​Лифт бизнесінің өрлеуіне не кедергі

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1828

Лифт зауыттарының қауқары қондырғыны құрастырудан аспай жүр.

​Лифт бизнесінің өрлеуіне не кедергі

Бұған дейін тек Ресейден, Беларусьтен, Қытайдан және алыс шетелден дайын өнімді тасып, орнатумен және қызмет көрсетумен шектеліп келген қазақстандық кәсіпкерлер енді отандық лифт өндірісін жолға қоюда.

Бірақ төл стандарттары болмай, бұл сектор ілгерілей алмайтын еді. Осы орайда "Қазақстан лифтовиктер одағы" саланың ұлттық стандартын бекітті. Жеделсаты шаруашылығын жетілдірудің келесі кезеңі – ұлттық стандартты мемлекеттік нормативтік-құқықтық актілерде, заңнамада бекіту болмақ.

Өткен жылы сәуірде Ақтөбеде болған, жас әйелдің қазасына соқтырған қайғылы оқиға еліміздегі лифтілердің көбісінің қызметі сын көтермейтінін көрсетіп берді. Сарапшылардың айтуынша, 2012 жылы қолданыстағы заңнама өзгертіліп, "тігінен қозғалатын көлік түрі" саналатын осы құрылғыны монтаждау және оған қызмет көрсету ісін лицензиялау жойылды. Соның кесірінен, бүгінде Қазақстанның әр аймағында, тіпті елорданың өзінде осы салада келеңсіз жағдайлар дүркін-дүркін орын алып тұрады. Өйткені лифтілер жеткізуші компаниялардың басым көпшілігі арнайы сертификаттаудан өтпейді.

"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы жаңа заң жобасында "жабдықты пайдалану стандарттарға сәйкес жүргізіледі" деген норма бар. Бұл заң жобасы тек биылғы жылдың екінші жартыжылдығында ғана енгізіледі деп күтілуде. Салдарынан, үдеріс ұзаққа созылып кетпек. Сондықтан салалық қауымдастық стандарттарды нормативтік-құқықтық актілерге ендіру бойынша жұмыс жүргізуде. Осының арқасында тек өзін-өзі реттеу ұйымының мүшесі болып табылатындардың ғана емес, сондай-ақ қалған барлық компаниялардың лифт шаруашылығының қандай жағдайда екенін анықтауға жол ашылады. Бұған аккредиттеу органы мүмкіндік береді. Біз осылайша, ішкі нарықты адал емес ойыншылардан тазартуға ниеттіміз", – дейді "Қазақстан лифтовиктер одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Кенжебаев.

"Қазақстандық регистр" президенті Светлана Заитованың түсіндіруінше, бұған қол жеткізу үшін бекітілген ұлттық стандартты жергілікті әкімдер өз бұйрық-өкімдерінде сілтеме жасайтын құжатқа айналдыру қажет. Яғни, әр өңір қабылдауы керек.

Қазіргі кезде жеделсатыны бірнеше отандық кәсіпорын шығарады. Мәселен, "Алматылифт" ЖШС отандық нарықта жарты ғасырға жуық уақыттан бері жұмыс жасауда. Бірақ осы мерзімнің басым бөлігінде ол жатжұрттық лифт жабдығын сатып алып, тек орнатумен ғана айналысып келген. Ақыры акционерлері шетелдік өнімді тасумен шектеле бермеуге шешім қабылдап, 2016 жылы Алматыда жолаушылар және жүк лифтілерін жасайтын зауытты іске қосты. Оның жылдық қуаттылығы – 1 мың жеделсаты. Бұл ретте жергілікті мазмұн үлесі 70-80 пайыз көлемінде көрінеді. Жалпы, компания Алматы қаласы мен Алматы облысында шамамен 3 мың лифт шаруашылығына қызмет көрсетеді. Ал өз өнімін қазір қаншалықты ілгерілете алуда?

"Біз "Алматылифтке" 732,6 миллион теңге көлемінде мемлекеттік тапсырысты иеленуіне жәрдемдестік. Әйтпесе, бұған дейін мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік нысандарды салушы бас мердігерлер Қытайдың, Түркияның және Беларусьтің осы өнімдерін пайдаланып келген", – дейді Алматының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алма Тұрлыбаева.

"Отандық лифт жасайтын" кәсіпорын Астана жанында да, Павлодарда да ашылған болатын. Бірақ олар құрастырумен айналысады. 2014 жылы бой көтерген, кезінде ЭКСПО көрмесін жеделсатымен жабдықтаған "Ақмола лифт жасау зауыты" 400 келіден 1250 келіге дейін жүк көтеретін, 15 адамды сидыра алатын жолаушылар лифтін, 5000 келіге есептелген жүк лифтілерін, сондай-ақ ауруханалық және автомобильдік лифтілерді, траволаторды шығарады. Оның қуаттылығы да жылына 1 мың лифт пен 250 эскалатор жасауға қауқарлы.

Осындай зауыт Шығыс Қазақстанда да құрылған.

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда нарықтың ішкі қажеттілігі жылына 1,7 мың жаңа лифтіні құрайды. Бірақ бұл нарық тек кеңейе бермек. Өйткені жеделсаты өңірлерде тек көпқабатты тұрғын үйлер мен ірі кеңселерде, қонақүйлер кешенінде ғана емес, қазір сауда орталықтарында, әуежайлар мен теміржол вокзалдарында, ауруханаларда, тіпті коттедждерде белсенді орнатылуда.

Отандық компаниялар құрылыстың кез келген сегментіне қажетті лифт түрін ұсынады. Бұдан бөлек, тұрғын үй, коммерциялық және әкімшілік лифттер ассортиментін де кеңейтуде: эскалаторлар, траволаторлар, панорамалы лифтілер, коттедждердегі жертөледен не асханадан жоғарғы қабатқа тамақ не басқа да жүкті жеткізетін шағын лифтілер және басқаларын құрастыра бастады.

Негізі, ескі бір лифтіні жаңасына ауыстыру құны 5-6,5 миллион теңгеге түседі. Ал егер оның кешенін толығымен жаңадан құру қажет болса, бұл 2 миллиард теңгеге дейін барады.

Қазіргі кезде тапсырыс беруші клиенттер мәселен, сауда орталықтарын салғанда, лифтілер де, эскалаторлар да бір маркада болуын және оларға жалғыз компания қызмет етуін таңдайтын болыпты.

Өз кезегінде "Қазақстан лифтовиктер одағы" лифтіге қызмет көрсету бойынша тым төмен баға ұсынатын компанияларға сақтықпен қарауға кеңес береді.

"Олардың біразының төл диспетчерлік қызметі болмайды. Олар адал қызмет жеткізушілер тізіміне кірмейді. Бізде өтемақы-компенсациялық қор құрылған. Енді ұйымға мүше компанияның кесірінен апат болған жағдайда жабдықты жөндеу одақтың есебінен жүзеге асырылады. Сонымен бірге, таяуда сақтандыру компаниясымен келісімге қол қойылады. Біз бұдан былай адамдар өмірі үшін жауапкершілік арқалаймыз", – дейді кәсіпкерлік бірлестіктің басқарма мүшесі Алексей Гесс.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, қазір лифт шаруашылықтары алдында ПИК-термен меморандумдар бекіту міндеті тұр. Соның аясында лифтілер тарифін қалыптастыру мәселесі қайта пысықталады. Әйтпесе, кейбір қызмет көрсетуші компаниялар өз тарифін қымбаттата беретінді шығарған.

"Бұл бағытта бизнестің жауапкершілігін көтеру маңызды болып отыр. Себебі, осы салада орын алатын барлық заң бұзушылықтар лифт жабдықтарын пайдалану қауіпсіздігіне, тиісінше, адамдардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді. Біз былтырғы 2018 жылдың соңында Астана қаласы әкімінің орынбасарымен бірге, ПИК-термен ынтымақтастық мәселесі бойынша кеңес өткізгенбіз. Бұл бастапқы қадамымыз және салада өзін-өзі реттеуді енгізу жалғасын табады деген сенімдеміз", – дейді кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Бүгінде өзін-өзі реттеу ұйымы тұрғын үй қорының 80%-ын немесе шамамен 70 лифт компаниясын қамтуда.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу