30 жылдан бері ескі жабдықпен жұмыс істеп тұрған кәсіпорын

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
2830

Басты мақсатымыз – құрал-жабдықты жаңарту... "Даму" қоры қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.

30 жылдан бері ескі жабдықпен жұмыс істеп тұрған кәсіпорын Фото: egemen.kz

Өтпелі кезеңнің қиындығын жеңе білген өндіріс орындарының бірі саналатын Көкшетаудағы "Арман" тоқыма фабрикасының шығарған өнімі тек отандық нарықта ғана емес, сонымен бірге ел аумағынан тысқары жерлерде де танылып үлгеріпті. Кәсіпорын директорының айтуынша, фабрика заман көшінен қалмай, өмір талабына сай өнім шығаратын бірегей өндіріс ошағына айналған көрінеді.

Кәсіпорын ширек ғасырдан бері тоқыма өнімдерін шығарып келеді.

"Мектеп формасымен қатар ер адамның, әйел мен баланың елу түрлі киімін тоқимыз. Оның ішінде ұлттық ою-өрнек салынған киім мен мемлекеттік органдардың формалары да бар. Ұжымда 30 қыз-келіншек еңбек етіп, тұтынушының көңілінен шығатын киім тоқуға тырысады. Бағасы да арзан. Сондықтан болар, тұтынушылар қатары жыл санап артып келеді. Биыл "Қазақстанның үздік тауары" байқауында екінші орын алдық. Әрі жылы, әрі сәнді киім үлгілерінің сапасы да жоғары", – дейді кәсіпорын директоры Татьяна Басан.

Тауар сапасы жағынан шетелдік киімдерден қалыспайды. Тұтынушылар тарапынан да оң бағасын алып үлгеріпті.

"Тоқыған киімдерінде мін жоқ, сәнді, тігісі мықты. Заман көшінен қалмай, өмір талабына сай өнім шығаратын қаламыздағы бірегей өндіріс ошағына айналып отыр. Биыл үш балама мектеп формасын осы жерден тапсырыс беріп алдырдым. Осыдан он шақты жыл бұрын мұндағы киім тек егде жастағы адамдарға ғана арналған деген сын пікір айтылып жүрді. Қазір жаңа заманғы сән үлгілеріне сай түрлі түстегі киім ассортименті көбейгенін байқауға болады", – дейді қала тұрғыны Марал Есжанова.

Фабриканың бүгінгі тыныс-тіршілігінен байқағанымыздай, тапсырыстың тұрақсыздығынан, кәсіпорын өз мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр. Мектептерден тапсырыс қысқа мерзімді әрі жылына бір рет түседі. Сондықтан шығар, фабрикада өнім өндіру едәуір кеміген.

"Бұрын тоқыма жіптерін қостанайлық кәсіпорыннан сатып алып жүрдік, осылайша отандық үлес 98%-ды құраған еді. Бүгінде көрші облыстың жіп өндірісін тоқтатуына байланысты киімді беларус жібінен тоқимыз. Фабрика "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасына қатысады. Төмен пайызбен несие алуға қол жеткізіп, өнімді көбейтуге тырысамыз", – дейді Татьяна Басан.

Өткен ғасырдың 70-жылдары кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істепті. Биязы жүннен шалбар, жейде, шұлық өзімізде шығарылды. Кейін өтпелі кезең тұсында өндірісті жаңғырту, жаңа жабдық орнату мәселесі жайына қалады. Бәсекеге төтеп бере алмаған фабрика, кәсіпорындар жабылды, көбі тоналды.

"Осы уақыт ішінде фабрика бір орында тұрған жоқ, отандық дүниені өндіруге көшті. Тапсырыспен де жұмыс істей бастады. Меніңше, өндірісті өркендету үшін мемлекет тарапынан да біраз қадамға бару қажет. Ішкі нарықты сапасыз импорттан қорғау шарасын қолға алып, жеңіл өнеркәсіп орындарын қаржылық сауықтыруды, техникалық қайта жарақтандыруды бастау керек", – дейді кәсіпорынның конструктор-технологы Ольга Першанина.

Мұнда жұмыс істейтіндердің дені зейнет жасына жетіп қалған жандар. Жастар жағы сирек келетін көрінеді. Кәсіпорын директоры Татьяна Басан Қытай, Қырғызстан елдерімен бәсекелесудің оңай емесін алға тартты.

"Олардың киім-кешегінің сапасы айтарлықтай жоғары болмағанымен, бағасы арзан. Біз қазір тек ара-тұра түсетін тапсырыспен күнімізді көріп отырмыз. Елімізге импортпен келетін тауардың басым бөлігі контрабандалық жолмен жеткізіледі. Жасырын өндірілетін және қолдан жасалатын жалған өнім елдегі көлеңкелі экономиканың үлес-салмағын арттыра түседі. Жасыратыны жоқ, сауда орындарында арзанқол қытай киімі тұрғанда, біздің фабрикадан шыққан өнімді өткізу қиын. Десек те, жұртшылықты отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге әлеуетіміз жетеді. Фабрика кез келген киім-кешекті тігуге қабілетті. Тұрақты тапсырыс болса дейміз. Басты мақсатымыз – жұмыс орындарын сақтап, ұжым еңбеккерінің тұрақты түрде жалақы алуы", – дейді кәсіпорын басшысы.

Тоқыма фабрикасы соңғы жылдары "Мектепке жол" республикалық шарасына қатысып, оқушыларды мектеп киімімен қамтып келеді. Алайда, бұл жерде де кедергі аз емес.

"Мемлекеттік сатып алу сайтында тендерге 600 теңгенің мектеп формасы ұсынылатынын көріп қайран қалдым. Бұл өнім өндірушінікі емес, Қытайдан көтерме бағамен сатып алған саудагердікі екені айдан анық қой! Бұл жерде бәсекелістік туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты. Ең өкініштісі, біздің тауар барлық техникалық талап пен санитарлық норма бойынша сертификатталған болса да, тендерде қытай өнімін жеткізуші жеңімпаз болады. Осылайша, отандық тауар өндіруші еш қолдауға ие бола алмайды. Әйтсе де, тұтынушының қолдауын сезінеміз. Қазір өз өнімімізді жарнамалау, маркетинг секілді маңызды тетіктерді пайдалануға тырысамыз", – дейді кәсіпорын басшысы Татьяна Басан.

Кәсіпорын отыз жыл бұрынғы тозығы жеткен жабдықпен жұмыс істейді. "Арманның" шикізатты өңдеу цехы жаңа жабдыққа зәру екені байқалады.

"Кәсіпорынды техникалық жағынан жаңартпайынша, өндірілетін өнімді ұлғайту мүмкін емес. Басты мақсатымыз – құрал-жабдықты жаңарту. Бізге қажетті жапониялық тоқыма құралының бағасы қымбат. Оған қол жеткізсек тоқыма өндірісін дамытуға жол ашылар еді. Жаңа үлгідегі сәнді бұйымдарды көбейтер едік. Осы орайда "Даму" қоры қолдау көрсетеді деген сенімдеміз", – дейді кәсіпорын директоры Татьяна Басан.

Ұжым мүшелері күн сайын қабылдайтын тапсырысқа үлкен жауапкершілікпен қарайды. Күні бойы тапжылмай отырып, келістіріп тоқыған сапалы өнімдер отандық нарықта ғана емес, ел аумағынан тысқары жерлерде де танылып отыр. Сол арқылы Қазақстанның экономикасын, бәсекеге қабілеттілігін өзге жұрт біле түседі.

"Тоқыма фабрикасын екінші үйім десем болады. Себебі, осы ұжымға 18 жасымда тоқымашы-шәкірт болып келген едім. Міне, содан бері 28 жылдан аса уақыт өтіпті. 1988 жылы кәсіптік-техникалық училищені бітірісімен, сүйікті мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. 90-жылдары "Арман" фабрикасы да нарықтың қылбұрауын мықтап сезінді.

Жасыратын несі бар, жұмыссыз отырған күніміз де болды. Бірақ, кәсіпорын жабылмады, біз тарап кетпедік. Әбден тұралаған кәсіпорын аз жылда еліміздің экономикасымен бірге еңсесін көтере бастады. Қазір тәжірибелі тоқымашы ғана емес, тәжірибелі маманға айналдым. Әртүрлі жіптен киімді әсемдеп, қонымды етіп тоқи білу асқан шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді. Әйтсе де, осы кәсіпті таңдағаныма еш өкінбеймін. Мен басқа ұжымды, басқа жұмысты көзіме елестете алмаймын. Кейде сән үлгісін өзіміз де құлпыртып жасауға да ниет білдіріп жатамыз", – дейді тоқыма фабрикасының қызметкері Күләш Шәмшиева.

Кәсіпорын "Қазақстанның үздік тауары" көрмесінде екі мәрте екінші жүлделі орын алыпты. Тігіншілер осындай көрмелерге жиі қатысып, жаңа заманғы сән үлгілеріне сай өзіндік жаңалық енгізуге ұмтылады.

"Мұндай шараның берері мол. Онда қазақ, не болмаса, шетелдік маман тоқыма өндірісіндегі тәжірибесімен бөліседі, озық технологиясымен таныстырады. Бізде ұлттық қолөнер жақсы дамып келеді. Ұлттық нақыштағы киімге де тапсырыс беруші көбейіп келеді. Негізі, күзге қарай тапсырыс көбейеді. Жаз айларында тапсырыс аздау болады. Бірақ, бұл уақытта қарап отырмаймыз. Жаңа маусымға арналған сән үлгілерінің дизайнын жасаймыз. Жалпы, тоқымашылар өз ісін жақсы меңгерумен ғана шектелмеуі қажет. Олар заман лебімен бірге өзгеріп, үнемі жаңарып отыратын адам талғамын, оның көңіліндегі көрікті ойын жүзеге асырушы", – дейді кәсіпорын директоры Татьяна Басан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу