"Нұрлы жер" ипотека нарығына қарқын қосты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7638

Қазақстандағы коммерциялық банктер 2017 жылдың 10 айында ипотекалық несие беру көлемін 51%-ға арттырды.

"Нұрлы жер" ипотека нарығына қарқын қосты

"Қазақстан ипотекалық компаниясы" ипотекалық ұйымы" АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, тұрғындар тарапынан субсидияланатын өнімге, яғни ипотекалық несиеге деген сұраныс артып келеді. Екінші деңгейлі банктердің қызығушылығы да жоғары. Мәселен "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы ипотека алуға ниетті ел тұрғындарынан түсетін өтініштер саны ай сайын 80%-ға дейін көбеюде. Ал "Нұрлы жер" іске қосылған сәтте субсидияланатын ипотекалық несие беруге небары екі банк қана келіссе, қазір олардың саны алтауға жетті. Олар – "ЦентрКредит Банк" АҚ, "Сбербанк" АҚ ЕБ, "ВТБ Банк" АҚ, "АТФБанк" АҚ, "Нұрбанк" АҚ және "Қазақстан құрылыс жинақ банкі" АҚ (жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша).

"Нұрлы жер" бағдарламасының ипотекалық қарыздарды субсидиялау бағытының операторы – Қазақстан ипотекалық компаниясы. 15 желтоқсандағы дерекке сүйенсек, Қазақстан ипотекалық компаниясына 12,3 млрд теңгеге 1209 өтініш келіп түсті. Оның 98%-ы мақұлданды. Яғни 1180 өтініш иесі (12 млрд теңгеге) оң жауап алды", – деген болатын Әділ Мұхамеджанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Мамандардың айтуынша, бағдарлама аясында 120 млрд теңгеге 8 мың қарыз беру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтсақ, санаулы күндерден кейін тарих қойнауына кететін 2017 жылы 15 млрд теңгеге 1 мың қарыз беру жоспарланса, 2018 жылға көзделген меже – 105 млрд теңгеге 7 мың қарыз беру.  

Бүгінде Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен, Қостанай, Жезқазған, Семей, Қызылорда қалаларының және Алматы облысының тұрғындары "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысқан.

Әділ Мұхамеджановтың айтуынша, бағдарлама қолға алынғалы бері, дәлірек айтсақ ипотекалық тұрғын үй қарыздарының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау тетігі қолданылғаннан бері ипотека нарығына "қан жүгіре" бастады. Мұндай тенденция осы жылдың маусым айынан бастап жалғасып келеді. Мәселен коммерциялық банктер ("Қазақстан құрылыс жинақ банкі" АҚ-ны есепке алмағанда) 2017 жылдың 10 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ипотекалық несие беру көлемін 51%-ға арттырды. Бағдарламаға сәйкес, қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме 10%-ды құрайды.

"Ипотекалық несиелендіруді ынталандыру мақсатында осы жылдың қазан айында "Нұрлы жер" бағдарламасына түзету енгізілді. Бұрын мөлшерлеме Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне кіріктірілген еді. Қазір субсидияланатын қарыздың мөлшерлемесі жылдық 16%-дан аспайтын болды. Қарыз алушы 30%-дық алдын ала төлемнің орнына қарыз алушының өзіне немесе үшінші бір тұлғаларға тиесілі тұрғын үйді кепілзат ретінде ұсына алады. Сондай-ақ бастапқы жарна ретінде қарыз алушының құрылысты салушыға төлеген алдын ала төлемі де есепке алынады. Бастапқы тұрғын үй ұғымы кеңейтіліп, пәтерлерді тек құрылысты салушылардан ғана емес, сондай-ақ құрылыстағы пәтерлерді салушыларға сатқан басқа да заңды тұлғалардан сатып алуға мүмкіндік бар", – деді Әділ Мұхамеджанов.

Оның сөзінше, "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру барысында Қазақстан ипотекалық компаниясы мен серіктес-банктердің қарыз алушының жағдайын жақсартуға бағытталған өзара бірлескен әрекеттері нәтиже беруде. Бұдан бөлек банктер субсидиялау мерзімі аяқталғаннан кейін қарыз алушы үшін төлем жүктемесін төмендетуге арналған қосымша талаптарды ұсынды. Осыған сәйкес, "Банк ЦентрКредит" АҚ мөлшерлемені жылдық 10% көлемінде сақтап қалса, "Сбербанк" АҚ ЕБ мөлшерлемені тек 0,5%-ға көтерді (10,5%). Сондай-ақ қарызды субсидиялау туралы өтінішті қарастыру мерзімі алты күннен үш күнге дейін қысқарды.

"Бағдарламаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде банктердің жоспарлаған ипотека беру көлемі 2 есеге артты. Яғни 43,5 млрд теңгеден 95 млрд теңгеге дейін ұлғайды", – деді ол.

Сонымен қатар банктердің бағдарламаға қатысуға деген қызығушылығы арта түсті. Жыл соңына дейін "Цеснабанк" АҚ "Нұрлы жердің" қатысушысы атанбақ. 2018 жылы бұл тізімді "Қазақстанның халық банкі" АҚ, "Forte Bank" АҚ, "Банк Kassa Nova" АҚ, "Tengri bank" АҚ, "AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)" АҚ және "Qazaq Banki" АҚ толықтыруы мүмкін.

"Бағдарламаға енгізілген өзгерістер алдағы 2-4 айдың ішінде өз нәтиже береді деген үміттеміз", – деді Әділ Мұхамеджанов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу