2018-2020 жылдар аралығында жекешелендірілуі тиіс нысандардың 90%-ы - коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер. Олардың қатарында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы сатуға шығаруды жоспарлап отырған 27 кәсіпорын, "Қазақфильм" киностудиясы, денсаулық сақтау және халықты жылумен қамту нысандары бар.
Жеке меншікке өтетін мекемелер үш санатқа бөлінген. Алғашқысы - пайдасынан зияны көп активтер. Екіншісі - әлеуметтік маңызы зор нысандар. Үшіншісі - "ҚазМұнайГаз" сатуға шығаратын кәсіпорындар.
Соңғы санаттағылар кез келген инвестор үшін майлы жілік болып табылады.
"Осы үш санаттың ішінде алғашқы екеуі тәуекелі мол топқа жатады. Оларды екінің бірі сатып ала қоймайды. Ал соңғы санаттағы кәсіпорындардың акциясы компанияның басшылары мен акционерлерінен артылмауы мүмкін. Бұдан бөлек біз Еуразиялық экономикалық кеңістіктеміз. Одаққа мүше елдердегі қалталылардың да жекешелендіру науқанына қатысуға құқы бар. Алғашқы жекешелендірумен салыстырғанда бұл жолы үшінші санаттан үлес алуға ұмтылатындардың қарасы көп болады деп болжап отырмыз" – деді сарапшы Сергей Кисилев.
Оның сөзінше, мемлекет меншігіндегі үлесті кәсіпкерлермен бөлісуге дайын.
"2016 жылы сол кездегі ұлттық экономика министрі экономикадағы мемлекеттің үлесі 2020 жылға қарай 20 пайызға қысқаратынын айтты. Арада ай өткенде премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бұл көрсеткішті 15 пайызға түсірді. Менің ойымша, үкімет пайыздық көрсеткішті нақтылағанмен дәл қазір қай секторға басымдық беретіні туралы шешімге келген жоқ.
Отандық бизнес өкілдерінің әлеуметтік маңызы бар нысандарды сатып алуға дайын емес екенін үкімет жақсы біледі. Жылу мекемелерін Белгияның "Трактабеліне" беріп, аузы күйіп қалған үкімет бұл жолы медициналық клиникаларды шетелдіктердің басқаруына ұсыну арқылы үлкен тәуекелге барып отыр", – деді Сергей Киселев.
Ал экономист Мағбат Спанов үкімет мемлекеттік нысандарды бірнеше бағыт бойынша сатуды ойластырып қойғанын алға тартты.
"Жекешелендірудің алғашқы толқынында үкімет қазынға түсетін түсімге мән бермеді. Ашығын айтқанда, үкімет мемлекет меншігіндегі мүлікті сатқаннан түсетін қаржыға мұқтаж болған жоқ. Тек қана мемлекет меншігін азайтып, ұлттық капиталды қалыптастыруды ғана көздеді.
Екінші науқанның салмағын алғашқымен салыстыруға болмайды. Қазақстан әлеуметтік бағытқа басымдық беретін мемлекет. Біз барлық саланы нарық заңына сеніп тапсыруға дайын емеспіз. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар нысандарды сатуға келгенде жақсылап ойланған жөн", – деді Мағбат Спанов.
Жасыратын жоқ, үкімет он ойланып, тоқсан толғанып отырғысы келмейді. Қазір үкіметтегілер 2018-2020 жылдар аралығында сатылуға қойылған нысандардың жаңа иелерін табуға жанталасып жатыр.
Экономист Константин Смирнов жекешелендіру нәтижесінде бәсекелестік пайда болатынын, бюджетке түсетін салмақ азаятынын, капитал көзі әртараптандырылатынын және қор нарығы дамитынын айтып отыр.
"Осы бағытта атқарылып жатқан істе кемшілік те жоқ емес. Мәселен жекешелендірілген нысандардың кімнің қолына өткені туралы ешкім, ештеңе білмейді. Стратегиялық маңызы бар ірі кәсіпорындар бәсекекелестік қабілеті төмен фирмаларға немесе елдің қауіпсіздігі мен біртұтастығына қауіп төндіретін күмәнді тұлғаларға үшінші тарап арқылы өтіп кетуі әбден мүмкін. Біздің елде ірі кәсіпорындарды сатып ала алатын адамдар санаулы ғана. Өзіміз білетін "Forbes" тізімінің алғашқы бестігінде тұратын олигархтар осы жолы да мемлекеттік үлесті қарпып қалуға тырысуы мүмкін", – деді экономист.
Константин Смирновтың айтуынша, сатылуға қойылған үшінші санаттағы нысандардың жаңа қожайыны оның директорлары немесе басқарушылары болуы ғажап емес.
"Бұл жекешелендіру заңына қайшы әрекет. Оң қолмен беріп, сол қолмен қайтарып алумен бірдей. Үшінші санаттағы нысандарды басқаруға жаңа күш, жаңа менеджмент керек", – деп қорытты ол өз ойын.
Сөз арасында экономист жекешелендіру науқаны кезінде жекеменшікке өтетін нысандардың тізімі 2014 жылғы 30 сәуірде Қазақстан үкіметінің №429 қаулымен бекітіліп қойғанын айтты. Олардың арасында республикалық мекемелер мен жүздеген коммуналдық меншік нысандары бар.
Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық кинокомпаниясы да 2018-2020 жылдар аралығында жекешелендіретін нысандардың қатарында тұр.
"2014-2015 жылдары БАҚ-та "Қазақфильм" акциясының 49 пайызы кинематографистердің қолына өтуі керек" деген мәселе көтерілді. Себебі 90 - жылдары республикалық кино үйі ғимаратының бір бөлігі жекеменшікке өтіп кеткен. Ол күні бүгінге дейін кері қайтарылған жоқ.
Қазір бұл мәселені ешкім қаузамайды. Бұдан шығатын қорытынды - "Қазақфильмнің" тағдыры ешкімді алаңдатпайды. Мен дәл осы селқостықтың төркінін түсінбеймін. Кезінде бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілді, депутаттар үкіметке сауал жолдады. Ал қазір бәрі үнсіз", – дейді Константин Смирнов.
Ол кәсіпкерлер Алматының тарихымен тығыз байланысты өнер ордаларына тек табыс көзі ретінде қарайды деп қауіптенеді.
"Қазақфильмнің" жаңа қожайынына ұлттық киноның болашағы емес, оның орналасқан жері тартымды болуы әбден мүмкін. Қазір ел арасында: "Қазақфильм" көшеді екен, ол үшін Талғар жақтан 16 гектар жер бөлініпті" деген қауесет жүр", – деді экономист.
Денсаулық сақтау саласына қатысты мекемелердің, халыққа жылу, жарық таратумен айналысатын нысандардың жекешелендірілуіне қатысты әлеуметтанушы Расул Жұмалы да пікір білдірді.
"Қазақстан Конституция бойынша әлеуметтік бағытқа басымдық беретін ел. Қазір халықтың назары рухани жаңғыру немесе латын әліпбиін қолдауға арналған жиындарға ауып кеткен. Әлеуметтік тұрмысқа әсер ететін шешімдер қалтарыста, елеусіз қабылданып, әлеуметтік нысандар елеусіз сатылып жатыр. Біз адам капиталына басымдық береміз дейміз. Ендеше жалпыға ортақ сақтандыру мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәселелер реттелгенше, медицина саласына мемлекеттің қатысуы сақталуы керек", – деді ол.
Әңгіме арасында Расул Жұмалы 2018 жылдың аяғына дейін медициналық мекемелер жекенің қолына өтетінін, олардың бірқатары шетелдіктердің басқарылуына берілетінін айтты.
"Бұрын "Самұрық-Қазына" әл-ауқат компаниясының қамқорлығында жүріп дайын тапсырысқа үйреніп қалған кәсіпорындар ашық бәсекеге шыдай алмайды. Кейбірі сатып алған нысандарын тойхана немесе сауда үйіне айналдырып жіберуі әбден мүмкін. Мен олигархтар мемлекет меншігіндегі нысандарды арзан бағаға сатып алып, кейін мемлекетке қымбат бағаға сата ма деп қорқамын. Өйткені біз мұндайды бастан өткергенбіз", – деді Расул Жұмалы.
"Tengri Partners" компаниясының басқарушы директоры Әнуар Үшбаев үкіметтің жекешелендіру бағдарламасын қолдайды бірақ билік басындағылар бұл науқаннан пайда табуды ғана көздемеуі керек дегенді алға тартады.
"Үкімет жекешелендіруден пайда түседі деген ойдан алыс болуы керек. Керісінше, жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтік проблемаларға қарсылық танытып, форс-мажорлық жағдайда жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын болуға тиіс", – деп қорытты ойын Әнуар Үшбаев.
Ал экономист Тоқтар Есіркепов әлемдік тәжірибеде дағдарыс кезінде әлеуметтік маңызы бар нысандарды жекешелендіруге жол берілмейтінін айтты.
"Біздің ел керісінше бұл науқанды барынша жеделдетуді көздеп отыр. Не үшін деген сұраққа мемлекет тарапынан нақты жауап берілген жоқ. Мемлекет меншіктің 15 пайызын өзінде қалдырып, қалғанын жекеменшікке өткізуді қалайды Билік бұл науқанды дамыған 30 елдің стандартымен жүргізіп жатқанын айтып отыр. Медициналық мекемелер, ЖЭС секілді әлеуметтік нысандар осы өлшем бойынша сатылмақшы. Ал біздің деңгейіміз дамыған елдермен бірдей ме? Бұл сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр", – деп түйді ойын Тоқтар Есіркепов.
Гүлбаршын Сабаева