Бізде дағдарыс жоқ. 2016 жылы да Қазақстанда дағдарыс болған емес. Бұл – ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің пікірі. Белгілі экономист, "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаевқа сұхбат берген министрдің айтуынша, дағдарыс дегеніміз – мүлдем бөлек макроэкономикалық түсінік.
"2017 жылы ел экономикасы біртіндеп қалпына келіп, тұрақты даму жолына түсті. Бұл үрдіс алдағы 5-7 жылда жалғасын табады деген сенімдеміз", – деді министр.
Тимур Сүлейменов ел экономикасының өсімін қамтамасыз ететін негізгі драйверлерді де атады. Министрдің сөзінше, тау-кен өндірісі, мұнай-газ секторы және металлургия Қазақстан экономикасын алға сүйрейтін "өгіз" болып қала бермек.
"Бұлар біз үшін негізгі салалар болып табылады. Сондықтан, Қазақстан аталған секторлардың төңірегінде дамуды көздейді. Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары бағасының қалпына келуі елдің экономикалық жағдайына оң әсер етті", – деді министр.
Министр бұдан бөлек, қайта өңдеу өнеркәсібінің экономикаға қосқан үлесі қомақты екенін жеткізді. Мәселен, өткен жылы тұңғыш рет өнеркәсіптік өндірістің 40%-дан астамын өңдеу өнеркәсібі құраған. Тимур Сүлейменовтің сөзінше, бұл мемлекеттік бағдарламалардың берген жемісі.
"Алдағы бірнеше жылда өңдеу өнеркәсібі де ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі бола алады", – деді ұлттық экономика министрі.
Рақым Ошақбаев министрден Қазақстанның сыртқы қарызы туралы сұрады. Экономистің айтуынша, квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы мемлекет тарапынан бақыланбайды. Министр ел үкіметі аталған мәселені қадағалап, реттеу жайын қарастырып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта берешекті азайту мақсатында квазимемлекеттік сектор үшін арнайы жоспар да құрылған.
Еске сала кетейік, Ұлттық банктің дерегінше, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 168,927 млрд долларды құрады. Оның 14,125 млрд доллары – мемлекеттік және мемлекет тарапынан кепілдік берілген қарыз. 13,183 млрд доллары – мемлекеттік қарыз. Бұл ретте, Тимур Сүлейменов Қазақстанның мемлекеттік қарызын азайтуға уәде берді.
Сұхбат барысында халықтың нақты табысының төмендеу жайы, сондай-ақ жұмыс өнімсіздігінің артуы да сөз болды. Министрдің айтуынша, үкіметтің негізгі міндеті – табысты ұлғайту.
"Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған үш миллион тұрғынның 30 мың теңгеден аз табыс табатыны, яғни өнімсіз жұмыс істейтіндердің саны шамамен 1 млн адам. Ал қалғандарының шаруашылықтары және басқа да кәсіптері бар. Табысты арттыру үшін қосымша жұмыс орындарын құру керек және оның өнімділігі мейлінше жоғары болуға тиіс. Сонымен қатар, бізде белгілі бір бизнеспен айналысып, бірақ оны ешқайда тіркемейтін тұрғындар бар. Олар экономиканың бақылаушы секторына қарай өтуге тиіс. Ал ол үшін мұндай тұрғындарды табыстарын жария етуге ынталандыру қажет", – деді ҚР ұлттық экономика министрі.
Рақым Ошақбаевтың айтуынша, Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуы экономиканы несиелеуге мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан іскерлік белсенділік төмендеп отыр. Сондай-ақ, дәл осы жағдайға байланысты мемлекет те бизнесті субсидиялауға мәжбүр.
Бұл турасында өз ойын білдірген Тимур Сүлейменовтің сөзінше, мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – банк жүйесінің әрекетсіздігін қолдау. Яғни, кәсіпкер қалыпты жағдайда несие ала алмауы мүмкін. Сол себепті мемлекет бизнеске қол ұшын созуға мәжбүр.
"Пайыздық мөлшерлеме бұл бір ғана компонент. Бұдан бөлек, банктердің, нарықтардың, жағдайы, қарыз алушылардың жағдайы да ақша-несие саясатына әсер етеді. Меніңше, бізде қалыпты жұмыс істейтін банктік несие жоқ. Демек, алдағы бірнеше жылда Қазақстанда шағын және орта бизнес несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялаудың баламасы да болмайды. Өнеркәсіпті, сауданы дамытып, экспортқа шығу үшін осындай қадамдарға бару керек", – деді Тимур Сүлейменов.
Еске сала кетейік, қазіргі уақыттағы пайыздық мөлшерлеме 9,75%-ға тең. Аталған көрсеткіш 2016 жылы 17%-ды құраған еді.
Фархат Әміренов