"Сарапшының жалақысын жарты миллионға жеткізу керек"

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
2899

Еліміздің әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина өз департаментіндегі сарапшының 450 мың теңге жалақы алғанын қалайды.

"Сарапшының жалақысын жарты миллионға жеткізу керек" Фото: bnews.kz

Кеше ғана әділет министрлігі заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысын өткізіп, министрлік мамандары әзірлеген екі заң жобасының концепциясын талқылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлу туралы мәлімдемесінен кейін жұмысқа кіріскен әділет министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" және "ҚР кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобаларын үкіметтің 2017 жылға арналған жоспарына қосу мәселесін талқылады. Айтып өткеніміздей, бұл екі құжатты әділет министрлігі әзірледі.

Осы мәселелер талқыланған әділет министрлігі жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына министр Марат Бекетаев қатысады деп хабарланғанымен, отырыста министр бой көрсеткен жоқ. Журналистер алдында басты спикер вице-министр Зәуреш Баймолдина болды.

Вице-министр баяндамасының басында билік тармақтарының өкілеттілігін қайта бөлу арқылы елімізде қабылданса да, орындалмай жататын талай мемлекеттік бағдарламаның "бағын" ашамыз деген пайымын айтты.

"Еліміздегі қазіргі билік құрылымына сәйкес, кез келген мемлекеттік бағдарламаны президент қана бекітеді. Орындаушы – атқарушы орган. Бірақ қазір қалыптасқан мына жағдай баршаға аян: Мемлекет басшысы қандай да бір бағдарламаны бекіткеннен кейін, орындаушы ретінде тағайындаған атқарушы орган неше түрлі сылтауы бар хатты қарша боратады. Яғни сол мемлекеттік бағдарламаға байланысты, жүйеге өзгеріс енгізу керектігін, белгілі бір міндеттердің орындалуы шегеріліп қалатынын айтып, сынықтан сылтау іздейді. Осы әрекеті арқылы ол тіпті мемлекеттік бағдарламаның орындалмайтынын алдын-ала ескертіп отырғандай болады. Ал енді билік тармақтары арасындағы өкілеттілік қайта қаралған соң, мемлекеттік бағдарламаны үкіметтің өзі бекітеді де, өзі орындауға міндеттеледі. Біреуге сілтей салу, хатпен жауапкершіліктен жалтару деген болмайды. Нақты мемлекеттік бағдарламаның астына орындайтын адамның аты-жөні тайға таңба басқандай жазылып тұрады", – дейді Зәуреш Баймолдина.

Әділет вице-министрі бұл жерде бүкіл жаза мен жауапкершілікті бір адамның мойнына, яғни басшының мойнына артып тастауға болмайды дейді.

"Белгілі бір тапсырманың орындалуы жетекшіге емес, сол тапсырманы орындайтын, яғни нақты бір құжатпен айналысатын қызметкердің жұмысына байланысты. Сол себепті Еуропаның мемлекеттік органдарында "сарапшы" қызметі өте жауапты. "Сарапшы" деген терминнің өзі айтып тұрғандай, адам тиісті шешімді өзі қабылдап, сол үшін жауап береді. Ал бірінші басшы мемлекеттік органның стратегиялық мәселелерімен айналысуы қажет" деген вице-министр Қазақстан Еуропа мемлекеттерінің осы тәжірибесіне бірте-бірте қосылады деген сенімін білдірді. Бірақ Еуропада сарапшылар мен біздің мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін сарапшылардың жалақысы арасындағы айырмашылық жер мен көктей деген жауапты сұрақ туындаған соң, вице-министр қарамағындағы әр сарапшыға жарты миллион теңге жалақы төлеуге дайын екенін мәлім етті.

"Президент Нұрсұлтан Назарбаев та талай айтқандай, мемлекеттік қызметкердің жалақысын көтеру керек. Сарапшының, мемлекеттік қызметкердің жалақысы кәсіпкерден кем болмауы қажет. Мәселен мен өз департаментімде істейтін сарапшының 450 мың теңге алғанын қалаймын. Себебі ол көптеген нормативтік-құқықтық актіге сараптама жасайды. Ол үшін мықты білім керек. Қазір жаңадан келген сарапшы 70-80 мың теңге алып жүр", – дейді Зәуреш Баймолдина.

Жалпы әділет министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлу мәселесі бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң тұжырымдамасымен 4 кодекс және 21 заңға өзгеріс енгізуді көздеп отырғаны белгілі болды. Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, құжатты әзірлей отырып, 3 конституциялық заңды өзгерту керек. Мекеме 10 ақпан күні бірінші тұжырымдаманы әділет министрлігінің ресми сайтында, сондай-ақ ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жариялаған болатын. Енді 15 наурызға дейін осы екі заң жобасы парламент қарауына енгізілмек.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлу мәселесін көтерген болатын.

"Жаңа мемлекеттілік құру мен реформалардың сәтті іске асуына мықты президенттік билік себеп болды. Оны тәуелсіздік тариxы ашық көрсетті. Енді мемлекет дамуының жаңа кезеңінде парламент пен үкіметтің жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастыру қажет. Қазақстанда президенттік басқару формасы бұған дейін болған, болады да. Соның барлығы Ата заңымызда көрсетілген. Біздің тариxымыз да, салт-дәстүріміз де соған сай келеді. Дегенмен бүгінде президент, парламент және үкімет арасындағы өкілеттілікті үлестіру мәселесін қайта қарап шығатын уақыт келді", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Артынша президент мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлетін жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойды. Жұмыс тобын Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің басшысы басқарады. Оның құрамына парламент, үкімет, жоғарғы сот, өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ заңгер қоғамдастығы мен ғылыми-сараптамалық қауымдастықтың өкілдері кірді. Қазір жұмыс тобына 500-ден астам ұсыныс хат пен өтініш түскені хабарланып отыр.

Кенже Жомарт

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу