Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті күшеймек

1332

Сенат отырысында "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Конституциялық заң қабылданды, деп жазады inbusiness.kz.  

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті күшеймек Фото: egemen.kz

Аталмыш заң жобасы бойынша Әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады. Оның айтуынша, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалады.

"Қолданыстағы заңда көзделмеген негізгі жаңа ережелерге толығырақ тоқталғым келеді. Бірінші – Уәкілдің құзыретін күшейту. Конституция нормаларын іске асыру мақсатында Заң жобасында Уәкілдің адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы көзделген. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің шақыруы бойынша адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына байқаушы ретінде әрекет ету құқығын беру ұсынылады", деді ведомство басшысы. 

Министрдің ақпаратына сәйкес, Уәкілдің қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру бөлігінде Заң жобасында адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық басшысының орынбасары лауазымын енгізу, сондай-ақ Ұлттық орталықтың қосымша функциялары белгіленеді.

Осы тұста Сенат депутаттарын заң жобасында қандай жаңашылдықтар қарастырылғаны туралы мәселелер толғандырды. Мысалы, халық қалаулысы Сергей Ершов әділет министріне "адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін мемлекеттік органдарға жіберетін омбудсменнің ұсынысы міндетті бола ма" деген сауал қойды. 

"Адам құқықтары жөніндегі ұсыныстар түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Ұсынымдар міндетті емес. Ұсынымдардың орындалуын оларды қарайтын мемлекеттік органның өзі шешетін болады. Соған қарамастан, заң уәкілдің ұсыныстары назардан тыс қалмауы үшін маңызды механизмді қарастырады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің шара қолданбайтын және адам құқықтарын бұзуды жалғастыратын лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы өтініш жасауға құқығы бар", деп жауап берді Қанат Мусин. 

Ал депутат Айгүл Капбарова Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әбілқасымқызынан "уәкілдің нормативтік-құқықтық бұйрықтары құқықтық актілер жүйесіне кіре ме" деген сауал тастады.

"Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің нормативтік құқықтық бұйрықтары жеке санатқа бөлінеді. Алайда бұл бөлімде түзетулер жоқ. Айта кету керек бұл ережелер өте маңызды. Олар адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Осыған байланысты уәкілдің бұйрықтары ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында халықтың кеңінен талқылауына түсіп және министрлердің нормативтік-құқықтық бұйрықтары сияқты барлық басқа рәсімдерден өтуге тиісті. Осыдан мұндай бұйрықтарды әділет органдарында мемлекеттік тіркеу қажет пе немесе адам құқықтары жөнінде уәкілдің нормативтік-құқықтық бұйрықтары құқықтық актілер жүйесіне кіре ме деген сұрақ туындайды", деп сұрады халық қалаулысы Айгүл Капбарова. 

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әбілқасымқызының айтуынша, адам құқықтары уәкілінің өкімі нормативтік-құқықтық акт ретінде танылмайды. 

"Бұл қазіргі заң жобасында көзделмеген. Әділет министрлігімен осы жобаны талқылаған кезде біріккен өзіміздің көзқарасымызға сәйкес, осы уәкілдің өкімдерінде нормативтік-құқықтық норма ережелері жоқ. Сондықтан бұйрық ретінде тіркеуге жатпайды. Сонымен бірге құқықтық актілер туралы заң бойынша осы нормативтік-құқықтық актілердің тізбесінде адам құқықтарының өкімдері қаралмаған", деді ол. 

Айта кету керек, "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Конституциялық заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдауын іске асыруға бағытталған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу