Қаржы саласы сарапшыларының арасында сауатты пікірімен ерекшеленіп жүрген жас экономист Мақсат Халық Abctv.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.
– Теңгенің долларға қатысты бағамы 17 сәуірден бастап тербеле бастады. Сарапшылар мұнай бағасы фундаменталды тұрғыда өзін-өзі ақтап тұрғанын айтады. Бұл жолы теңге бағамындағы тұрақсыздыққа қандай фактор себеп болды?
– Мұнай бағасы теңге бағамына мультипликативті әсер етеді. Бұл ретте сарапшылардың пікірі дұрыс.
– Соңғы аптада ОПЕК келісімінің күші қайта бастағаны байқалды. Бұған қатысты не айтасыз?
– Араб елдері мұнай өндіру көлемін арттыру мәселесін көтерді. АҚШ Федералды резевтер жүйесі базалық мөлшерлемені наурыз айында 1,5%-дан 1, 75%-ға, шілдеде 2%-ға өсірді. Осының барлығы ОПЕК-тің қазіргі жағдайына әсер етті.
– Бұл процес қалай жүзеге асты?
– АҚШ осы арқылы өз экономикасының тұрақтылығын көрсетті. Құрама штаттардың пайыздық мөлшерлемені көтеруі тәуекелі жоғары жобаларға инвестиция салғаннан гөрі құнды қағаздар нарығына қатысып, актив бағамындағы айырмашылықтан пайда табу әлдеқайда жеңіл деген шешімнен туды деп ойлаймын. Бұл жағдайдан кейін инвесторлар дамушы елдерден АҚШ-қа қарай ағылады.
– Ұлттық банк маусым айының 4 күні пайыздық мөлшерлемені 9%-ға дейін төмендетті. Осыдан 2 жыл бұрын пайыздық мөлшерлеме 17% болған. Ұлттық банк 1 АҚШ долларын 330-340 теңге дәлізінде сақтап қалу үшін қандай қадамға барады деп ойлайсыз?
– Базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңге бағамына әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Ұлттық банк сіз айтқан көрсеткішті ұстап тұруға тырысады. Теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 345-350-ден асса, қаржы реттеушісі бағаны интервенция жолымен реттеуге тырысады. Мұндайды біз былтыр байқағанбыз. Ұлттық банк EXPO-дан кейін болуы ықтимал девальвацияның алдын алу үшін 2017 жылдың қыркүйек, қазан айларында валюталық интервенция жасады.
– Теңге динамикасында соңғы жылдарда қандай өзгеріс байқалды?
– Теңге әр жылдың алғашқы алты айында күшейеді, соңғы алты айында әлсірейді. Сондықтан Ұлттық банктің әр жылдың соңғы алты айында теңге бағамын интервенция жолымен реттеуі қалыпты жағдайға айналды.
– Жыл аяғына дейінгі жағдайға қандай болжамыңыз бар?
– Осы жылдың ішінде АҚШ базалық мөлшерлемені екі рет көтерді. Жыл соңына дейін тағы да екі рет көтереді деген сөз бар. Мұның салдарынан дамушы елдердің алға жылжуына кедергі келуі мүмкін. Себебі инвесторлар дамушы елдерден инвестицияларын әкете бастайды.
– Бұл алдағы уақытта күтілетін негізгі факторлардың бірі ме?
– Иә, мұндайды күткен және оған қарсы дайындалған дұрыс. АҚШ базалық мөлшерлемені мақсатты түрде тағы да екі рет көтеретін болса, жағдай қиындай түседі.
– АХҚО-ның іске қосылуы Қазақстан қор биржаларының жұмысына қозғау салды. Сарапшылар қор биржаларының банк депозиттеріне балама болу әлеуетін жоғары бағалап жатыр. Сіз не дейсіз?
– Нақты нәтижені алдағы уақытта көреміз. Қор нарығының дамуына халықтың қаржылық сауаттылығы тікелей әсер етеді. Бүгінге дейін КАSЕ жұмыс істеп келді. Ол әлі де жұмыс істеп жатыр. Біздің халықтың үлес салмағында экономикалық белсенді және еңбекке жарамды 9 млн адам бар. Соның ішінде тек 1%-ы ғана қор нарығымен байланыс орнатып, акция мен облигациядан табыс табуға тырысып жүр. Ал батыс елдерінде бұл көрсеткіш 30-40%-ды құрайды. Жалпы, "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылуы қор нарығының дамуына серпін береді деп үміттенуге болады.
– АХҚО мен КАSЕ-ні бәсекелес санайтындар көп. АХҚО-ның басты артықшылығы неде?
– АХҚО-ның соңында ағылшын соты тұр. Бұл шетел инвесторларының біздің елдің қор нарығына деген сенімділігін арттырады.
– Сіз бір сұхбатыңызда "мемлекеттің сырттан алған қарызы бюджет тапшылығын жою үшін емес, өндірістік экономиканы дамытуға жұмсалуы керек" депсіз. Осы ойыңызды тарқатыңызшы.
– Қазақстанның сыртқы қарызы туралы мәлімет ешкімге құпия емес. Сыртқы қарыз 170 млрд АҚШ долларына жетті. Оның 105 млрд доллары фирмааралық қарыз, яғни инвестиция жолымен келген. Атап көрсетерлігі, сыртқы қарыз арқылы бюджет тапшылығы проблемасын шешуге болмайды. Бұл қаржы ішкі өндірісті және экономика мен бизнесті көтеруге бағытталуға тиіс. Шағын бизнесті дамыту үшін ішкі инвестиция да тартылуға тиіс еді. Өкінішке қарай іштен шыққан капиталистер экономиканы көтеруге асығар емес. Олардың капиталы сыртқа жылыстап жатыр. Бұл – үлкен мәселе.
– Мемлекет жеке сектордың ұсынысына максималды бейімделуге бағыт алды ма?
– Мемлекет ШОБ-ты дамытуға қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Осыған дейін ШОБ-қа бөлінген қаржыны қоса есептегенде жиынтық ақша 62 млрд теңгеге жетті. Бұл ШОБ-тың деңгейін де, әлеуетін де көтеруге жететін қаржы.
– Ауылда тұратын кәсіпкерлердің несиенің пайызы мен өтелу мерзімі туралы ұсыныстары үкіметке жетпей жатыр ғой...
– Иә, несиенің ауыл кәсіпкерлеріне бағытталған тармақтарында басын ашып алатын тұстар баршылық. Ауылдағы ағайын несие ұзақмерзімге берілгенін, маусымдық ерекшеліктерге байланысты несиені төлеу кезінде үзіліс болғанын қалайды. Әзірше бұл мәселе шешілген жоқ.
– Бізде салықтық жеңілдіктер бар. Бірақ осыған қатысты түсініксіз тұстар көп. Сіз не дейсіз?
– Салық кодексіндегі баптар сілтемеден-сілтемеге жалғасып кете береді. Оны аяғына дейін оқып шыққан адам басында не айтылғанын ұмытып қалады. Кейде оны мамандардың өздері ұқпайды. Салық кодексіндегі ауылдағы ШОБ-қа қатысты мәселе түсінікті тілде жазылуы керек. Сосын салық түрлерін барынша оңтайландыру қажет. Себебі салық кодексі ұлттық экономикамыздың индикаторы. Онда тек негізгі және қолданыста жүрген салық түрлері ғана көрініс табуы тиіс. Ал бізде керісінше, қолданыстағы кодекс бойынша төленетін салық түрлері өте көп. Халық оны не үшін төлеу керек екенін түсінбейді. Халықтың салықтан жалтаруына жол бермес үшін, ең әуелі қате-кемшілікті жөндеу керек.
– Дәл қазіргі уақытта ұлттық экономиканың көшін түзеу үшін Ұлттық банк пен үкімет қандай келісім жасауы тиіс деп ойлайсыз?
– Ұлттық қор "келеді деп көп күттік, келмеген соң жеп қойдық" деген ұстанымды көтермейді. Соңғы жылдары Ұлттық қорға ауыз салған тұстарымыз көп болды. Ұлттық қор трансферінің 40%-ға жетуі бізді алаңдатуға тиіс. Басқа кіріс көздерін қарастырудың кезі келді. Мұнай дәурені мәңгілік емес. Біз Ұлттық қордағы қаржыны мақсатты түрде бюджет тапшылығын жабуға жұмсауға әуестеніп алдық. Бюжеттің шығысы – 12 трлн, кірісі – 10 трлн теңге. 2 трлн теңгені жыл сайын Ұлттық қордан аламыз. Бұлай жалғастыруға болмайды. Ұлттық қордағы ақша болашақ ұрпақтың үлесіне сақтап қойған дүние. Оны экономиканы дамытуға немесе өндіріске салмай, бюджет тапшылығын толтыруға жұмсау "ақылды" экономиканың белгісі емес.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлбаршын Сабаева