Дағдарысқа қарсы іс-шарадан орнықты дамуға көшеміз

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4530

Үкімет пен Ұлттық банк экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттарын анықтап, бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Дағдарысқа қарсы іс-шарадан орнықты дамуға көшеміз

Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев дағдарысқа қарсы іс-шаралар аяқталып, еліміз биыл орнықты даму бағытына көшкенін жеткізді. Сондықтан таяу жылдарға арналған өсудің негізгі қозғаушы күшін нығайту керек.

Данияр Ақышевтің айтуынша, бірлескен мәлімдеменің қабылдануы, ондағы шараларды жүзеге асыру макроэкономикалық саясаттың ұзақмерзімді мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

"Былтыр инфляциялық процестерді тұрақтандыру саласындағы, "Қазкоммерцбанк" пен "РБК Банк" -тің проблемаларын шешудегі бірлескен іс-қимыл елдегі макроэкономикалық ахуалдың жақсаруына ықпал етті. Негізгі экспорттық тауарлар бағасының қалпына келуі және адекватты бағам саясаты алғаш рет 2015, 2016, 2017 жылдарда байқалған ағымдағы шоттың дефицитінен арылуға мүмкіндік берді. Бұл елдегі төлем балансында теңгерімсіздік тудырмайтын айырбастау бағамының деңгейі дұрыс екенін білдіреді. Сыртқы нарықтағы жағымды жағдай және макроэкономикалық тұрақтылық сақталып, биыл да оң үрдіс жалғасады деп сенеміз", – деді Данияр Ақышев.

Төраға Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу және теңгенің өзгермелі айырбастау бағамы саясаты режимінде ақша-несие саясатын іске асыруын одан әрі жалғастыратынын атап өтті.

"Биыл Ұлттық банктің ақша-несие саясаты инфляцияны жылдың соңында неғұрлым төмен нысаналы бағдар 5,0-7,0%-ға жеткізуге бағытталатын болады. Бұл инфляцияны 2020 жылдың соңына қарай 4%-ға дейін біртіндеп төмендетудің маңызды қадамы. Инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін ақша-несие саясаты құралдарының стандартты жиынтығы пайдаланылады. Бұл ретте жекелеген элементтерді жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады", – деді Данияр Ақышев.

Сондай-ақ қаржылық реттеушінің басшысы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені инфляцияның нақты және болжамды мәндеріне қарай белгілейтінін айтты.

"Ұлттық банк банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Банктерді біртіндеп қалыпқа келтіру экономиканың нақты секторын несиелеуге қолдау көрсетеді", – деді Данияр Ақышев.

Төраға 2018 жылы қаржылық реттеу саласында атқарылатын жұмыс инвестициялық шешімдер сапасын арттыруға, қаржы компаниялары басшылары мен иелерінің, тәуелсіз аудиторлардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталатынын атап өтті. Сонымен қатар, ырықтандырылған валюталық режим сақталған жағдайда валюталық бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылдау болжанып отыр.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың баяндауынша, 2017 жылы Қазақстан экономикасы 4,0% өсім көрсетті. Негізгі капиталға түсетін инвестициялардың өсу қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға артты.

Министр атап өткендей, экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған басты бағыттары мыналар: макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету, цифрлық құрамдауышты қоса алғанда экономика салалары мен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

"Үкіметтің назары азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағасының, монополист компаниялар көрсететін қызмет тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеуге аударылады. Сондай-ақ жасанды тапшылық, бағаға уағдаласу және жосықсыз бәсеке құру мүмкіндігі жойылады", – деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, бюджет саясаты 2018 жылы экономиканың өсуіне, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытуға және мемлекеттік қаржы тұрақтылығын сақтауға жәрдемдесуге бағытталады. Бұл ретте мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалады деп күтілуде.

"Цифрлық құрамдауышты қоса алғанда, экономика салаларын дамыту мақсатында индустрияландыру картасы жобаларының жобалық қуаттылыққа шығуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғарғы технологиялы өндірістер үлесін ұлғайту көзделуде. Бұл ретте 3D-принтинг, Big data және бұлтты технологиялар сияқты "Индустрия 4.0." элементтерін енгізуді ынталандыру бойынша жұмыс жүргізіледі", – деді Тимур Сүлейменов.

2018 жылы инновацияларға, технологиялардың трансфертіне және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға жәрдем беріліп, "цифрлық дәуір" өнеркәсібінің қалыптасуына бағытталған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеу басталады.

Агроөнеркәсіптік кешенде ауыл шаруашылығы кооперациясын одан әрі дамыту есебінен егістік алқаптарын әртараптандыру және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыру бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу