Ең төменгі жалақыға 14 216, зейнетақыға 2363 теңге қосылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5941

42 мың теңгеге көп нәрсе алуға болатынын мәлімдеген министр, келесі жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі неше есе өсетінін білмейтін тәрізді.  

Ең төменгі жалақыға 14 216, зейнетақыға 2363 теңге қосылады

"2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес, алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қазір 2405 теңгені құрап отырған айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 120 теңгеге өсіп, 2 525 теңге болады (АЕК-ні зейнетақы, жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу, сонымен қатар айыппұл мен салық төлемдерін қолдану үшін жыл сайын мемлекет белгілейді). Ал осыған дейін 28 284 теңге болған ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 14 216 теңгеге көбейіп, 42 500 теңгені құрайды.

Орайы келіп тұрғанда естеріңізге салайық, еліміздегі ең төменгі жалақыға өмір сүру мүмкін бе деген сұраққа қазан айында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: "Еліміздегі орташа жалақы көлемі 163 мың теңге. Бұл көрсеткіш өсіп келеді. "Ең төменгі күнкөріс деңгейі - 28 мың теңгеге өмір сүруге бола ма?" деген сұрақ дұрыс емес, себебі Қазақстан халқының басым бөлігі бұдан көп жалақы алады. Елбасы 2019 жылдан бастап бұл санды 2 есеге өсіруді тапсырды. Енді бұл сома 42 мың теңге болады. 42 мың теңгеге көп нәрсе алуға болады деп ойлаймын", – деп жауап берген.

Министр ЕТЖ 2 есе өсетінін айтады. Біз көбейту кестесіне салсақ та, қоссақта 42 500 теңгені шығара алмадық. Неге екенін қайдам, қайта-қайта 56 568 теңге шыға береді. Мамандар басқаша есептей ме, әлде министрдің екі есе дегені біздің екі еседен ерекше ме, дәл осы тұсын түсінбедік.

Нақтылай кетейік, биыл базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөрiс деңгейi 28 284 теңгені құрады. Жаңа жылда бұл сомаға 1414 теңге қосылып, ең төменгi күнкөрiс деңгейi 29 698 теңгеге жетеді.

Ұмытпасаңыздар, биыл 1 шілдеден бастап зейнетақы төлеу тәртібі өзгерді. Бұдан былай базалық зейнетақының мөлшері зейнеткерлердің еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты болады.

Бұған дейін елімізде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей төленді. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына сәйкес тағайындалып жатыр. Зейнеткердің еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлде болмаса оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ы төленеді. Бұл кепілдендірілген сома. Себебі базалық зейнетақыны ешкім бұл сомадан төмен алмайды.

Еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда тағы 2% үстеме қосылады. Мысалы 11 жыл еңбек өтілі бар зейнеткер төменгі күнкөріс деңгейінің 56%-ын алады. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің шекті мөлшері төленеді. 

Ынтымақты жүйеде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі есептеледі және ол еңбек өтілі мен жалақыға тәуелді болады. Еңбек өтілі бар, бірақ зейнетақы есептеу үшін табысы жеткілікті болмаса, онда ең төменгі зейнетақы алады. 

Әйелдерге келетін болсақ, олар зейнетке төмендегі кесте бойынша шығады

.

Биыл мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң ең төменгі мөлшерi (МБЗ) 15 274 теңгені құрады. Келесі жылы 16 037 теңге болады. Мұндағы өсім – 706 теңге. 2018 жылы зейнеткерлерге ең төменгi зейнетақы ретінде 33 745 теңге төленді, 2019 жылы ең төменгі зейнетақыға 2363 теңге қосылып, зейнеткерлерге 36 108 теңге беру жоспарланған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу