RU KZ
«Қазақмыс» Сәтбаевта еңбекті қорғауға қатысты көрме өткізді

«Қазақмыс» Сәтбаевта еңбекті қорғауға қатысты көрме өткізді

07:14 03 Қазан 2018 2282

«Қазақмыс» Сәтбаевта еңбекті қорғауға қатысты көрме өткізді

Автор:

Данияр Сериков

Көрмеге қорғаныс құралдарын, медициналық жабдықтар мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жеткізетін қазақстандық және шетелдік компаниялар қатысты.

Сәтбаев қаласында «Жеке және ұжымдық қорғаныс құралдары, еңбекті қорғау, медициналық жабдықтар және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі» атты алғашқы корпоративтік көрме өтті. Көрмені «Қазақмыс» корпорациясы ұйымдастырып, оған 80 қазақстандық және шетелдік компанияны шақырды. Олардың қатарында медициналық компаниялар, қорғану және гигиена құралдарын өндірушілер, жұмыскерлер киімі мен аяқ киім тігетін кәсіпорындар, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германия, Чехия және Жапонияның жеке және ұжымдық қауіпсіздік проблемаларын шешумен айналысатын инновациялық компаниялары бар.

«Қазақмыс» корпорациясы көрмені өткізуде өзінің еңбек ұжымдарын еңбекті қорғау саласындағы инновациялармен таныстырып, өзінің өндірістік бөлімшелеріне көрмеде көрсетілген алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу мен іріктеуді мақсат етті. Сонымен қатар көрмені ұйымдастыруда жекелеген брендтердің басымдығын болдырмас үшін ұқсас өнімдер желісін кеңейту деген ой болды.

Сондай-ақ корпорациядағылар мұндай шараларды өткізу, қорғану құралдарын өндірушілердің  таныстырылымын көрмедегі таныстыру шараларында тікелей талқылау арқылы олардың жасырын әлеуетін ашуға мүмкіндік береді деп есептейді. Сол үшін көрмеде еңбекті қорғау құралдарын дұрыс және тиімді қолдану бойынша шеберлік-сыныптар мен оқыту семинарлары өткізілді.

«Қазақмыс» корпорациясы қауіпсіз өндірісті өзіне басым мақсат етіп қойып отыр. Компанияның ұзақмерзімді мақсаты – адам өліміне әкелетін жазатайым оқиғалар санын мүлдем жою. Табысқа қол жеткізудегі маңызды қағидалардың бірі – жұмыскерлердің денсаулығы мен өміріне, сондай-ақ әріптестерінің қауіпсіздігі үшін өзінің жауапкершілігін сезіну. Мұндай көрмелерді ұйымдастыру – біздің кәсіпорындарда жоғары сапалы және инновациялық қорғану құралдарын қолдануға деген мақсатымызды іске асырудағы үлкен қадам», – деп «Қазақмыс» корпорациясының басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев көрмеге түсініктеме берді.  

Көрмені ашқан тау-кен-өндірістік кешенінің бас директоры Талғат Шайқыбаев «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы атынан қатысушыларға деген ықыласын білдірді.

«Бүгінгі күні жұмыскерлеріміз үшін еңбекті қорғауды жақсарту мәселесін шешуге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Олар біздің жеке қорғану құралдарымыздың сапасына әлі күнге дейін көңілдері толмайды. Бұл мәселені барлық жетекшілік ететін қызметтің күшін жұмылдыру арқылы ғана шешуге болады. Біздің және ықтимал жеткізушілер тарапынан  өткізіліп жатқан көрме  компанияға жеке және ұжымдық қорғанудың инновациялық құралдарын енгізуде маңызды рөл атқарады деп ойлаймыз. Жоспарланған шаралар мен бағдарламалар озық тәжірибе алмасуға және біздің мәселелерімізбен тереңірек танысуға, сонымен қатар еңбек жағдайын жақсартуға  мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деді топ-менеджер. 

«Қазақмыс» корпорациясының қауіпсіздік және еңбекті қорғау департаментінің өкілі Сергей Ораков көрме сыртында болған әңгімеде журналистерге жеке қорғану құралдарын (ЖҚҚ) пайдалану мәселесі корпорацияның Жезқазған өңіріндегі, сонымен қатар Балқаш, Қарағанды және Шығыс Қазақстандағы кәсіпорындарында орын алып отырған өзекті мәселе екенін айтты.

«Сол себепті барлық өңірдегі кәсіпорын өкілдері мен бригадирлер кеңесін шақырдық. Бұл жұмыскерлермен тікелей жұмыс істейтін орган, ол өндірістік орындарда көптеген шешім қабылдайды және компанияның топ-менеджментімен байланыс ұстайды. Көрме қорытындысы бойынша бригадирлер кеңесін жинап, олардан нені енгізгілері келетінін, қандай ұсыныстары барын сұраймыз. Бүгінгі таңда жұмыскерлер тек бір брендке ғана байланып қалған деген үрдіс бар. Сондықтан бұл бренд өзінің айтқанын істетіп, бағасын көтеріп, жеткізбей қоймас үшін көрме ұйымдастырдық. Көрме жұмыскерлердің дүниетанымын кеңейтіп, қолайлы бағада лайықты сапалы құралдардың, оның ішінде өте тиімді ЖҚҚ бар екенін көрсету үшін  жасалды», – деп abctv.kz тілшісімен ой бөлісті

Сергей Ораковтың айтуынша, жұмыскерлердің пікіріне және көрме нәтижесіне  қарай бірнеше жеткізуші таңдап алынады.

«Осы арада біздің коммерциялық өкілдеріміз де жүр, егер ЖҚҚ-ны таңдап алатын болсақ, олармен меморандум жасайды. Өзіміздің жергілікті актілеріміз бар, онда сынақтан өтпеген ЖҚҚ-ны біздің компанияда қолдануға болмайды деген ереже бар. Сондықтан осы меморандумға сәйкес өндірісте сынақ өткіземіз, сосын сынақ қорытындысы бойынша осы ЖҚҚ-ны қолданамыз ба жоқ па, сол туралы шешім қабылдаймыз», – деп түсіндірлі ол.

Жалпы, корпорацияда аутсорсингтік серіктес бар. Ол қамтамасыз ету, сервис, ЖҚҚ-ның күтімі мен айналымы, сондай-ақ «Ютария» компаниясы атынан беруді автоматтандыру бойынша барлық қызметті ұсынады.

«ЖҚҚ-ны жоспарлау, сатып алу, тасымалдау, сақтауға қатысты мәселеге бас ауыртпаймыз. Оның барлығы аутсорсинг компанияның жауапкершілігінде. Осы арқылы біз тек негізгі жұмысымыз – өндіру, металл өңдеумен ғана айналысамыз. Бәсекелестік бар, бірақ тап қазір кешенді шешімді ешқайсысы ұсынып отырған жоқ. Сондықтан бүгінгі күні бұл қызметті бөлудің мәнісін көріп отырған жоқпын, бірақ бұл мәселе қаралуда», – деп нақтылады Сергей Ораков.

Жергілікті өндірушілердің жеке қорғану құралдарын шығаруға мүмкіндіктері жоқ, алайда корпорациядағы арнайы жұмыс киімі 100% отандық өндірушіден. ЖҚҚ-ны өндіру бірінші кезекте ЕАЭО елдерінде қарастырылады. Ұсыныс болмаған жағдайда бірыңғай экономикалық кеңістіктен басқа жерден жеткізу қарастырылады.

Кері байланыс орнату үшін корпорацияда тоқсан сайын ЖҚҚ-ның сапасы бойынша жұмыскерлерден сауалнама алынады. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясында ұжымдағы психологиялық ахуалға үнемі мән беріледі, осындай тексеріс барысында жеке қорғаныс құралына қатысты сұрақтар туындап жатады, бірақ мәселе сол күні шешіледі. Ішкі корпоративтік коммуникация пилоттық жобасы барысында қазір жұмыскерлер өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы басшылыққа өз сұрақтарын қойып, жауап алады деп атап кетті қауіпсіздік және еңбекті қорғау департаментінің өкілі.

«Қазақмыста» кеніш пен шахталар көп. Кеншілер мен металлургтер арасындағы ЖҚҚ-ны тұтыну арақатынасы шамамен 60-та 40. Қазір жеке қорғану құралдарына аса мән берілуде, алайда келесі жылдан бастап департамент ұжымдық қорғану құралдарына баса мән беретінін, өйткені мұның әлсіз тұстары бар екенін департамент басшысы атап кетті.

«Бұл көрме жыл сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр, себебі ЖҚҚ-ға қатысты  бірыңғай талаптар  бойынша кеңейтілген стандартымыз шықты. Сондықтан өңірлерде жыл сайын көрме өткізбекпіз, ол Астана, Алматыда емес, Балқаш, Қарағанды және Шығыс Қазақстанда өткізіледі», – деп болжап отыр маман.

«Энергоконтракт» компаниясының Қазақстан және Орта Азия бойынша бизнес басшысы Павел Кунтов abctv.kz-ке Қазақстанда электр доғасынан қорғану тақырыбы енді ғана көтеріліп жатқанын айтты. Наурыз айында еңбек министрлігінің бұйрығы шыққан, онда тоғыз электр энергетикасы мамандарына ЖҚҚ-ны берудің міндетті нормасы көрсетілген. Сол себепті осы салаға жеткізу артады. Тума кернеуден және электромагниттік өріс, доғадан қорғау бағыты бойынша ресейлік компания қазір «Самұрық-Энерго» және KEGOC компанияларымен жұмыс істеп жатыр. Жақында «Электроконтракт» компаниясы «Ютария» компаниясымен жұмыс істей бастады, қазір «Қазақмыс» кәсіпорындарына қажет қорғау деңгейін орнату үшін қауіпсіздік тәуекелі бағалануда.

«Бұл үдеріс ұзақ уақытты алады, қазір мәліметтерді жинап, сараптаймыз да, ақпаратты ұсынамыз, содан кейін ғана келісімшарт жасалады. Әзірге оның саны қанша болатыны жайлы айта алмаймын, өйткені ол ЖӨЛ (жалпы өндірістік ластану) және қорғану емес, бұл киім, ал белгілі бір мамандықтарға мұндай киім міндетті түрде керек. Жаппай бәріне бірдей емес, тек ГРЭС, ЖЭО және электр желілерінде істейтін мамандарға ғана қажет», – деп түсіндірді ол.

Қазақстандағы Honeywell компаниясының аймақтық өкілі Санжар Бейсембаев  abctv.kz-ке  берген сұхбатында өздерінің компаниясы корпорацияға газ сараптамалық шешімді ұсынып отырғанын айтты.

«Қазақмыс» корпорациясымен өзіміздің ресми дистрибьютеріміз Borkit Safety-пен бірлесіп бес жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз. Қазір әртүрлі өндірістер мен өндіру қуаттары  алдында тұрған міндеттерге, олардың қызметкерлерді қорғау, қауіпсіздік бойынша талаптарына қарай жабдықты тәжірибелі өндірістік сынықтан өткізу мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Өйткені жұмыскер біздің жабдықпен танысып, оны жұмыс барысында қолданып көруге тиіс. Осыдан кейін ғана «Қазақмыс» компаниясының негізгі талабы болып табылатын нақты шарттар бойынша аспаптың жұмысы туралы маңызды қорытынды жасауға болады», – деді ол.

Borkit Safety компаниясы көрме аяқталғаннан кейін «Қазақмыс» компаниясына жеткізуші болуға үміттеніп отыр.

«Шынын айтар болсақ, бүгінгі күнге дейін «Қазақмысқа» ештеңе жеткізген емеспіз, өйткені мыс корпорациясында қазір жалғыз жеткізуші «Ютария» компаниясы. Тек бір компания жалғыз жеткізуші болғанға дейін, алты-жеті компания жеткізуші болды. Ол кезде бәсекелестік те жақсы болатын. Компаниялар нарықта бір-бірімен бәсекелесіп, бағаны түсіретін немесе жеткізу мерзімін, сапасын жақсартуға тырысып, қоймаларын толтырып қойып, ең жақсы дегенді ұсынатын. Тап осындай бәсекелестік туғызатын тәсіл жақсы. Ал қазір бұған қолымыз жетпей отыр, алайда көрме аяқталғаннан кейін сең қозғалып, бір-бірімізбен бәсекелесіп, қалыпты жұмыс істеуге көшеміз деп ойлаймын. Өйткені тек бәсекелестік қана нарық пен өнімді дамытады, кез келген бәсекелес компания клиентке ең жақсысын ұсынуға тырысады. Тап осындай жағдайда ғана нарықта алға қадам басып, адамдарда жақсы қорғанысқа ие болады, өйткені әркім ең жақсы өнімді ұсынатыны белгілі», – деді Borkit Safety компаниясының сауда жөніндегі менеджері Руслан Дүйсебеков.

«Қазақмыс» корпорациясына  бір реттік респираторлар, құлақты қорғау құралын жеткізумен айналысатын Sapa Safety фирмасы да көрмеге көп сенім артып отыр. Осы фирманың өкілдері Англия, Еуропа, Түркия, Үндістан және АҚШ-тан әкелінген арнайы киімдерді таныстырды. Бұған дейін компания мамандары қыста «Қазақмыс» корпорациясының металлургиялық кәсіпорындарында болып, тәуекелді бағалап, еңбек жағдайымен танысқан болатын. Осыдан кейін олар өз шешімін ұсынды.

«Қыста кәсіпорын цехтарында -18 градус болды. Балқытушы балқыту пешіне барғанда температура қандай болатынын өлшедік. Ол жерде адамның басына, қолы мен кеудесіне келетін оттың қызуы 120-180 градус болды. Осының негізінде металлургтерге арналған арнайы киімді Испанияда әзірледік. Жоғары температура мен балқытылған металдың шашырауынан, конвективтік жылудан  қорғауды негізге алдық. Осының барлығы арнайы киімді әзірлеуде ескерілді. Осы көрмеде арнай шешімді ұсынып отырмыз. Яғни бұл шешім белгілі бір күрделі учаскелердегі проблеманы шешеді», – деді компания директоры Мақсат Маткеримов abctv.kz-ке.

Оның айтуынша, Қазақстандағы жеке қорғану құралдарының қолжетімді нарығы шамамен 40-50 млн долларды құрайды, кәсіпорындар мен тау-кен  және металлургиялық кәсіпорындарындағы жұмыскерлердің саны көп екенін ескеретін болсақ, «Қазақмыс» осы нарықтың шамамен 20%-на ие бола алады.

Данияр Серіков