2016 жылы қай саланың маманы сұранысқа ие болды

Татьяна Киселева Татьяна Киселева
10331

2016 жылдың экономикалық ахуалы аз уақытта компанияға табыс әкелетін мамандарға сұранысты күшейтті.

2016 жылы қай саланың маманы сұранысқа ие болды

2016 жылы Қазақстандағы еңбек нарығын таза "жұмыс берушінің нарығы" деп сипаттауға болады. Бұл туралы HeadHunter компаниялар тобының бас директоры Нина Быченко мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі жағдай көптеген қызметкерге жұмысқа шыдамдылық танытып, айлығы жоғары және шарты ыңғайлы жаңа жұмыс іздеу талпынысын артта қалдыруға мәжбүр етті. "Бүгінгі күні шартты жұмыс беруші қояды, алайда дарындылар үшін күрес қалыс қалған жоқ. Компанияның ішінде дарынды қызметкерлерді ұстап отыру үшін кез келген амалды қолдануға болады", – дейді Нина Быченко.

Көптеген компания үздік кадр тарту үшін бір-бірімен бәсекеге түсіп жатыр, жұмыс іздеушінің қызығушылығын оятып, өз компаниясына тарту үшін HR брендін соған сай құрады. "Үміткердің көптігін ескеріп, HR-мамандар ең табысты жобалармен айналыса алатын, компанияда бар қабілетін көрсете алатын маманды таңдайды", – дейді ол.

Сатушылардың ұпайы түгел

HeadHunter зерттеуіне сүйенсек, 2016 жылдың екінші жартыжылдығының нәтижесі бойынша бос жұмыс орны ең көп орналастырылатын салалар – "Сауда-саттық", "Бухгалтерия", "Әкімшілік қызмет", "Маркетинг", "ІТ және телекоммуникация". Жұмыс берушілердің 90%-ы үміткерге толық күндік жұмыс уақытын ұсынады. "Бұл нарықтың ахуалы мен ақпараттық қоғамның жаңа экономикасының негізін салатын қаржылық, телекоммуникация және ақпараттық қызметтердің бірігуіне байланысты туындаған қажеттілік", – деп есептейді Нина Быченко.

Адам ресурсын басқару жөніндегі сарапшы, бизнес тренер Наталья Воронкова да бұл пікірмен келіседі. Оның пайымдауынша, сауда-саттық менеджеріне және сауда өкіліне деген қажеттіліктің төмендеуі экономиканың құлдырауына байланысты болып отыр. "Нарықтағы орнын сақтап қалу үшін көптеген сауда және сауда-өндіріс компаниялары сауда-саттығын жақсартуға мәжбүр", – дейді Наталья Воронкова. Банк саласына келсек, оның айтуынша, банктерде клиенттермен жұмыс істейтін менеджерлерге деген сұраныс артқан, себебі олардың алдында да банк өнімдері мен қызметтерін сатуды көбейту қажеттілігі туындады.

Маманның мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың екінші жартысында орналастырылған бос жұмыс орындарының ішінде ең аз үлес шикізат өндіру, қызмет көрсету, сақтандыру, үй қызметі және мемлекеттік қызмет саласына тиесілі. "Бұл классикалық жағдай және, ең алдымен, осы салалардың ерекшелігіне байланысты", – деп аңғарды ол.

Іріктеп көтермелеу

QAZKOM-ның қызметкерлерді іріктеу және бағалау басқармасының басшысы Екатерина Пастухованың мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні Қазақстандағы бос жұмыс орындарына орналасу ұсынысының 50%-ы Оңтүстік Қазақстанның жұмыс берушілерінен, шамамен 30%-ы Солтүстік Қазақстанның компанияларынан, қалған 40%-ы батыс және шығыс өңірлердің жұмыс берушілерінен түседі екен.

Нина Быченконың айтуынша, барлық жұмыс орындарының жартысынан көбі Алматы және Астана қалаларында орналастырылуы дәстүрге айналған. "Қалған қалалар бойынша өңір нарығында бар компаниялар мен ашық жұмыс орындарының санына сәйкес бос орындар саны біркелкі орналастырылған", – дейді ол.

Бүгінгі таңда орташа еңбекақы 120 мың теңгеден сәл жоғары және 2015 жылмен салыстырғанда аздап өсім байқалады, алайда еңбекақыға қатысты елеулі өзгеріс болған жоқ.

"Әрине, нарықтағы жағдай еңбекақыны қалыптастыру саласында компания саясатына әсер етпей қоймайды. Бірақ біздің ойымызша, қазір бірқатар облыста еңбекақыға қатысты көзқарастың ауысуына байланысты түбегейлі өзгеріс болып жатыр. "Компания өз қызметкерлеріне айлық беру кезінде олардың кейбіріне үстемеақы қосып береді: мысалы, мен компания болсам және штатымда өте тиімді және нәтижелі жұмыс істейтін маман болса, бірінші кезекте, оны ақшалай ынталандыруды ойлаймын", – дейді Нина Быченко.

Наталья Воронкованың байқауынша, көптеген ұйымда айлығы ең төмен қызметкердің еңбекақысы айына 70 мыңнан 90 мыңға дейін көтерілген. Өсім орташа есеппен 10-30% болды және бұл девальвацияға байланысты туындаған қажеттілік деп есептейді ол. Бұл шаралар көптеген жұмыс берушіге қызметкерлерін орнында сақтап қалуға көмектескен. Ал сұранысқа ие қызметкерге келер болсақ, оған жоғары талап қойылады, алайда еңбекақы деңгейі өзгеріссіз қалған.

Дағдарыс жағдайында аман қалу әдістері

Сонымен қатар Екатерина Пастухова 2016 жылы бірқатар сауда-өндіріс компаниясында еңбекақы деңгейінің қысқарғанын байқапты, қаржылық тұрақсыздық жарнама қызметінің нарығын да жанап өтіпті.

"Қысқарту сан түрлі болды, кей компания бәсекеге қабілетсіз болып, мүлде жұмысын тоқтатқан. Көптеген компанияда қызметкер саны 10%-ға қысқарды, менің ойымша, компания үшін бұл қысқарту қатты әсер ете қойған жоқ", – дейді Наталья Воронкова.

Жалпы, Наталья Воронкованың айтуынша, 2015 жылдың аяғында нарық тұйықталса, 2016 жылдың орта тұсына қарай сұраныс пен ұсыныс теңесе бастады және бұл тенденция бүгінге дейін сақталып отыр. "Жұмыс беруші қандай еңбекақы төлеуге дайын екенін түсіне бастады", – дейді сарапшы.

Нина Быченконың мәліметіне сүйенсек, биыл бос жұмыс орын саны 27%-ға өсіпті. "Бос жұмыс орнының көбеюі нарықтың құбылмалылығына қарамастан, толық тоқыраудың байқалмайтынын айқындайды", – дейді ол. Алайда компаниялардың барлығы-дерлік өзін нарықта емін-еркін ұстай алмай отыр, кейбіреулерге бизнесін кеңейтіп дамыту үшін сәтті уақыт туды, ал ол үшін кадрлар қажет.

"Дарынды қызметкерлер үшін күрес жалғасып келеді және еңбек нарығында өзінің кәсіби білімін көрсеткендердің еңбегі жоғары бағаланады. Дағдарыс нарығы кәсіби маманды өз талабына көндірді. Болашақты болжай алатын, екіұшты мәселеде тез әрі дұрыс шешім қабылдай алатын сарапшы мен басқарушыға деген сұраныс артып келеді", – дейді Екатерина Пастухова.

Орта жастағы маманға артықшылық беріледі

Жұмыс іздеушілердің жасына келер болсақ, Наталья Воронкованың пайымдауынша, биыл жұмыс берушілер арасында 28-33 жас аралығындағы маман сұранысқа ие болыпты. "Бір жылда бірнеше компанияда жұмыс істедім және осы әдетті жиі байқадым. Бұл жастағы адамның белгілі бір тәжірибесі бар және жауапты жұмысқа орналасарда мансабының жоғарылауын күтеді", – дейді ол. Қазір нарықта 50-ден жоғары жастағы маман жоқтың қасы. "Мұндай қызметкер осы кезеңге дейін қол жеткізген лауазымын сақтап қалғысы келеді, сондықтан жұмыс орнын ауыстыруы сирек кездеседі. Жұмыс берушінің өзі де 45 жасқа дейінгі маманды жұмысқа қабылдағысы келеді", – деп ойын білдірді ол.

Ал Нина Быченко онымен келіспейтінін айтады, бүгінгі күні жұмыс беруші маманның жасына қатысты қатып қалған қағидаға бет бұруды қойды деп есептейді ол. "Егер сен сан түрлі қызметті атқаруға қабілетті болсаң, өзгерістерге икемді әрі тез бейімделетін болсаң, "білмеймін, істемеймін" деген ұстанымнан аулақ болып, мәселені шешудің жолын іздейтін болсаң сенің алдыңда кәсіби деңгейде көтерілуге жол ашық", – деп ойлайды ол.

Тенденция сақталады

Нина ханымның айтуынша, ұлттық валюта бағамының төмендеуіне қарамастан 2016 жылы елімізде шетел маманы қысқарған жоқ. "Керісінше жобалық қызметке байланысты кадрлардың көшіп-қонып жүргенін байқаймыз. Қазақстанда тұрмайтын, алайда елімізге көшіп келуге дайын үміткерлер түйіндемелерінің санын есептейтін болсақ, 2016 жылы бұл көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 2 есеге көбейді", – дейді ол.

Алайда кейбір компания шетел маманын рәсімдеудің әуре-сарсаңынан құтылып, отандастардың кәсіби қабілетін тиімді пайдалану мақсатында саналы түрде шетелдің жұмыс күшін тартудан бас тартқанын айтады Екатерина Пастухова. "Кедендік одақтың аясында өзге елден маман тарту жеңілірек болды, бұл көршілес елдермен тәжірибе алмасуға игі әсерін тиігіп жатыр", – дейді маман.

Жалпы, оның болжамы бойынша келер жылы да бизнестің барлық саласында қарқынды бәсекелестік сақталады. "Қатардағы маманға келсек, тауар өткізу саласындағы орындар өзектілігін жоғалтпайды. Ақша ағымын сапалы басқару – бұл да топ-менеджменттің өзекті талаптарының бірі, сәйкесінше сауатты қаржыгер мен есепшіге деген сұраныс жоғары болып қала береді", – деп сеніммен айтты Екатерина Пастухова.

Оның ойынша, әкімшілік қызметкер, оператор, құжат өңдеу маманына деген сұраныс біртіндеп төмендей бастайды, осыған байланысты еліміздің компанияларында бұл үдерістер автоматтандырылып жатыр.

"Біздің пайымдауымызша, 2017 жылы Қазақстанның еңбек нарығында түбегейлі өзгеріс болайын деп тұрған жоқ. Кадр нарығында жұмыс берушіге басымдық берілетін тенденциялар сақталады. Алдағы жылы табысқа жетіп, ірі холдинг пен корпорация аңдып жүрген кадрлық элитаға айналу үшін үнемі даму керек: саланың жаңалықтарынан қалыс қалмай, болашақта табыс әкелетін дүниелерді үздіксіз үйрену қажет", – деп ойын түйіндеді Нина Быченко

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу