Жеңілдіктің тиімділігі жаңғыру арқылы бағаланады

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2720

Күзге қарай ұлттық экономика министрлігі парламенттің қарауына Салық кодексінің  түзетілген жаңа  нұсқасын ұсынуды жоспарлап отыр.

Жеңілдіктің тиімділігі жаңғыру арқылы бағаланады Фото: eurasiancommission.org

Экономикалық мекеме басшысы Тимур Сүлейменов мәлімдегендей,  жаңа құжаттың басты міндетінің бірі – тиімсіз жеңілдіктен құтылып, жеңілдік базасын кеңейту болады.

"Біз салық жинау базасын сақтауға және мүмкіндігінше кеңейтуге міндеттіміз. Сонымен бірге біз жолдауда аталған мақсатқа жету үшін жалпы салық жүйесін қайта пішімдеуге тиіспіз. Осыған байланысты біз қосылған құнға салық салу жүйесін жетілдіреміз жалпы салықтық басқаруды жеңілдетеміз, жер қойнауын пайдаланушылар жүйесін жетілдіреміз, яғни біз өзіміздің негізі салаларымыздың тартымдылығын арттыруымыз тиіс, минералды-шикізат базасын кеңейтуге мүмкіндік беретін тәртіпті орнатуымыз керек. Салық салу жүйесі осы бағытта жетіледі. Еліміздің үшінші жаңғыруының мүддесіне жауап бермейтін барлық тиімсіз салық жеңілдіктері тоқтатылады", – деді ол Астанада өткен ұлттық экономика министрлігінің алқа отырысында.

Дәлірек айтсақ, ҚҚС алу жүйесін жетілдіру (электронды шот-фактура, ҚҚС бойынша жекелеген жеңілдіктерді тоқтату арқылы), қолданыстағы салық тәртіптерін оңтайландыру (бизнесті көлеңкеден шығару және заңды айналымға тарту) көзделеді. Жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу жүйесін жетілдіру бойынша (жаңа кен орындарын ашуда инвестициялық қызметті көтеру), сондай-ақ ДСҰ мен салықтық басқаруды жетілдіруге қарсы келетін тиімсіз салық жеңілдіктерін тоқтату бойынша шара қолданылады.

Іс жүзінде мүлде жаңа салық саясатын жасау жоспарлануда. Сүлейменов мырза айтқандай, мұнда "салық жинаушы әрқайсысының артынан жүгіреді деген емес,  салық төлеу, есеп беру оңай болатындай жасалады".

"Яғни салық аз болса да, заңсыздыққа жол бергенше, төлеген дұрыс. Біз өзін-өзі жұмыспен қамтушылардан үлкен үміт күтеміз, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін барлық экономикалық белсенді азаматтар осы жарнаны төлеуге міндетті болады және сәйкесінше салықтық басқару құралдары да түзетіліп, осымен байланысады. Сонымен бірге ең бастысы, біз жалпы экономикалық белсенділіктің кеңеюін күтіп, болжам отырмыз. ЖІӨ 1% өссе бір жөн, 2,5%-ға өссе мүлде басқа жағдай туады. Үлкен инвестициялар экономикаға салынуы жалғасатындықтан, экономикалық белсенділік жоғары деңгейде қалыптасады  сәйкесінше, бұл салық базасының негізі болмақ. Яғни экономикалық белсенділік пен салықтық база кеңейтілсе, салықтық басқару жеңілдетіліп, салық саясатының тиімділігі артады", – деп сендірді министр.

Ал жаңа салық түрлерін енгізу мәселесі қарастырылған жоқ. Ұлттық экономика министрлігі "экономикаға жүктелетін қысымды көтеруге де, төмендетуге де" ниетсіз. Алайда "салық жүйесіне белгілі бір өзгеріс енгізу қажет".

"Технологиялық жаңғыруға жол ашпайтын салық жеңілдіктері жолдауда аталған мақсатқа жетуге жол бермейді, мұндай салық жеңілдіктерін тоқтату керек. Бұл мемлекеттік қолдау құралдарының барлығына қатысты", – деп баса айтты Тимур мырза.

Еске сала кетейік, Салық кодексінің жаңа түзетілген нұсқасы елімізде талқыланып келе жатқанына бірнеше ай болды. Ең басында Салық және Кеден кодекстері біріктіріліп жасалады деп болжанған болатын, сондай-ақ оған ЕАЭК кодексінің  нормалары енгізілмек болған, алайда іс барысында бір құжат жасау туралы ойдан бас тарту туралы шешім қабылданды. Бүгінде Кеден кодексі бөлек әзірленіп жатыр және оған ЕАЭК-тің Кеден кодексінің нормалары енгізілуде.

Салық кодексіне келер болсақ, еліміздің бизнес-қоғамдастықтары қолданыстағы Салық кодексінің күрделілігін және түсінуге қиындығын алға тартқан болатын. Одан бөлек, бүгін бизнес, түрлі есептеулер бойынша, салықтың 7-13 түрін, өзге міндетті төлемдердің 16 түрін, 7 бюджеттен тыс төлемдерді төлейді. Жинақтап келгенде елімізде салықты қоса алғанда 36 міндетті төлем түрлері бар.

Жаңа Салық кодексінің жобасын талқылауға бизнес-қоғамдастықтар да қатысуда. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының базасында сарапшылар тобы құрылды. Жұмыс тобының мүшелері салық қысымын төмендетіп, басқару мен заңнаманы жеңілдету арқылы іскерлік белсенділікті ынталандыратын құжат жасауға ниетті.

Ирина Севостьянова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу