Сүлейменов Давоста қандай іс тындырды?

3687

Оның егжей-тегжейі енді белгілі болып отыр.

Сүлейменов Давоста қандай іс тындырды?

Швейцарияда таяуда өткен "Давос-2019" жаһандық форумында еліміздің ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Астананың антиресейлік санкцияларға қарсы тұру бойынша іс-шаралар пакетін әзірлегенін әлем жұртшылығына жария етті.

"Тарихи қалыптасқан өндірістік, сауда және коммерциялық байланыстардың тереңдігіне әрі кеңдігіне байланысты Ресейге салынған санкциялар Қазақстан экономикасына да ықпал етпей қоймайды. Ол санкциялардан елімізге келетін басты қауіп сол, олар өнімімізді шетелге экспорттауға мүмкіндік беретін мұнай және газ құбырларына таралуы мүмкін еді. Бірақ қазір одан құтылдық. Біздің мұнайды теңізбен, мысалға, Новороссийскімен байланыстыратын құбырлар санкцияларға кірмеді. Өйткені "Шеврон" сияқты мұнай өндіретін, Каспий құбыржелісі консорциумының (КТК) инвесторы болып табылатын америкалық компаниялар АҚШ Конгресінен транзиттік құбырлар жүйесінің санкциядан шығарылуына қол жеткізді. Нәтижесінде, сыртқы нарықтарға басты экспорттық тауарымызды жеткізуге кері әсері болмайды", – дейді министр.

Тимур Сүлейменов осының алдында, өткен жылы Вашингтонға өзі арнайы барып келгенін айтады. Сапардың мақсаты да Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға келтірер зиянын азайтуға қатысты болыпты. АҚШ тарабы экономикалық санкциялар Астанаға қарсы бағытталмайтынына уәде беріпті. Бұл ретте еліміздің экономикасына санкциялардың ықтимал жанама әсерін жоққа теңестіруге қатысты маңызды уағдаластықтарға да қол жеткізілген көрінеді.

Ұлттық экономика министрінің түсіндіруінше, түзіліп отырған антиресейлік санкцияларға қарсы тұру бойынша іс-шаралар топтамасы "құрылымдық, жалпы экономикалық, салалық шараларды" қамтиды. Олардың арасында бизнес үшін тарифтерді уақытша төмендету, табиғи монополистерді шектеу, салықтардың жекелеген түрлерін төмендету, Қазақстан даму банкі секілді мемлекеттік даму институттары беретін несиелер бойынша кредиттік келісімдердің әрекет ету мерзімін ұзарту, нақты секторды қолдау бар.

Сонымен қатар, бас экономистің мәліметінше, Қазақстанда Ресейге қарсы санкциялардың ел экономикасына ықпалына макроэкономикалық талдау жүргізіліп, оның негізінде бірнеше сценарий түзілген. Министрлік сол теріс сценарийлердің бірі өрбіген жағдайда қандай шаралар қабылданатыны көрсетілген жоспар да жасалғанын хабарлайды.

Осының алдында орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге брифинг берген Тимур Сүлейменов теріс ықпалдың негізгі тасқыны шетел валюталары бағамының күрт өзгеруінен көрініс табуы ықтималдығын жеткізген болатын: алдымен, долларға шаққандағы рубльдің бағамы құлдырайды, ізінше долларға шаққанда теңге құнсызданбақ.

Қазір АҚШ Ресейге қарсы санкциялардың жаңа түрлерін пысықтауда. Егер олар енгізіліп, солтүстік көршіге қысым күшейер болса, Қазақстан қапы қалмай, қимылға кірісуі керек.

"Теріс болжамдар жүзеге асқан жағдайдағы іс-қимыл жоспары көлемді. Оның арасында жария етуге болмайтын жабық жайттар да бар. Негізінен, жоспарға сәйкес, кенет жағдай қиындаса, ауыр ахуалға алдымен душар болатын салалар мен кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі", – дейді Тимур Сүлейменов.

Сарапшылар санкциялардың ықтимал әсерін теңге бағамынан байқауға болатынына назар аудартады. Мәселен, 2016 жылғы 26 қаңтарда еліміздің мұнайына сәйкес келетін Brent маркалы "қара алтынның" бір баррелінің құны 29,92 долларға дейін құлдырады. Сонда, яғни 26 қаңтар күні 1 доллар 372,89 теңгеге, ал 1 еуро – 403,28 теңгеге дейін қымбаттады. Бүгінде Brent мұнайының құны екі еседен артыққа, 62 долларға дейін көтерілді. Экономика заңдылығы бойынша ұлттық валютаның құны екі есе болмағанымен, біршама нығаюға тиіс болатын. Алайда қазір 1 доллар 378 теңгеге, ал еуро 433 теңгеге сатылуда. Демек, бұған дейін теңгенің бағамын қалыптастырып келген басты фактор – мұнай бағасы басқаға, санкцияларға жол берді.

Ұлттық банктің айтуынша, теңге бағамына ықпал ететін сыртқы факторлар қатарына "негізгі сауда серіктестердегі, бірінші кезекте Ресейдегі валюта бағамының өзгеруі", "мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы", "жаһандық пайыздық мөлшерлемелер", "дүниежүзіндегі геосаяси ахуал" жатады.

Бірқатар сарапшылар шығар жол ретінде "қазақстандық экономиканы ары қарай Ресей экономикасына тіркестіре бермей, ажыратып алуды" ұсынады.

Мәселен, Grow forum Kazakhstan форумы барысында Centras Capital директорлар кеңесінің төрағасы Елдар Әбдіразақов та осы мәселені көтерді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер антиресейлік санкциялардың күшейіп бара жатқанына алаңдайды.

"Бизнесмендер Қазақстанның экономикасы Ресейдікіне таңыла бермей, дербес дамуын қалайды. Себебі, оларға бағытталған көптеген санкциялар бізді әсер ете бастады", – деді ол.

Әйткенмен, еліміздің бас экономисінің байламынша, бұл мүмкін емес және қазіргі кезде оны жүзеге асыруға ешқандай әдіс-тәсіл де жоқ.

"Ресейге не ықпал етсе, ол әрдайым Қазақстанда да көрініс береді. Әйтсе де, қазір өте көп нәрсе өзгерді: бизнес кедендік және әкімшілік кедергілердің алып тасталғанын сезінді. Бірақ Ресей экономикасының салмағын біз әрқашан сезінетін боламыз. Өйткені бізге Ресейді кесіп өтпей, әлемдік нарыққа әлденені экспорттау қиын. Біздің барлық дерлік мұнайымыз бен құбырларымыз осы ел арқылы өтеді. Өзге өнімдеріміздің басым көпшілігі де жаһанға Ресей жері арқылы жол тартады. Бұл еуразиялық одақтың барлығына не жоқтығына еш тәуелді емес. Тарихи солай қалыптасқан", – дейді министр.

Ол ЕАЭО-ны әлдебір кесапат емес, Ресеймен өркениетті тату көршіліктің құралы ретінде қарастырған абзал екенін атап өтті.

"Егер еуразиялық одақ болмағанда, Ресейді қаптаған кедергілерін жоюға көндіруге бағытталған біздің барлық күш-жігеріміз заяға кетер еді. Біздің арамызда ешқандай өзара міндеттеме болмас еді. Ал ЕАЭО арқасында бұл міндеттемелер нақты жазылған. Мұны мен орасан жетістік санаймын. Әрине, егер біз өз экономикамызды шикізаттан қызмет-сервиске бағдарлап көшірсек, ешқандай кедендік кедергілер бізді мазалай алмас еді. Тиісінше, көршілерге тәуелділік те азаяр еді. Бірақ оның уақытта жүзеге асарына сену қиын. Ендеше әлемдік нарыққа апарар жолда тұрған Ресейдің бізге ықпалы ары қарай жалғасады. Ал егер еуразиялық одақты жойсақ, жағдай бұдан да нашарлай түседі", – дейді бас экономист.

Германияның Қазақстандағы елшісі Тило Клиннердің тұжырымдауынша, керісінше ЕАЭО Ресейге салынған санкциялардың ықпалын күшейте түседі.

"Қазақстан – осы одақтың бір бөлшегі. Сондықтан кеденді кесіп өткенде, техникалық мәселелер туындайды. Жағдайды күрделендіретін жайт сол, егер айталық, Ресейдің ауыл шаруашылығы саласындағы контрсанкциялары қолданылса, онда сен өз тауарыңды ЕАЭО-ға мүше басқа елге де әкеле алмай қаласың. Әйткенмен, германиялық инвестициялар бұдан көп зардап шегіп отырған жоқ", – деп растады елші.

Қазақстан әзірлеген қатаң сценарийлер Ресейге қатал санкциялардың енгізілуін ескеретіні анықталды. Мәселен, АҚШ пен Еуропаның ресейлік мемлекеттік банктің активтерін "қатырып" тастауы және бұғаттауы, РФ мемлекеттік борышына қатысты санкциялар енгізу, сондай-ақ 1 долларға шаққандағы рубль құнының 70, 80 және 90-ға дейін шарықтауы секілді қатаң сценарийлер болжанған. Әзірге ол 65, 68 межесінде тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу