8 наурызда 90 мыңға алынған сыйлықтар 10 мыңға қайта сатылып жатыр

14491

Inbusiness.kz сайты бұған дейін қазақстандық қыз-келіншектердің 8 наурыз мерекесіне орай сыйға алған гүлдерін жаппай сатып жатқанын жазған болатын.

8 наурызда 90 мыңға алынған сыйлықтар 10 мыңға қайта сатылып жатыр Фото: canva.com

Отандық тегін онлайн хабарландырулар платформаларына жүргізілген мониторинг "Әйелдердің халықаралық мейрамынан" кейінгі өткен бір күнде олардың көпшілігі сыйлығын сол бойы өткізе алмағанын паш етті.

Людмила Владимировна қаржылық есептілік қызметтерін көрсететін фирманың басшысы. Ол есепшілер тобымен бірге, аутсорсинг негізінде елуден астам ірілі-ұсақты компанияның бухгалтерлік және қаржылық есептілігін жүргізеді.

"Мұндай жағдай жылда үш рет қайталанады. Әйелдер мейрамында, туған күнімде және жаңажылдық мереке қарсаңында фирмалар құшақ-құшақ гүл жолдайды, кеңсеміз толып кетеді, ине шаншар орын қалдырмайды. Мамандығым бойынша әр тиынды санай білетін есепшімін ғой. Қымбат тауарды қоқысқа лақтыра салуға қимаймын. Содан алғашқы жылдары тегін хабарландыру платформалары арқылы өзім арзанға сатып жүрдім. Кейін гүл салондарымен келісімге отырдым. Өте арзанға болса да, "оптом" тапсырамын, алып кетеді. Биыл мысалы, аса қымбат 70 гүл шоғы келді, қызметкерлер арасында үлестіргеннен қалғанын өткіздік", – деді Людмила.

Фирма жетекшісі көңілі толған клиенттері ризашылығын білдіру үшін түрлі тарту-таралғы жасайтынын да жеткізді. Биылғы мерекеде саналуан гаджеттер, қымбат шараптар, гауһар-бриллианты бар статуэтка, браслет, медаль, кәдесыйлар алыпты. Оларды саудамен айналысатын жолдас қызына жолдауды ойлап отыр.

Елордалық студент Анар жігітінен бір метрлік 51 раушаннан тұратын үлкен букет алған екен, оны үлкен жұмсақ ойыншығымен бірге интернетте саудаға шығарды.

"Жігітім ынта-ықыласының зор, ниетінің салмақты екенін көрсеткісі келсе керек, чегін ішіне салып қойыпты. Гүлдің өзі шамамен 90 мың теңгеге түскен екен. Ең құрыса, гүлді он мың теңгеден сатып жіберейін деп, Olx-ке салып қойсам, жұрт ерігіп, мазақ қылып қоңырау шалады. Тек бір кісі оныншы наурызда дос қызының туған күні болатынын, соған алып кететінін айтты. Алмады. Онысы дұрыс болды, өйткені Ерлан 9 наурызда келіп, "тексеріп" кетті. "Пайдакүнем қыздар-ай, сатып жатыр дейді. Сен жақсы екенсің, сақтап қойыпсың, мені сыйлағаның ғой!" деп мәз болды", – деді Анар.

Сыйлықтарды қайтара сатудан хайп жасап жатқандар жетерлік. Әлдебір қыздың "1001 қызғалдақты қоқысқа лақтырып тастағаны" туралы әңгіме әлеуметтік желіні кезіп кетті. Пікір білдірген кейбір қазақстандықтар мұның болған оқиға екеніне сенбейді. Қызды сол бойы көрсетпеді.

Бірақ бес миллион жазылушысы бар блогер шын екенін, мұны қызынан кешірім алу үшін жасағанын айтады. Ол осы оқиғаның өрбу барысын бес күн бойы жыр қылып көрсетті.

Оған сенсек, бастапқыда Батырхан нақсүйеріне 251 қызғалдақтан тұратын гүл шоғымен келіпті. Алайда кіреберісте гүл ұстап, қоңыраулатып тұрса да, қыз есігін ашпапты-мыс. Содан сыртта жарты сағаттай тұрған жігіт үйіне қайтып кетті.

"Мен сонда уақытымды кімге шығындап жүргенімді білмеймін. Келгенде есік ашпайтын болса, мұндай қыз сыйлықтар жасағанға тұрмайды екен", – деп түңілген блогер гүл шоғын жерге лақтырып тастап, оны автокөлігімен тапады. Осының бәрін қызықты етіп, видеоға түсіріп, оны ТикТок парақшасында орналастырды.

Артынан қызының қиын жұмыстан шаршап оралып, төсекке қисайған күйде қатты ұйықтап қалғанын, салдарынан телефон мен домофонның қатар естілген шылдырын да естімегенін айтып, оны ақтады.

Осыны естіп, жігіт тағы бір видео түсірді. Онда арына тиіп, қорлағаны және гүлін тапап тастағаны үшін қызынан кешірім сұрауға ұйғарғанын аудиториясына жеткізді. Бұл үшін ол енді 1001 қызғалдақтан тұратын жаңа, сәнді-салтанатты композиция құрастыруға уәде етті. Өзі мұндай ірі гүл шоғын бұрын ешкімге сыйлап көрмегенін мойындады.

Сондықтан мұндай іс қолынан келмейтінін ашық айтып, кәсіби флористерді жалдады. Олар тақтайшалардан шағын гүлзәр жасап, гүлдерді соған отырғызған. Бұған 6 сағат уақыт кетіпті.

Содан соң алып "кәрзеңке" толы гүлдер қыздың үйіне жеткізілді. Бірақ неге екені белгісіз, қыздың әлгі жігітті кешірмегені анықталды. Қызғалдақтар қорапшасымен бірге қоқысқа жолданды.

Махаббат хикаясын жақсы аяқтау үшін Батырхан қайта оралып, гүлдерін қоқыстан алып кетіп, көшеде кездескен адамдарға таратып берді. Мысалы, бірінші кездескен ұл бала қызғалдақты алып тұрып, оны анасына сыйлайтынын хабарлады.

Кейбір пікір білдірушілер: "жігіттің бұл қайырымдылықты ың-шыңсыз жасағаны жөн еді" деп, қапаланды. Қолына алған гүлі блогердің жаһанға жар салып, қоқыстан алдым деген гүлі екенін білсе, аналардың, әйелдердің көңілі бұзылып, бойы мұздап сала беруі мүмкін.  

Қалай болғанда, тегін хабарландырулар сайттарында, әлеуметтік желіде 8 наурызда сыйланған гүлдер шоғы 9 наурызда 5 мыңнан 30 мың теңге аралығында сатылған еді. Екі күндей өткенде баға екі еседей құлдырапты.  

Бұл ретте "алыпсатарлардың" бәрі бірдей гүлдердің сыйланғанын, "б/у" екенін айтпайды, жасырады. Бірақ саудаласып, бағасын түсіруге әзір. Оның үстіне сатып алушының үйіне дейін жеткізіп тастаудан кетәрі емес.

Сыйлығын саудаға қойғандардың көбі әңгіме кезінде әдемі гүлді қоқысқа лақтыра салуға қимайтынын, оның тағы біреуді қуанта алатынын, "обал" екенін алға тартады.

Кеденге жауапты орган саналатын Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстан ай сайын 5 миллион доллардай (шамамен 2 миллиард 250 миллион теңге) қаражатқа шетелден кем дегенде 12 миллион гүл тасиды. Мысалы, 2024 жылғы қаңтарда бұл көлем 12,1 миллион гүлді немесе 639,7 тоннаны құрады.

Салыстырсақ, 2023 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 10,2 млн гүл талын немесе 526,8 тоннаны құраған. Оған 3,9 млн доллар шығындалған. Яғни, жыл сайын көбейеді.

Айдың қорытындысы кейін жарияланады, дегенмен, сарапшылардың бағалауынша 8 наурызға бола, биылғы наурыз айында гүл импорты шамамен үш еседей өскен. Гүлдер Эквадор, Нидерланды, Колумбия, Қытай, Кения, Өзбекстан және Израильден әкелінеді. Өзімізде де шағын гүл өсіретін фермерлер бар.

Гүлдерді көтерме бағамен сататын астаналық "Bezposrednikov" компаниясының аға менеджері Иванның айтуынша, FloraLogistic халықаралық компаниясы бірнеше жеткізілім жасап, әйелдер мерекесіне орай елордадағы алып цехты гүлге толтырыпты. 8 наурыз кешінде соның бәрі сатылып біткен.

Осы орайда әлеуметтік желіде бірқатар қазақстандықтар 8 наурызда кесілген гүлден басқа сыйлық сыйлауды, ең құрыса, қыш құмырада, құтыда өсіп тұрған тірі гүлді тарту етуді ұсынып жүр. Әйтпесе, Инстаграмда, ТикТокта "қай еркек сүйіктісіне қанша гүл сыйлады?" деген жарыс белең алды. Аз алғандар, не мүлдем тимегендер қамығады, тіпті түңіліп, өзіне қол салатын жағдайлар кездеседі. Ерлер жағы да шамадан тыс "малшашпаққа" салынып, ертесіне қоқысқа лақтырылатын, тез солатын гүлге жарты табысын шығындайды.

Мұның бәрі қоғамымызда қанағат, ынсап сияқты адамгершілік, рухани, ұлттық ұстындарды шайқалтуы мүмкін. Бәлкім, 8 наурыз мейрамының концепциясын өзгертіп, зияндысынан арылып, оны ананың, әйел затының рөлін нығайтатын, мәртебесін биіктетіп, ұлықтайтын құндылықтармен қанықтыру қажет шығар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу