмыскерлер әшкереленеді және қамауға алынады.

– Оларды қандай жаза күтеді?

– Бұл тергеу барысында анықталады. Бірақ бір анығы, қылмыс адам өліміне ұшыратқандықтан, бұл сол азаматтың туған-туыстары, ортасы үшін апатпен бірдей. Демек, қылмыс тиісті квалификациялауға ие болады.

– Қоғамда бұл іске билігі, үлкен дәулеті бар мықтылар қатысты болуы мүмкін деген әңгіме айтылуда, өйткені заңсыз аң аулаушылар автоматтар асынып, нөмірлері жоқ күміс және ақ түсті "Toyota Land Cruiser" маркалы жол талғамайтын қымбат көліктермен жүрген...

– Тағы да қадап айтамын: бұл істі бас прокурор, ішкі істер министрі жеке бақылауларына алды. Ол қылмысты кім жасаса да, шен-шекпеніне қарамастан, қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Қылмыстық кодекске сәйкес лайықты, ауыр жазасын алады.

– Қауіпсіздік кеңесіндегі отырыста монополистердің тарифтерді негізсіз көтеру жолымен халықтың ондаған миллиард қаржысын жымқырғаны туралы деректі бас прокуратура жария етті. Содан бері әлдебір жауапты тұлғалар, жылу, жарық алпауыттарының басшылары қылмыстық жазаға тартылды ма?

– Бүгінде жергілікті атқарушы органдар көптеген өңірде монополистер тарифтерінің, бірінші кезекте, жылу, электр энергиясы құнының төмендетілгені туралы баяндады. Осы қаңтар айы ақталған соң, біздің азаматтар төмендетілген өтемақылық тарифі бар төлем қағаздарын ала бастайды деген сенімдеміз.

Қалған өңірлер бойынша шешімдер қазір де қабылдануда. Бас прокуратура мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды жалғастыруда. Ол орындалып болғаннан кейін еліміздің барлық өңірлерінде коммуналдық қызметтер құны төмендейді.

Дегенмен, монополистерге қатысты жұмыстар жалғасуда. Тергеуге дейінгі талдаулар жүргізілуде. Әзірге осы мәселе бойынша қандай да бір тұлғаға қатысты қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпаратымыз жоқ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу