Үкімет үшін қалыптасқан тапшылық үйреншікті дүниеге айналып бара жатқандай. Жеткіліксіз қаржының орнын салық жеңілдіктерін қысқарту арқылы толтыруға ниетті. Дегенмен мәселе бұнымен шешіле қоя ма? Қаржы саласындағы мамандар тапшылық алдағы уақытта қайталана беретінін болжауда.
Сарқылуға себепкер сала
Алдымен бюджет жеткіліксіздігінің қай межеде тұрғанына тоқталсақ. Таяуда 2024 жылдың 11 айының бюджет кірісі туралы ақпараттар жария етілді. Әуелде 21,1 трлн теңге болады деп болжанған кіріс 19 трлн теңгемен шектеліп, жоспардан 2,1 трлн теңгеге аз болып қалды. Орындалу деңгейі 90 пайыз.
Сол сияқты салық түсімдерінде де кері кетушілік байқалды. 14,3 трлн теңгеге жоспарланған меженің 10,8 трлн теңгесі ғана толығыпты. 3,5 трлн теңге жиналмай қалған. Әрине, бұндай негативті жаңалық онсыз да жеткіліксіз екені айтылатын бюджет тақырыбын өзекті ете түсті.
Бұған бірнеше себеп бары алға тартылды. Үшінші елдерден келетін импорт көлемі азайды, экспортқа шығатын негізгі металдар бағасы төмендеді. Осының әсерінен 602 ірі салық төлеушінің төлемдері 267 млрд теңгеге кеміген. Дегенмен салықтық емес кірістер мен өңірлер жоспары асыра орындалған.
Онда неге кемшілік байқалды? Мысалы, мемлекет зейнетақы мен жәрдемақыға 5,2 трлн теңге, өңірлердегі субвенцияларға 4,8 трлн теңге, ӘМСҚ-ның нысаналы жарнасына 1,6 трлн теңге жұмсаған. Жергілікті бюджет шығындары 13 трлн теңгені құрап отыр. Бұған шамасы су тасқыны әсер етсе керек.
Сайып келгенде, мәселе әлеуметтік шығындарға келіп тірелетін тәрізді. Бұл салаға кеткен шығын 6,6 трлн теңгені құраған. Негізі әлеуметтік салаға шығындардың артуын құптамайтын мамандар жетерлік. Соның бірі – экономика ғылымының докторы Атамұрат Шәменов.
– Бюджетті молайтудың бір әдісі – түсімдерді көбейту болса, екіншісі, тиімді жұмсау. Осы тұсқа келгенде мен әлеуметтік салаға қаржының көп бөлінуін құптамаймын. Шындығын айтайық, қазір қарастырылған әлеуметтік көмек атаулы осал топтарды емес, масылдарды қорғауға ұқсап кетті. "Өмірде қиын жағдайға ұшырағандар үшін" деп Арнаулы әлеуметтік қызметті ұсынады. Толығымен алып тастау керек демеймін, әйтсе де көмек түрлерін қысқарту қажет. Мысалы, көмек санатында табысы төмен, еңбекке жарамсыз, асыраушысы жоқ, жұмыссыздар іспетті толассыз топтарды қалыптастырдық. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жұмысынан айырылғаны үшін берілетін әлеуметтік төлемдер өткен жылмен салыстырғанда кемі 31 пайызға өскен, өйткені бұл төлемді алу жеңілдеді, тіпті, портал арқылы онлайн өтініш беру оңай, – дейді маман.
Шәменовтың айтуынша, елімізде 34 түрлі әлеуметтік көмек бар. Соның ішінде 15 түрі адамды жерлеуге байланысты. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, оларға теңестірілгендерді, бұрын қауіпті аймақтарда жұмыс істегендерді, әлеуметтік жәрдемақы алып келгендерді жерлеуге қаржы бағытталған. Осындай елеусіз дүниелердің өзі бюджет тапшылығын арттыра бермек.
Министр ауысқаннан нәтиже бола ма?
Бюджет кірістерінің жоспардағыдай орындалмауы себепші ме, әйтеуір бірнеше күн бұрын аяқ асты Нұрлан Байбазаров вице-премьер – Ұлттық экономика министрі қызметінен босатылғаны хабарланды. Сенбі күні Ақорда сайтында тиісті жарлық жарияланды.
Біздің болжамымызша, бюджеттің толықпауы осы шешімге әсер еткендей. Байбазаров бұл қызметте бір жылға толмайтын уақыт қана отырды. Қазан айында Байбазаров 2025 жылы болжам бойынша, жалпы ішкі өнім өсуі 5.6 пайыз болады деп мәлімдегені есте. Осыған дейін үкіметке ЖІӨ өсімін 6 пайыздан кем қылмау жөнінде тапсырма берілген еді.
Ал үкімет мәліметінше, биыл қаңтар мен қараша айларында ЖІӨ өсімі 4,4 пайыз ғана болды. Бұған себеп ретінде мұнай өндірісінің болжам бойынша көрсеткішіне жетпеуі, яғни, 2024 жылғы қара алтын өндірісінің болжамы 88,4 млн тоннаға төмендетілгені айтылды. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өндіріс 2 пайызға төмендеп отыр.
Айтпақшы, сенбі күні вице-премьер Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Оның тұсында бұл кемшіліктер қайталана ма, жоқ па – уақыт еншісіндегі дүние.
Жағдай келер жылы да қайталана ма?
Ендігі секем – 2025 жылы да бюджет кірістерінің толықпай қалу мүмкіндігі бар. Бұны ешкім жасырмайды, геосаяси ахуал ушығып, аумалы-төкпелі кезеңдер болып жатқанда, бюджеттік жоспар құру оңай емес, түрлі факторларды ескеріп отыруға тура келеді.
Ел экономикасындағы тұрақсыздықты қоссақ та, қара алтын бағасының теңселуі, бәрі де әсер етпей қоймайды.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, негізгі кемшілік салық жүйесінде.
– Бюджет тапшылығы тақырыбына келгенде ең алдымен салық жүйесіндегі кемшіліктерді байқап отырмыз. Қазақстанда салық базасы аз, негізгі көлемді белгілі бір салалар ғана толтырады. Атап айтқанда, шикізат экспорттайтын мұнай-газ секторындағы компаниялар. Ал шағын және орта бизнестің салықтағы үлесі тым аз. Елде көлеңкелі бизнестің үлесі азаймауда. Кәсіпорындар қосарланған бухгалтерия арқылы шығынды көбейтіп көрсетіп, салығын азайтып алатын тәсіл бар. Оның үстіне экономикалық дамудың тежелуі де бюджеттің толықпауына себеп. Мұнай өндіру көлемі, бағасы құлдыраған кезде бұл саладан келетін салық та азаяды. Ал инфляция әсерінен мемлекеттік жобалардың құны қымбаттады, яғни, көбірек шығындала бастады. Кейде түбегейлі зерттелмеген, керексіз жобаларға да ақша кетуде. Бюджеттік бақылаудың төмен деңгейде екенін аңғарамыз, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, келер жылы да бюджеттік жоспар орындалмау қалуы мүмкін. Мұнай мен газ экспортынан түсетін кірістер бұрынғыдай көп емес. Көлеңкелі экономикаға қарсы жұмыстар әлсіз атқарылуда. Оның үстіне мемлекеттің шығындары артып жатыр.
– Қазір Үкімет атқаратын ең басты міндет – салық базасын кеңейту. Ол үшін салықтық жеңілдіктерге ие болып келген монополист компанияларды қысқарту керек. Экономика мұнай секторына тәуелділігінен арылғаны жөн, одан да дамуға мүмкіндігі бар ауыл шаруашылығы, IT саласына көбірек қаржы құйған абзал. Мәселе бюджетті тиімді басқаруға келіп тіреледі, жұмсалу кезінде ашықтық жетіспейді, – деп түйіндеді Бауыржан Ысқақов.