Қазақстанға қандай сын-қатерлер төнуі мүмкін

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4310

Сарапшылар банктердің мәселесі де күн тәртібінен түспегенін айтады.

Қазақстанға қандай сын-қатерлер төнуі мүмкін

"Еуразия кеңістігі шиеленіскен жаһандық геосаяси және гео-экономикалық қатынастар кезінде дамудың айқын бағытын таңдай алмай келеді", деп жазылған Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумның ресми сайтында жарияланған "Бизнес жасауға өңірлік қатерлер" баяндамасында.

Шикізат бағасының арзандауы
Баяндамада 2019 жылы Еуразия кеңістігінде бизнес жасаудың ең бірінші кедергісі ретінде энергия бағасының құлдырауы атаған.  Шикізат құнының арзандауы өңірдегі бизнестің дамуына ең басты кедергі болуы ықтимал. Өңірдегі мұнай өндіруші кей елдердің ішкі жалпы өнімінің орташа есеппен 35 пайызға жуығы осы қара алтынға тиесілі болса, жалпы, Әзербайжан, Қазақстан, Ресей мен Түркіменстан секілді мұнай сатушы елдер үшін де, Армения, Украина, Грузия және Қырғыз секілді мұнайды сатып алушы елдер үшін бюджеттің басым бөлігі осы мұнай бағасына байланысты екені белгілі.  

Соның ішінде мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан мен Украина үшін ең басты қатер болса, Ресей Федерациясы мен жоғарыда аталған өзге елдер үшін ең басты бес қатердің қатарында.

Салық дағдарысы
Шикізат бағасының толқуынан бөлек бизнес үшін экономикалық қатерлердің қатарында "салық дағдарысы" мен жұмыссыздық мәселесі де аталады. Салық дағдарысы бәрінен бұрын Ресей үшін қауіпті болып тұр. Жалпы, Еуразиядағы елдерде салық төлемейтін экономиканың көптеген салалары көлеңкеде қалып келе жатыр, дейді сарапшылар. Бұл экономика үшін де, бизнестің өзі үшін де жақсылық емес екенін айтады мамандар.

Жұмыссыздық мәселесі Қырғызстан, Тәжікстан үшін өткірлігі жағынан екінші орындағы мәселе болса, Армения мен Грузияда бұл мәселе үшінші орында тұр. Дегенмен, Еуразиядағы елдерде жұмыссыздық мәселесі әрқилы байқалады. Мәселен, Арменияда жұмыссыздық 18 пайыз болса, Тәжікстанда 2,3 пайыз екен.

Әлеуметтік тұрақсыздық
Баяндамада айтылғандай, "өзекті әлеуметтік мәселелер" өңір елдері үшін төртінші мәселе болып отыр. Жалпы, қазіргі таңда әлеуметтік тұрақсыздық мәселесі күн тәртібінде тұрғаны таң қаларлық. Тек осы Еуразия мен Латын Америкасында ғана бұл проблема әлі күнге күн тәртібінен түспегені айтылады баяндамада. Латын Америкада тіпті бұл мәселесі екінші орындағы проблема көрінеді.

Еуразиядағы әлеуметтік тұрақсыздық қаупі алдымен коррупцияға, табыс теңсіздігіне және экономикалық сенімсіздікке байланысты екен. Дегенмен, Армения, Грузия мен Қырғыз Республикасы бұл мәселенің шешімін тапты, деп жазады сарапшылар.

Геосаяси қақтығыстар
Геосаяси қақтығыстар Еуразиядағы бизнес үшін және бір тосқауыл болуы ықтимал. Баяндамада айтылғандай, мемлекетаралық қақтығыстар өңірдің дамуына келтіретін зияны жағынан екінші қатер болмақ. Ал жекелей мемлекеттерге тоқталар болсақ, Әзербайжан мен Грузия үшін мемлекетаралық қақтығыстар ең бірінші кедергі болса, Армения мен Ресей үшін екінші басты кедергі ретінде аталуда. Ресей мен Украина арасындағы келіспеушіліктер бәсеңдегендей болып көрінгенімен, бизнес қауымдастық бұл мәселені халықаралық саудада өңірдегі басты кедергі ретінде атап отыр.

Бұдан бөлек Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ мәселесі де әлі де шешімін таппағанын ескерсек, кез келген уақытта мәселенің ушығып кетуі мүмкін екенін сарапшылар жоққа шығармайды. Ондай жағдайда Еуразияның бір бөлігі үшін бизнес жасауға тым келеңсіз болып кететіні жасырын емес. Грузия да Оңтүстік Осетия мен Абхазиядағы толқулардың бизнеске кедергісі тиюі мүмкін басты бес фактордың бірі ретінде атайды.

Қазақстанға тоқталар болсақ, біздің елде бизнестің дамуына жаһандық басты кедергілер ретінде сарапшылар мұнай бағасының арзандауын, қаржы механизммі мен институттарының әлсіздігін, яғни банктердің сенімсіздігін, инфляцияның күшейіп кету қаупін, салық дағдарысын және жұмыссыздық пен әлеуметтік толқуларды атайды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу