2025 жылы сұйытылған газ бағасынан тағы дүрбелең шығуы мүмкін

3412

Путин Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерін неге асықтырып отыр?

2025 жылы сұйытылған газ бағасынан тағы дүрбелең шығуы мүмкін Фото: google.com

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың аясында мойнына алған міндеттері басына ауру тауып беріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Қаңтар қантөгісінен кейінгі бір жылдан астам уақытта Үкімет сұйытылған газдың бағасын Энергетика министрлігі арқылы реттеу тетігінің мерзімін бірнеше рет созды. Бірақ бұл –  амалсыздықтан жасалып отырған уақытша тетік. Үкімет межелі кезең жақындап қалса да, басын құмға тыққан түйеқұстың ұстанымымен жұмыс істеп келеді. Межелі кезең деп отырғанымыз – 2025 жыл. Еуразиялық экономикалық одақ аясында қабылданған стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалардың бәрінде 2025 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық  одаққа мүше елдердің бәрі ортақ газ нарығында өмір сүретіні айтылған. Ол үшін 2024 жылдың бірінші қаңтарына дейін газ нарығын реттейін ортақ электрондық биржа жұмысын бастап, ортақ баға мен тариф бекітілуі керек.

Қаңтар қантөгісіне дейін Қазақстан билігі ортақ газ нарығын құруға бағытталған уағдалардың бәрін мүлтіксіз орындап, қамшы салдырмай келе жатты. Тек Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Энергетика министрлігінің мамандары ауық-ауық сөз таластырып, газ бағасы одақ елдеріндегі бағамен теңестірілсе, халық толқуы мүмкін екенін айтып қалатын. Ақыры сол айтылған көңілсіз болжамдар айнымай орындалып, газ бағасы қаңтардағы жұрт теңселісінің триггеріне айналды.

Шынымен де былтырғы қантөгіске түрткі болған себептің бірі Еуразиялық экономикалық одақ екені қалың шудың арасында ұмыт қалды. Бірақ мәселе жұрт мені ұмытты екені деп өздігінен шешіліп кетпейді. Cөзіміз дәлелді болу үшін одақ аясында Қазақстан қол қойған құжаттардан мысал келтірейік.

"Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы" дейтін құжатта 2021 жылға дейін одақ аумағында газ саудасын жүзеге асыруға жарамды бір немесе бірнеше тауар биржасының жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігі айтылған. Қаралы қаңтарға дейін сұйытылған газ биржа арқылы сатылып, даудың басы сондағы көлеңкелі схемалардан туындағанын ескерсек, бұл алгоритм бізде орындалған деген сөз.

Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей одақ шеңберінде ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарт күшіне енуі керек.

Сондай-ақ одаққа мүше елдер ортақ газдың  рентабелді бағасын ұстап тұруға міндеттті екені айтылған. Соның негізінде  2025 жылдың 1 қаңтарына дейін мүше мемлекеттер газдың "тең кірісті бағасына өту" туралы келісілген шешім қабылдау керек.

Тұжырымдамадағы бұл алгоритмдер  кейін "Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру бағдарламасына" да енгізілді.

Қазақстан тарабына бұл шарттарды орындау оңайға түспейтіні әуел бастан мәлім еді. Өйткені ЕАЭО елдерінің арасында сұйытылған газ бағасы ең арзан нарық бізде болды. Қазір де солай. Қаңтар көтерілісі кезінде ұранға айналған "Газ – 50" деген талап әлі күнге дейін күшінде деп айтуға болады.

Кейінгі 10 жылда әлемнің 150 мемлекеті мен 250 ірі қаласындағы энергия ресурстарының бағасына мониторинг жасап келе жатқан Globalpetrolprices.com сайтының дерегі бойынша, Ресейдегі сұйытылған газдың бір литрі 0,288 доллардан сатылып жатыр (137 теңге). Ал Қырғызстанда бір литр сұйытылған газдың бағасы – 0,342 доллар (162 теңге), Беларусь елінде 0,523 доллар (248 теңге).

Қазақстан 2025 жылы ортақ нарыққа кіріп, ортақ баға қалыптастырған кезде өзіндегі бағаны қазіргі деңгейде ұстап тұра ала ма? Тіпті ұстап тұруға құлықты ма? Энергетика министрі Болат Ақшолақов журналистердің бұл сұрағына әлі күнге дейін тіке жауап бермей келеді.

Қазір Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі қызметтерін қатар алып жүрген Серік Жұманғари Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы болып тұрған кезде сұйытылған газ биржасында әділетті баға қалыптасатын алаң жоқ екенін айтқан еді

"Біздегі биржа керісінше маркетплейс сияқты. Сатушы немесе ресурс иесі бағаны белгілейді, сатып алушы соған бағынады. Келісімдер тауар биржаларынан тыс жасалады. Тек осы келісімді тіркеу үшін ғана биржаға шығарылады. Биржадағы "алтын тәсіл" саналатын екіжақты бетпе-бет аукцион жүйесі жұмыс істемейді бізде. Өйткені сатушының кім екені әуел бастан бәріне белгілі. Сатып алушылардың саны да саусақпен санарлықтай", - деген Серік Жұманғарин Биржа комитетінің өкілеті артатынын айтқан.  

"Биржаларға қойылатын талаптарды қайта қарау керек", – деген сөз содан бері үнемі айтылып келеді. Қаңтар оқиғасынан кейін Серік Жұманғариннің әлгі сөзін Энергетика министрі Болат Ақшолақов қайталады.

Энергетика министрлігі қаңтар оқиғасының болатынын осыдан 2020 жылы-ақ ескерткен еді. Сұйытылған газ саудасын түгелдей электронды нарыққа шығарса, газ құю стансаларындағы баға 3-4 есе қымбаттап шыға келетінін айтып, бұл шараны 2024 жылға дейін созуды ұсынғаны есімізде. Бірақ ол дабылдан тиісті қорытынды шықпағанын былтыр қаңтарда көрдік.

Былтыр жұрт көтеріліп, биліктің басына бұл үйірілген кезде "сұйытылған газды қолдан қымбаттатты" деген айыппен бірнеше адам тұтқындалған болатын. Бірақ осы былықтың бәріне жол ашып, негіз болған Еуразиялық экономикалық одақтың шарты екенін әлі ешкім ашып айтпай келеді. Әрине, Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кулуарында Қазақстан тарапынан келіссөз жүргізушілер сұйытылған газ бағасын реттеу туралы қандай талап қойып, қандай ұсыныс көтеріп жүргенін біз білмейміз. Жыл аяғында Бішкектегі жиында Путиннің "алдағы екі жылда бүкіл пікір қайшылығы жойылуы керек" деп асықтырып кеткенін жоғарыда айттық. Одақ аппаратында Қазақстан атынан жұмыс істеп жүрген шенеуніктердің бұл мәселені қаншалықты ел мүддесіне сай жайғастырғанын 2025 жылдың қаңтарында көреміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу