2026 жылы инфляция 5-6 пайызға дейін баяулайды деп күтеміз – Тимур Сүлейменов

475

Ұлттық Банк төрағасының сөзінше, бұл межеге жету үшін бірқатар шартты орындау керек. 

2026 жылы инфляция 5-6 пайызға дейін баяулайды деп күтеміз – Тимур Сүлейменов Фото: flashpress.kz

2026 жылы инфляция 5-6%-ға дейін баяулайды деп күтіліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз 2026 жылы фискалдық ынталандыру төмендеген сайын және орташа қатаң ақша-несие жағдайлары толық көрінген сайын инфляция 5-6%-ға дейін баяулайды деп күтеміз. Осы тұста базалық инфляция 2025-2026 жылдары 5% деңгейінде қалыптасатын жалпы инфляция деңгейінен төмен дамитын болады", - деді Ұлттық Банктің төрағасы Тимур Сүлейменов.

Бұдан бөлек монетарлық реттеушінің басшысы Ұлттық Банктің биылға инфляция болжамын айтты. Ол өзгеріссіз қалады, бұл 7,5-9,5% деңгейінде. 2025 жылға арналған болжам 5,5-7,5% деңгейінде сақталып отыр.

Айта кету керек, 2024 жылғы сәуір айында жылдық инфляция 8,7%-ға дейін баяулап, Ұлттық Банк болжамына сәйкес келді. Бұл былтыр инфляция 16,8% болған деңгейден айтарлықтай төмен.

"Инфляцияның азық-түлік компонентінде айтарлықтай төмендеу байқалып отыр. Тұрақты сұраныс пен тұтынушылық несиелеудің жеделдеуіне қарамастан, азық-түлікке жатпайтын инфляция да баяулап келеді. Тұрғын үй-коммуналдық қызмет бағасының қымбаттау әсерінен ақылы қызметтер құнының өсуі жеделдеді. Сәуір айындағы айлық инфляция 0,6% болды, бұл жалпы алғанда орташа тарихи динамикаға сәйкес келеді. Маусымдық факторлар ескерілмеген және базалық инфляция көрсеткіштері екінші ай қатарынан баяулап келеді", - деді Ұлттық банк басшысы бүгін өткен брифингте.

Сөзінше, орта мерзімді келешекте инфляцияға қатысты 5%-дық мақсатқа жету үшін ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу керек.

Ұлттық банк қазіргі ақша-несие шарттары инфляциялық процестерді баяулатуда қол жеткізілген нәтижені бекіте түсуге көмектеседі деген пікірде.

"Біз тікелей әсерлерге мөлшерлеменің жоғарылауымен жауап бермей, реттелетін баға реформаларының экономика мен инфляцияға әсерін мұқият бақылауды жалғастыратын боламыз, алайда ықтимал қайталама әсерлерге жауап беруге дайынбыз", - деді Тимур Сүлейменов.

Айта кету керек, жұма күні Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу