29 қараша - Халықаралық Палестина халқымен ынтымақтастық күні

789

1947 жылы осы күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаны бөлу туралы қарар қабылдаған еді. 

29 қараша - Халықаралық Палестина халқымен ынтымақтастық күні Фото: Fatima Shbair

1977 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 қарашаны Халықаралық Палестина халқымен ынтымақтастық күні деп бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұдан бөлек, 1947 жылы дәл осы күні БҰҰ Бас Ассамблеясы "Палестинаны бөлу туралы резолюция" деп танымал болған 181 қарар қабылдап, сионистерге Палестина территорияларын басып алуға бірінші рұқсатын берген.  Палестина қоғамы мен жерін үш бөлікке бөлген қарар Палестина тарихи қоғамының бір бөлігін сионистерге тапсырды.   

181 қарарға сәйкес Палестина елінің аумағы екіге бөлінді және Бас Ассамблея оның бір бөлігін еврей мемлекетін және екінші бөлігін Палестина мемлекетін құру үшін қарастырды.

Ресми мәліметтер бойынша, 6 миллионға жуық палестиналық осы күнге дейін әлемде босып жүр, жүздеген мың адам мәжбүрлі түрде қоныс аударды және бірнеше мың адам биылғы Газа соғысы кезінде қаза тапты.

Биыл, 29 қарашада Нью-Йорк қаласында Накба апатына арналған көрме ашылады. 1948 жылғы арабтар мен Израиль соғысы кезінде Палестина халқының жартысынан көбі үйлерінен қуылып, босқын атанған болатын. Көрме 2024 жылдың 8 қаңтарына дейін жалғасады.

"Көрмеде Накбаға дейінгі, апат кезіндегі және одан кейінгі Палестина тарихының әртүрлі эпизодтарын көрсететін фотосуреттер, бейнелер және өнер туындылары қойылған. Бұл 6 миллионға жуық палестиналықтардың осы күнге дейін бүкіл аймаққа шашыраңқы босқын болып қала беретінін еске салады. Олардың жүздеген мыңы қосымша мәжбүрлі қоныс аударуға ұшырады, ал мыңдағаны 2023 жылғы Газа соғысы кезінде БҰҰ Бас хатшысы "гуманитарлық апат" деп атаған жағдайда қаза тапты", - бұл туралы БҰҰ-ның ресми сайты хабарлады.

Еске сала кетейік, 2003 жылдың 7 қазанында Палестина-Израиль қақтығыстарының жаңа кезеңі басталып, нәтижесінде мыңдаған адам қаза тапқан болатын.

Сонымен қатар, 2023 жылы 7 қазанында таңертең Газа секторында орналасқан ХАМАС радикалды тобы Израильге шабуыл жасады. Израильге 2,5 мыңнан 5 мыңға дейін зымыран атылды. ХАМАС бөлімшелері шекара тосқауылын бұзып өтіп, Израиль аумағына бірнеше жерден кірді. 1,2 мыңнан астам адам ХАМАС шабуылының құрбаны болды, ал 200-ден астам адам кепілге алынды. Бұған жауап ретінде Израиль тарапы ХАМАС-қа қарсы әскери операция бастады. 8 қазанда ел ресми түрде соғыс жағдайына көшті. Бұл шешім 1973 жылғы Йом Киппур соғысынан кейінгі 50 жылда алғаш рет қабылданды.

Сондай-ақ, дүйсенбі күні, 27 қарашада Газа секторында Израильдің анклавқа жасаған соққылары басталғалы бері қаза тапқандар саны 16 мың адамға жетіп, жараланғандар саны 35 мыңға жеткені хабарланды. Бұл туралы Al Arabiya телеарнасына Палестинаның денсаулық сақтау министрі Мэй әл-Кайла мәлім етті.

Айта кетейік, 2023 жылы 24 қарашада Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім күшіне енген болатын. Бітім аясында ХАМАС тұтқынға алынған және Газаға жеткізілген ондаған кепілге алынғандарды босатып, Израиль палестиналық тұтқындарды босатуға кірісті. Сонымен қатар, Газа секторына гуманитарлық жүк тиелген жүк көліктері де жіберіледі. Газа секторындағы Израиль мен ХАМАС арасындағы төрт күндік бітім 27 қарашада аяқталуы керек еді, бірақ Катардың арағайындығымен оны тағы екі күнге ұзарту туралы келісімге қол жеткізілді.

Еске сала кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина халқына 1 миллион доллар гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімін жариялаған болатын.

"Бүгінгі күні Газа секторының бейбіт тұрғындары, әсіресе балалар мен қарт адамдар қақтығыстың құрбаны болуда. Негізгі міндет – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", - деді Тоқаев.

Ол ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық пен лаңкестік әрекеттер арқылы шешуге мүлдем жол берілмейтінін және Қазақстан мұндай әдістерді қатаң айыптайтынын атап өтті.

"Жағдайды ушықтыру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, біз кез келген қақтығыстарды тек бейбіт келіссөздер мен дипломатиялық диалог арқылы шешуге шақырамыз. Біз үшін барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау және олардың ішкі істеріне араласпау – негізгі басымдықтар болып табылады. Бұдан бөлек, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау және халықаралық құқықты сақтау маңызды", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 13 қарашасында Қазақстан Газа секторынан өз азаматтарын, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелері болып табылатын шетел азаматтарын эвакуациялай бастады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу