10 жыл бойы түк бітірмеген фосфор зауыты қайта іске қосылды

7021

"Өркен" ЖШС Лисаков кен орнындағы темір кен концентратын фосфордан арылту бағдарламасын қайта іске қосты.

10 жыл бойы түк бітірмеген фосфор зауыты қайта іске қосылды

Кәсіпорынның бұл технологияны бір ретке келтіре алмай отырғанына 10 жылдан асты. Осының салдарынан кәсіпорынның жыл сайын саудаға шығарылатын өнім көлемі азайып отыр. "Өркен" ЖШС-і 2016 жылдың жоспарына сәйкес "АрселорМитталТеміртау" компаниясына 1,15 млн тонна темір кен консентратын жөнелтуі керек еді. Алайда, компанияның баспасөз қызметі берген 1 желтоқсандағы мәліметке сүйенсек, нақты 683 мың тонна өнім жөнелтілген, яғни, жоспардың 56,9%-ы ғана.

"Өркен" ЖШС Лисаков филиалы директоры Александр Бабичтің айтуынша, 2015 жылы 843,4 мың тонна өнім жөнелтіліп, 2014 жылғы көрсеткіштен 46%-ға азайған. Концентратты тұтынудың төмендеу себебі оның құрамындағы фосфордың көптігінен деп түсіндіреді "АрселорМитталТеміртау" компаниясы.

"Өркен" ЖШС ресми мәліметі бойынша, Лисаков концентратындағы фосфор 0,7-0,8%. "Осы жағдай барлық металлургиялық процеске кері әсер етіп отыр. Фосфор тек конвертерлік өндіруде ғана жойылады. Құрамында фосфоры көп шойынды өңдеу жарамды болатты шығаруды төмендетеді", – дейді "АрселорМитталТеміртау" компаниясы.

Сонымен бірге, АМТ-ның айтуынша, тұтынушылардың талабы бойынша, фосфорды қажетті деңгейге жеткізу үшін болатты шөміш-пеште өңдеу циклын арттыру керек.

"Өркен" ЖШС құрамында фосфордың аз мөлшерлі консентратын жеткізу қажет екенін жақсы түсінеді. Компаниядағылардың айтуынша, Лисаков кенін фосфордан арылту мәселесімен ғалымдар 20 жылдан бері айналысып келеді. 2004 жылы бұл мәселені шешу қарастырылып, ресейлік "Механобр инжиниринг" акционерлік қоғамы фосфордан арылудың жаңа технологиясын ұсынған еді. Жобаны іске асыруға 45 млн доллар жұмсалды. Фосфордан арылтудың жаңа цехы концентрат құрамындағы фосфорды 0,7-0,8%-дан 0,25-0,3%-ға дейін азайту керек болатын. Сондай-ақ концентрат құрамындағы темір 10%-ға көбейеді деп күтілген еді. Компания мәліметі бойынша, цехтың тек бір секциясының өзі ай сайын 145 мың тонна темір концентратты шығара алатын. Ал екінші секцияны іске қосу бұл көлемді айына 210 мың тоннаға дейін жеткізеді. Алайда, 2007 жылы іске қосылған бұл цех 2012 жылы өз жұмысын тоқтатты.

"Концентратты фосфордан арылту жабдығы зертханада жақсы жұмыс істеді. Ал өндірісте бұл ойдағыдай жұмыс істеп кете алмады. Жабдық жиі істен шығып қалып отырды. Оны қайта-қайта жөндеп, іске қосып отырдық. Бірнеше технологияны қолдансақ та, осы жабдықты тұрақты жұмыс істете алмадық. Біздің жұмысымыздың ең әлсіз тұсы осы болды", – дейді АМТ-ның атқарушы директоры Иво Хмелик.

Қазіргі уақытта бұл мәселені шешуге Бардин атындағы Қарағанды химия-металлургия институты мен "Outotec" ЖШС-і тартылған. "АрселорМитталТеміртау" АҚ ақпаратына сүйенсек, ғалымдардың ұсынған технологиялары бойынша зертханалық сынақ жүргізілген. Дәл қазіргі уақытта қарағанды институтының "Лисаков концентратын фосфордан арылту және термомагниттік байыту технологиялары" жартылай өнеркәсіпті сынау кешенін орнатуға қатысты ұсынысы қарастырылып жатыр. АМТ компаниясы тек жартылай өнеркәсіптік сынауды өткізгеннен кейін ғана ұсынылған әзірлемелерді қолданудың келешегі туралы сөз қозғауға болатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу