16 шілдеде Қазақстанның барлық өңірінде митинг өтуі мүмкін

2668

Ата-аналар балаларының тегін секциялардан мүлдем қағылуынан қорқады.

16 шілдеде Қазақстанның барлық өңірінде митинг өтуі мүмкін

Елдегі көптеген облыстар мен қалалардың әкімдері бастамашыл топтардан 16 шілдеде бейбіт митинг өткізу жөнінде хабарлама ала бастады. Ол акциялар тақырыбы саясаткерлердің шешіміне қатысты болғанымен, саясатқа қатысы жоқ көрінеді. Барлығы да ArtSport бағдарламасын реформалауды тоқтату мақсатында бейбіт жиналуға бағытталған көрінеді.  

Ұйымдастырушылар өз хабарламаларында "Бейбіт жиналысты өткізуді қаржыландыру көзі" деген графаға "Төл қаражатым" деп көрсеткен. Дегенмен олардың бәрінің бір жерден үйлестірілуі мүмкін екені аңғарылады. Біріншіден, өтініштердің барлығы дерлік бір шаблонмен жазылған. Мысалы, Қазақстан 2005 жылғы 28 қарашада ратификациялаған "Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті" секілді құжаттарға сілтеме жасап, митингті өткізуге әкім тыйым салса, онысы заңға да, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне де қайшы болатынын алдын ала ескертеді.

Екіншіден, кейбір ұйымдастырушылар өз қаласының не өз облысының әкіміне жолдаған, тек жергілікті жерге ғана қатысты өтінішінің электронды нұсқасын "митинги по всей республике.docx" деп сақтап, жолдаған. Егер митинг бүкіл республикада қатар өткізілетінінен алдын ала хабардар болмаса, хабарламасын солай атамас па еді деген сауал туады. Бәлкім, шаблонның бастапқы атауын қалдыра салуы да мүмкін.

Үшіншіден, ұйымдастырушыларды тексергенде, олардың көбі жеке кәсіпкер екенін білуге болады. Демек оның өзі АртСпортқа қатысушы-өнім беруші мүдделі тұлға болуы мүмкін.

Ақыр соңында, барлық өңірдегі, соның ішінде тіпті мегаполистердегі ұйымдастырушылар митингке қатысушылар санын 100 адаммын шектеп отыр. Бір жағынан, бұл қауіпсіздікті сақтауға және шерудің бүлікке ұласып кетпеуін бақылауға жақсы. Басқа жағынан осының өзі телеарналарда қаралымды сюжет жасау үшін жеткілікті саналады.  

Жалпы inbusiness.kz ArtSport бағдарламасын реформалауға қатысты Мәдениет және спорт министрлігінің ұстанымын бұған дейін берген болатын. Енді оған қарсы тараптың дәйектемелеріне құлақ түрсек.

Абай облысының әкімдігіне хабарлама жолдаған бейбіт жиналыстың ұйымдастырушысы Әйгерім Қанапинаның айтуынша, 16 шілдеде Семей тұрғындары қаланың Орталық алаңына жиналуға ниетті. Қатысушылар саны қалың-нөпір емес, шамамен 100 адам ғана болмақ. Митинг таңғы 11:00-де басталып, түскі 13:00-де аяқталады.

"Митингіміздің мақсаты – Президент Тоқаевтің реформаларын қолдау және "АртСпорт" бағдарламасына Мәдениет және спорт министрлігі енгізгелі отырған түзетулерге қарсылығымызды білдіру. Жиналыс дәстүрлі түрде өтеді, тәртіпсіздік болмайды. Плакаттар, транспаранттар және көрнекті үгіттің өзге де құралдарын көтеріп шығамыз. Дауыс күшейткішпен ұран тастаймыз. Шеру жасап, қаланы аралау ойымызда жоқ. Көлігіміз де жоқ. Митинг алаңда тіктен тік тұрған күйде өтеді", – дейді Әйгерім Қанапина.

Белсенді ретінде оның өзі сөз сөйлеп, жиналғандарға "АртСпортқа" ұсынылып отырған түзетулердің халыққа және бизнеске зиянын түсіндірмек. Биліктен бұл өзгерістерден бас тартуды талап етпек.

Егер билік тыиым салып тастамаса, белсенділер астананың бірнеше жерінде митинг өткізбек. Ұйымдастырушылардың бірі Нұрсұлу Елембаева елорда әкімі Алтай Көлгіновтың атына бағыттаған хабарламасында бейбіт жиналысқа Жеңіс, Абай даңғылдары мен Т.Бегелдинов және Желтоқсан көшелері шаршысын бөлуді сұрады. Митинг 16 шілдеде сағат 14:00-де басталып, 16:00-ге дейін ғана ұзайды. Қатысушылар саны – шамамен 100 адам. Ол аталған халықаралық пактінің 21-бабына сәйкес, бейбіт шерулерге деген құқыққа ешқандай шектеу қоюға болмайтынын әкімнің есіне салады. 

Ал тағы бір ұйымдастырушы Айгүл Самат Нұр-Сұлтанның "Астаналық" циркінің ғимараты алдындағы алаңда митинг өткізуді қалады. Митинг барысында музыкалық бағдарлама өткізіліп, онда АртСпорт аясында үйірмелерге барған балалардың ән шырқап, би билеуі, сондай-ақ мерекелік шарларды тарату, үнпарақтар, транспаранттар көтеру, микрофонмен сөз сөйлеу жоспарланыпты.

Ұқсас ұсыныстар өзге қалаларды да қамтиды.

Айтқандай, Нұр-Сұлтан әкімдігі біраз ұйымдастырушылардың сұрап отырған алаңдарда митинг өткізу туралы өтініштерін қанағаттандырудан бірден бас тартып, қаулы қабылдады. Қала басшысы Алтай Көлгінов өз блогында бұған бағынбай, митинг өткізу тәртібін сақтамағандар заңға сәйкес жазаланатынын қатаң ескертті.

Өзге қала-облыс әкімдері әзірге өтініштер қаралып жатқанын айтып, қысқа қайырды. Оның үстіне билік "қайта күш алып" келе жатқан пандемияны да тыйым салу мақсатында пайдалануы ғажап емес.

Митингтерде қандай талаптар қойылуы мүмкін?

Ұйымдастырушылардың бірі Тоты Смағұлова АртСпортқа енгізілетін түзетулер аясында әкімдіктердің өнім жеткізуші кәсіпкерлерді тексеруіне қарсы екенін айтады.

"Біз мемлекеттің бюджеттен қаржыландырылатын қызметтің қаншалықты сапалы ұсынылеп отырғанын бақылауына қарсы емеспіз, бірақ оны тек қоғамдық бақылау және мониторингтік топтар арқылы жүргізуді ұсынамыз. Бұл – бір. Екіншіден, Артспорт бойынша тарифтердің арзандатылуын қолдамаймыз. Үшіншіден, үйірмелер түрлері санының қысқартылуына наразымыз. Төртіншіден, әрбір балаға 2 ваучерден беру құқығы ары қарай сақталсын дейміз. Бесіншіден, жаттығулар түрлері бойынша балалардың ең төменгі жасын көтеруді де жақтамаймыз. Алтыншыдан, үйірмелер мен спорт секцияларына арналған орын-жайларға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатайтылуына қарсымыз", – деп термеледі ол.

Оның пайымдауынша, жаңа өзгерістер 2022 жылы АртСпорт бойынша шығармашылықпен, өнермен, спортпен қамтылған балалардың әрбір өңірдегі үлесін 30%-ға жеткізу міндетінің орындалуына бөгеу болмақ.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қауымдастығының төрағасы Лана Болат ата-аналардың қолдауына ие болғандарына назар аудартты.

"Олардың бәрі – ата-аналар, сондай-ақ бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлер шенеуніктерден балаларға спортпен, шығармашылықпен тегін айналысуға мүмкіндік беретін ArtSport-ты қолдауды талап етеді. Алайда Үкімет олардың талабына құлақ асатын емес. Оның орнына спорт министрлігі ArtSport үшін өзгерістердің тұтас пакетін әзірледі. Онысы бағдарламаны тоқыратуы мүмкін. Бағдарлама 4-тен 17 жасқа дейінгі балаларға мембюджет есебінен әрі бір мезгілде спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге баруына жол ашты. Бұрындары үйірме-секциялардың ақысын төлеуге қауқары жетпей, баласы үшін босқа армандаған талай ата-ана бағдарлама арқасында сол мұратына жетті. Ал білікті бапкерлер мен педагогтер тұрақты жұмыс тапты", – дейді Лана Болат.

Ол бағдарламаның бірнеше олқылығы барын жеткізді. Оның жылдық бюджеті санаулы ай ішінде таусылған. Салдарынан 2022 жылғы көктемде бүкіл ел бойынша жеткізушілер алдында мемлекеттің көпмиллиондық қарызы қордаланды. Яғни бағдарлама сонша сұранысқа ие болады деп күтпесе керек. Бұл ретте 4-17 жас аралығындағы 4,5 миллион баланың небары 10%-ы немесе 788-і ғана қамтылып үлгерген.

Сөйтіп біраз өңірде бағдарлама уақытша доғарылды, бұл тұрғындардың ашу-ызасын туғызды.

"Мәдениет және спорт министрлігінің бағдарламаны дамытуға ниеті шамалы көрінеді. Керісінше, ведомство таяуда министрдің жаңа бұйрығының жобасын ұсынды. Оған сәйкес, АртСпортты өңірлерде қаржыландыру көлемі 50%-ға, ал мегаполистерде – 30%-ға кесіп тасталмақ. Үйірмелер мен секциялар тарифін төмендету жеткізушілердің жұмысын күйретеді. Олар бағдарламаға қолданыстағы тарифтерді негізге алып қосылған. Олар залдарды жалға алу, жалақы, салықтар төлеу бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелер алды. Бұдан бөлек, тегін секциялардың тізімі айтарлықтай өзгермек: тек шығармашылықтың 59 бағытының 30-ы қысқарады", – деді қауымдастық төрағасы.

Тағы бір жаңашылдық – бір қолға тек бір ваучер берумен шектемек. Яғни әр бала әртүрлі өнер не спортқа шабылмай, біреуін таңдауы шарт.  

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үйірмелер мен секциялар саны еселеп азайтылады деп жоспарланыпты. Қазіргі 45 секцияның 4-еуі ғана қалмақ.

ArtSportEdu жеткізушілері қауымдастығының құрылтайшысы Жанар Тұрғынбаеваның мәліметінше, өнім жеткізушілерге жергілікті басқармалардан мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың өткізіліп жатқан жаттығуларын да өтеуге бюджетте қаражат жоқтығы туралы ескертпе хаттар түсіп жатқан көрінеді. Мұндай "суыт" хабарлар Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларын, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарын дүрліктіруде.

Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, жылдың бастапқы айларында ғана спорт секцияларында 249 611 баланы тегін жаттықтыруға – 17,5 млрд теңге, шығармашылық үйірмелерде 246 849 баланы өнерге баулуға – 15,1 млрд теңге, жалпы сомасы – 32,6 млрд теңге шығындалыпты.

Бірақ ведомство бұл қаражаттың үлкен бөлігі талан-тараж етілуі мүмкін деген қауіп білдіріп отыр. Өйткені жеткізушілер тарапынан алаяқтық іс-әрекеттер тіркелген деседі. Жаттықтыруларды санэпидталаптарға сай келмейтін үй-жайларда өткізіп келген. Қатысатын балаларға қатысты құжаттық және нақты деректер өзара үйлеспейді. Бір қатысып, әрі қарай бармай қойған балалар да есепте жүреді. Кейбір үйірмелер мен секциялар мықты бапкерлер мен педагогтер тізімін ұсынады, ал сабақтарды басқа адамдар жүргізеді. Сондықтан бағдарламаға жаңадан ондаған миллиард бюджет қаржысын құймас бұрын билік саланы ретке келтіріп алуға ден қойды.

Бірақ біраз шектеудің шынымен бағдарламаны нашарлататыны байқалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу