25 елді шарлап қайтқан қос жиһангер

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
3129

Қазақстандық қос жиһангер Талғат Жұмабеков пен Асқар Сызбаев тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 елді велосипедпен шарлап өтті.

25 елді шарлап қайтқан қос жиһангер Фото: әлеуметтік желіден

Атырау қаласынан биыл 24 тамызда сапарын бастаған олардың велосаяхаты 10 желтоқсанда Барселонада мәреге жетіп, сол аралықта екі велосипедші 9905 шақырым жол жүріпті.

"25 ел велосипедпен – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына" атты жобаның мақсаты – әлемге егемен еліміздің брендтері болып табылатын бірлік пен келісім, төзімділік пен ашықтық қағидаттары құндылықтарын дәріптеу. Тәжірибелі веложиһангерлер тоқтаған 25 елдің әрқайсысында тұрғындарға Еуразия жүрегінде орналасқан елімізді жан-жақты таныстырып, мемлекетіміздің ширек ғасырда жеткен жетістіктері мен Елбасының "Әлем. XXI ғасыр" манифесін кеңінен насихаттапты.

Атап айтқанда, Ресей, Әзірбайжан, Иран, Грузия, Түркия, Греция, Болгария, Венгрия, Албания, Косово, Македония, Хорватия, Словения, Сербия, Черногория, Словакия, Чехия, Австрия, Германия, Италия, Монако, Франция, Андорра, Испания елдерінің аумағынан жүріп өтіп, барлығында жергілікті халықпен жүздесіпті.

Саяхат жұмысы Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қорытындыланды. Экспедиция жетекшісі Дархан Бердалиев, ұйымдастырушылардың бірі Қажымқан Мәсімов және велосаяхатшылардың өздері журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Елден шығысымен алдымен Ресей, Грузия, Әзірбайжан және Иранда болып, одан әрі Түркияға жеткенде, бауырлас ел көк тумен серуендеп жүрген жолаушыларды құшақ жайып қарсы алыпты. Түріктер отандастарымызды Ыстамбұлдың тарихи орындарын кеңінен аралатып, ерекше ықылас көрсеткен.

"Ұлтына, дініне қарамай адамдардың барлығы бірдей. Жол бойында қаншама мейірімді адамды кездестірдік. Қиналған сәтте қол ұшын созуға дайын көп дос таптық. Әрине, әр сапардың өз сынақтары болады. Табиғаттың тосын мінезіне тап болған сәттер аз емес. Күннің ыстығына күйіп, суығына тоңдық, сусыз қалып қойған жағдай да басымыздан өтті. Бірақ, біз соған қарамастан сапарымызды үзбей жалғастыра бердік. Барлық елдің шекарасынан еш кедергісіз өттік. Қазақстан десе елең етіп, "қазақ паспортын" алғаш ұстап тұрғандарын тамсана айтқандары көп болды", - дейді саяхатшы Талғат Жұмабеков.

Велосипедпен әлемді шарлауды екі жиһангер өмір салтына балайды. Өйткені, ол ақшаны көздейтіндей табыс түсіретін іс емес. Керісінше, демеуші табылмаған кезде өз қалталарынан шығын шығарып немесе достардың көмегімен жол кезген саяхаттары көп болған.

Бұл – Асқар Сызбаевтың бесінші саяхаты. Ең алғашқы Қазақстанды аралаған кезінде небәрі 20 АҚШ долларымен жолға шығыпты. Өзін тәуелсіз адаммын деп есептейтін оның тұрақты жұмысы жоқ. "Мен немен шұғылданбадым десеңізші, жүк тасушы да болдым, автожууда да істедім. Қара жұмыстың бәрін атқардым. Ал өзімді қалай асырайтынымды айтар болсам, әр сапардан келген соң дереу жұмыс іздеуге кірісемін.

"Велосаяхат – бұл сүйікті ісіңнен де жоғары нәрсе. Саяхатқа ұшақпен, пойызбен немесе көлікпен емес, велосипедпен шығудың артықшылығы көп. Екі аяқты темір көлігімізбен әртүрлі белдеуде жатқан елдерден өту кезінде ауа температурасының бірден ауысуы, суық күннен, ыстық жерге тап бола кету, күндіз тоқтаусыз жүріп, түн қата бейтаныс мекенде, бейтаныс адамдар арасында шатыр тігіп түнеу - мұның бәрі бастапқыда сәл қиындау тигенмен, тез үйреніп кететін жайттар. Адам бәріне де үйренеді, бейімделеді. Осындай қиындықтарға қарамастан, велосипедпен саяхатқа шығу арқылы әр елдің халқымен етене жақын араласып, таңғажайып әлемді ерекше жақын сезіне аласың. Сол үшін осы істі таңдадым", - дейді жас саяхатшы Асқар Сызбаев.

Ал Талғат Жұмабеков – негізі шығармашылық адамы көрінеді. Би, музыкалық продюсер сынды жұмыстармен айналысыпты. Қазіргі таңда теледидарлық, кино өнері бойынша жобаларын ойластырады екен. Велосаяхатқа талай рет шығып жүрген оның бұл сапарының ерекшелігі - Тәуелсіздіктің мерейтойына тарту болыпты.

"Сапарымыз қызықты болды, алған әсеріміз көп. Адамдардан мейірім мен ақжарқын көңілді ғана байқадық. Мерейтойымызды естіп арнайы плакатымызға шынайы тілектерін жазып қалдырды. Бірге суретке түстік. Қазақстан туралы, Елбасымыз жайында естігендер де баршылық екен. Біздің тауларымызға қызығатындарын жеткізді. Мен тарихымызды терең оқығандықтан өз еліміз жайлы жақсы мағлұмат беруге тырыстым. Ең бастысы, біздегі туыстық қатынастардың берік екенін мақтанышпен айттым.

Сапардың қаупі жолда ерсілі-қарсылы зулаған көліктерден ғана болуы мүмкін. Ыстамбулға кірер тұста сондай оқиға болды. Бірақ, аса зор залал келтірмеді. Велосипедімді жөндеуге тура келді. Өзім азын-аулақ жарақат алдым. Әр күнімізді күліп бастап, тек жақсы оймен алға ұмтылдық. Жаңбырдан су болған киіміміз велосипед педалын басқан сайын денеміздің қызуымен үстімізде кепті. Жауапкершілікті жақсы сезіндік.

Әрине, айтуға оңай болғанымен, мұндай сапар зор шыдамдық пен тәжірибені қажет етеді. Өз басым кезінде Чехославакияда әскерде болып, қиындыққа шыңдалған адаммын. Асқар да сондай, жас та болса, қиындықтан қорықпайтын, қайсар жігіт", - деді жайдары күлкімен әрбір сұраққа жауап берген Талғат Жұмабеков.

Бастапқыда күніне 50-70 шақырым жер жүріп, бойлары үйренген соң, күн сайын орташа есеппен 100-150 шақырымды артта қалдыра отырып, межелі уақытта Барселонаға жеткен 2 жиһанкездің қадамын экспедиция басшылары үнемі бақылап отырыпты.

Жылдамдықты арттыру жолдың сапасына да байланысты. Біздің жиһанкездерге Түркия мен Әзірбайжан автожолдарының сапасы ұнағанымен, Еуропа жолдары ауызекі айтылғандай керемет емес көрінеді. "Әлемдік турне" жоспарын ойлаған Талғат Жұмабековке "25 ел" идеясын ұсынған экспедиция басшысы Дархан Бердалиевтің айтуынша, жобаға қатысушылардың әлемдік сапары жаңа жылдан кейін тағы жалғаспақшы.

Тәуелсіздікке тарту болған сапардың бір ғана кемшілігі – екі жиһанкездің де ана тіліне шорқақтығы. Мұны олармен кездескен өзге елдегі қандастарымыз да ескерткен екен. Себебін кеңестік кезең шекпенінен шығуымен түсіндірген Талғат Жұмабеков те, тәуелсіздіктің ұланы бола тұра қазақша ойын айта алмайтын Асқар Сызбаев та тілді үйренуге ден қойып жүргендерін айтып сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу