Лифт апатының алдын алу үшін

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
26994

Қолданысқа ЕАЭО техникалық регламенті енгізіліп, ұлттық стандарт қабылданды.   

Лифт апатының алдын алу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде 24 025 лифті жұмыс істеп тұр. Оның 1684-ін жөндеу, 4478-ін ауыстыру керек.

2018 жылы министрлік "Қазақстан лифтішілер одағы" қауымдастығымен бірге "Лифттер, эскалаторлар, траволаторлар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштер" туралы ұлттық стандарт әзірлеп, оны

"Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері туралы" және "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы" заңдар арқылы қолданысқа енгізді. Осылайша лифт өндіретін кәсіпорындар мен лифтілерге қызмет көрсететін компаниялар ортақ талапқа бағынатын және адамдардың қауіпсіздігіне жауап беретін болды. Бұған дейін еліміздің лифт шығаратын 6 кәсіпорыны Ресейден, Беларусьтен, Қытайдан дайын өнім тасып, оны орнатумен, ал жекеменшік компаниялар қауіпсіздік шараларын сақтамай, лифтілерге қызмет көрсетумен айналысты.

2012 жылы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, лифтті монтаждауға, оған қызмет көрсетуге лицензия беру алынып тасталды. Сол-ақ екен пәтер иелері кооперативтері көңіліне жақын компаниялармен келісім жасап, біліктілігі төмен, қызмет ақысы арзан мамандардың көмегіне жүгіне бастады. Ал 2015 жылы лифтілер жергілікті атқарушы биліктің басқаруына берілді. Уақыт өте келе лифтілерде бірінен соң бірі апатты жағдай орын ала бастады. Мәселен 2016 жылы 9 тамызда Алматы қаласының "Ақсай" ықшам ауданындағы  9 қабатты үйлердің бірінде лифт үзіліп кетті. Жоғарыдан төмен құлдилаған лифт екінші қабатқа келіп тоқтады. Періштесі қағып, лифт ішіндегі кішкентай бала аман қалды. 2017 жылы 5 сәуірде елордадағы 

Garant Auto City сауда үйінің 38 жасар сантехнигі лифт апатынан көз жұмды. 13 сәуірде лифтіге мінген "Эдем Палас-2" тұрғын үй кешенінің 6 ересек, 2 кішкентай тұрғыны ажалдан аман қалды. 21 сәуірде "Эдем Палас-1" тұрғын үй кешенінің лифті үзіліп кетсе, 6 мамырда "Айя" тұрғын үй кешенінің лифті ішіндегі алты адаммен бірге тоғызыншы қабаттан бірінші қабатқа құлады. 2018 жылы 31 желтоқсанда "Тұмар" тұрғын үй кешенінің лифті үшінші қабаттан шахтаға үзіліп түсті. Ішінде болған 8 адам түрлі дене жарақатын алды. Дәл осы жылы Семейде, Алматыда бірнеше рет лифті апаты тіркеліп, ондаған адам зардап шекті. Ал 4 сәуірде Ақтөбеде тележүргізуші Айзат Әбдісамат лифті апатынан мерт болды.

Былтыр елімізде лифт қауіпсіздігі туралы ЕАЭО техникалық регламенті қолданысқа енді. Ол бізге не береді? Бұл туралы Қазақстанның стандарттау және сертификаттау институты бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханова: "Лифт қауіпсіздігі туралы Еуразия экономикалық комиссиясының техникалық регламенті лифтіні дайындау мен монтаждау мәселелерін реттейді. Бұл регламенттің ЕАЭО-ның 5 мемлекетінде заңдық күші бар. Аталған техникалық регламентті жүзеге асыру үшін лифтті пайдалану және қызмет көрсету мәселелерін реттейтін ұлттық стандарт әзірленді", – деді.

Күні кеше тұрғын үйлердің бірінші, екінші қабаттарында тұратын тұрғындар лифт үшін ақша төлеуге тиіс екені мәлімдеді.  

"Олар да ақша төлейді. Себебі үйдің меншігі бар. Бөлу мүмкін емес. Егер төлемейді десек, бірінші қабаттан қасбетті бөліп алайық немесе шатыр мәселесі тек жоғары қабаттағылардың проблемасы дейік. Заңнамаға сәйкес, баспалдақ, қасбет, шатыр, инженерлік коммуникация және лифт үйге ортақ меншік. Сондықтан бірінші, екінші қабатта тұратын тұрғындарда лифт, яғни  ортақ мүлік үшін ақша төлеуге тиіс, – деді Қайырбек Өскенбаев

2020-2021 жылдар аралығында тұрғын үй қорын жаңғыртып, лифт шаруашылығын жаңартуға республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөлінеді. Бұған қоса "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы" заң бойынша көппәтерлі үйлердегі лифтілерді жөндеу мен ауыстыруды ұйымдастыру және қаржыландыруға жергілікті бюджет есебінен, қайтарымды негізде қаржыландыруға мүмкіндік беріледі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу