2017 жыл еліміздің қаржы секторы үшін несімен есте қалды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11230

Abctv.kz  өтіп бара жатқан жылдың қаржы саласында орын алған елеулі оқиғаларға шолу жасайды.

2017 жыл еліміздің қаржы секторы үшін несімен есте қалды

Банк секторы айтарлықтай өзгеріске ұшырады
Жыл басында Ұлттық банк бекіткен нысалы шек 6-8% еді. Инфляция көлемі осы деңгейден асқан жоқ. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев атап өткендей, қарашада жылдық инфляция 7,3%-ды құраса, 11 айдағы жинақталған инфляция 6,3% деңгейінде қалыптасты. Ал 2018 жылы нысаналы шек ретінде 5-7% аралығы қарастырылып отыр.

Данияр Ақышев 2017 жылдың 1 қаңтары мен 21 желтоқсаны аралығында теңге бағамы іс жүзінде өзгерген жоқ (0,3%-ға әлсіреді) деп мәлімдеді. Ал желтоқсанда ұлттық валютамыздың бағамы бір АҚШ доллары үшін 332,75-335,68 теңге аралығында аздап ауытқыған.

Жалпы, биыл банк секторы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Жекелеген банктердің акционерлері ауысты, банктер біріктірілді.

"Ұлттық банк қызметінің банк секторын реттеу және дамыту ісіндегі негізгі бағыты еліміздегі банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыру болды. Бағдарлама шеңберінде "Қазкоммерцбанкті" қалыпқа келтіру шаралары қабылданып, 5 ірі банкке мемлекеттік қолдау көрсетілді", – деді Данияр Ақышев.

Сондай-ақ биыл сақтандыру нарығының жұмысы ілгеріледі. Осы жылы сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері мен міндеттемелері тиісінше 9%-ға және 5%-ға (2017 жылғы 1 желтоқсандағы дерек бойынша 936 және 422 млрд теңге) өсті. Жиналған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемі 11 айда 3%-ға (343 млрд теңге) ұлғайды.

Ұлттық банк төрағасы мәлімдегендей, Қазақстанның қор нарығындағы негізгі көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған. Акциялар мен борыштық бағалы қағаздар нарығын капиталдандыру соңғы 12 айда 26 трлн теңгеге дейін, яғни 15,6%-ға ұлғайды. Қазақстан қор биржасының индексі (KASE индексі) 1 желтоқсанда 2 057,28 тармақты құрай отырып 54,9%,-ға өсті.

Біріктірілген банктер
Биыл "Халық банк" пен "Қазкоммерцбанк" біріктірілді. Данияр Ақышев бұл осы жылдағы оң бағалауға тұрарлық ымыралы іс болғанын атап өтті.

"Қазкоммербанкті" қолдау шеңберінде оны "БТА банктің" проблемалық қарызынан тазарту жүргізілді. Бұдан бөлек, қосымша провизиялардың қажетті деңгейі қалыптастырылды. "Халық банк" пен "АЛМЭКС" холдинг тобы" АҚ тарапынан "Қазкоммербанк" капиталдандырылған соң, банк бұдан кейін капиталға және өтімділікке қатысты қысым көрген жоқ. Клиенттер алдындағы міндеттемелерді дербес орындауға, сондай-ақ экономикадағы кредиттік белсенділіктің өсуін қолдауға қабілетті болды", – деп мәлімдеген болатын Данияр Ақышев.

Ол қаржылық реттеуші банк секторын шоғырландыру бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Мұндай қадам банктерді капиталдандыруды ұлғайтуға және клиенттерге қызмет көрсетудің қолданыстағы бизнес-процестерін жақсартуға мүмкіндік бермек.

"Халық банк" пен "Қазкоммерцбанктің" біргіуі нәтижесінде банк секторының активтеріндегі "Халық банктің" үлесі – 19,6%-дан 33,6%-ға, кредиттік портфельдегі үлесі – 17,9%-дан 28,5%-ға, клиенттердің салымдарындағы үлесі – 20,0%-дан 35,4%- ға дейін өседі", – деді Данияр Ақышев.

Қаржы ұйымдары "құтқарылды"
"Журналистер маған 2017 жылы Қазақстанның экономикалық саясатында орын алған бір ғана елеулі оқиғаны атап өтуімді өтінді. Менің таңдауым банктерді "құтқаруға" түсіп отыр. Өтіп бара жатқан жыл банктерді кезекті мәрте "құтқару" жылы болды деп толық сеніммен айта аламын. Банктер бюджеттік саясат және қаржы-несие саясаты шеңберінде барынша "сауықтырылды". Атап айтқанда, "БТА банктің" 2,1 трлн теңге көлеміндегі проблемалық қоржыны өтелсе, Ұлттық банк еліміздегі танымал төрт банкке 410 млрд теңге көлемінде және "Bank RBK"-ға шамамен 240 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетті", – деп жазды өзінің "Facebook" желісіндегі жеке парақшасына экономист Рахым Ошақбаев.

Шынымен, 2017 жыл банктерді "құтқарумен" де есте қалатыны анық. "Bank RBK"-ның басына қара бұлт үйірілгенін көпшілік жақсы біледі. Естеріңізде болса, осы жылдың қазан айында "Bank RBK" акционерлік қоғамында өтімділікке қатысты проблема туындап, осының салдарынан өз клиенттеріне қолма-қол ақша беруді шектеген еді. Ақыры бұл мәселені шешуге Ұлттық банк араласты.

2017 жылдың 22 қарашасында "Bank RBK" банктік сектордың қаржылық тұрақтылығын нығайту бағдарламасы шеңберінде ҚР Ұлттық банкінен 120 млрд теңге көлемінде алғашқы транш алды. "Bank RBK" АҚ, ҚР үкіметі, ҚР Ұлттық банкі және "Қазақмыс" компаниялар тобы арасында жасалған шекті келісім талаптарына сәйкес, 2018 жылы қаржылық тұрақтылықты нығайту бағдарламасы шеңберінде Ұлттық банк өз тарапынан "Bank RBK"-ға тағы 123,7 млрд теңге ұсынбақ.

Бүгінде "Bank RBK" АҚ-ның төлем қабілеттілігіне қатысты мәселе реттелді. Банк клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындауда.

Басына бұлт үйірілген банктің бірі – "Delta Bank". 2017 жылғы 3 қарашадан бастап "Delta Bank" АҚ банктік және өзге операцияларды жүргізу және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айырылды.

"2017 жылғы 6 желтоқсанда Ұлттық банк Алматы қаласының мамандандырылғанауданаралық экономикалық сотына "Delta Bank" АҚ-ның қызметін мәжбүрлеп тоқтатутуралы өтініш берді", - деп мәлімдеген еді Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев. Демек банктің алдағы "тағдыры" 2018 жылы белгілі болмақ.

Шағаладан шыққан шу
22 қарашада Қазақстанда 500 теңгелік жаңа банкноттың тұсауы кесілді. Алайда жаңа теңгенің бейнесі ә дегеннен-ақ сынға ұшырады. Ғаламторды пайдаланушылар жаңа 500 теңгеде бейнеленген шағаланың "ұрланғанын" айтып, жар салды. Сөйтсе ол сурет Уикипедиядағы шағалалар туралы мақаланың фотосынан аумайтын көрінеді. Ал ондағы сурет швейцариялық фотосуретшінің туындысы болып шықты. Ұлттық банк бұл мәселе туралы арнайы түсініктеме беруге мәжбүр болды.

"Суретші өз суретін әлдебір көрініске – "натураға" қарап отырып, салады. Ол көрініс табиғи объект, пейзаж, адам немесе тіпті басқа сурет болуы мүмкін. Бұл жағдайда Ұлттық банк дизайнерлері "натура" есебінде шағалалардың бейнесуреттерін пайдаланған. Банкноттағы бейнелердің барлық бөлшек-детальдарын дизайнерлер тек қолмен салады, компьютерлік графикалық редакторлар пайдаланылмайды. Бұл – өндірістік процестегі қажетті әрі міндетті шарт. Келесі кезеңде ол сурет гравюра сызықтарына көшіріледі. Гравюра дегеніміз – бейнеленетін объектінің жарық және көлеңке тұстарын графикалық штрихтар мен сызықтар арқылы беру. Мұны дизайнер цифрлық планшетте жасайды және ары қарай баспаға әзірлейді", – деген болатын Ұлттық банктің өкілі Александр Терентьев. 

Атап өтер тағы бір маңызды жайт, қазақ елінің ұлттық валютасында Ресей астанасының атымен аталатын Астанадағы "Мәскеу" бизнес орталығының бейнеленуі де жұртшылық наразылығын тудырды.

Осылайша он жылдан астам уақыт бойы, 2006 жылдан бері өзгермеген 500 теңгелік банкноттың жаңа дизайны ел ішінде дауға ұласты.

Стати һәм 22 млрд доллар
Жыл аяқталар тұста елді дүрліктірген жағымсыз жаңалық АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясының Ұлттық қордағы 22 млрд долларды бұғаттап тастауы болды. Молдовалық кәсіпкер Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алып, осындай шешім қабылдаған Bank of New York Mellon-ның әрекеті қазақстандықтарды сарсаңға түсіргендей. Бірақ...

Бірақ, біздің тарап Анатол Статиге бір тиын да ұстатпаймыз деп отыр.

"22 млрд долларды ешкім  алмайды. Бұл активтер біздің меншікте қалады. Қазақстанға тек 1 жарым миллиардтан айырылу қаупі бар. Ол талап арызда көрсетілген сома. Сотта Қазақстанның мүддесін әділет министрлігі қорғайды. Біздің үкімет молдовалық инвесторға бір тиын да беруге міндетті емес. Сондықтан Лондон сотында Анатолий Статидің алаяқтық жасағанын дәлелдеуге бар күшімізді саламыз. Сот 2018 жылдың қазан айына бекітілген", – деп мәлімдеген еді әділет министрі Марат Бекетаев.

Еске сала кетейік, Қазақстан 4 жылдан бері Молдова азаматы Анатол Стати мен оның ұлына, сондай-ақ олардың компанияларына қатысты шетелдік сот отырыстарын бастан өткеруде.

Осылайша Қазақстанды сарсаңға салға Анатол Статиге қатысты мәселе келер жылы да жалғасын таппақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу