Адам өлтіргенде құтылды, ақша жегенде тұтылды

2729

Теміртаулықтарды теспей сорған басшыны халықтың көз жасы жібермеді.

Адам өлтіргенде құтылды, ақша жегенде тұтылды

Теміртауда "Оқжетпес Т" ЖШС  мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының  директоры  Ерлан Өтешев қазына қаржысын қымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Дәл қазір оған 27 млн теңгені талан-таражға салды деген айып тағылып отыр.

Алдын ала тергеу шараларының  қорытындысы көрсеткендей, Ерлан Өтешов Теміртау қаласындағы су және жылу магистралдарын  жаңарту  үшін сатып алынған  құбырлардың құнын тым қымбат қылып көрсеткен. Бұл аз болғандай, мемлекеттік сатып алу ісін тендерсіз ұйымдастырған. Прокурорлар күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 189 бабы 3 тармағы бойынша іс қозғады. Осыған сәйкес, Ерлан Өтешов өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі болып отыр. Егер оның кінәлі екендігі дәлелденсе, онда ол бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұған қоса мүлкі тәркіленіп, бұдан былай ешқашан басшылық қызметке тағайындалмайтын болады.

Айта кетейік, бұл шенеуніктің басы бұған дейін де бәлелі болған. Ол Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген кезінде жол-көлік оқиғасына тап болып,  адам өлтірген. 2013 жылдың 16 ақпанында мас күйінде көлік айдаған шенеунік жол таңдамайтын көлігімен қарсы бетке шығып, екі көлікті тас-талқан еткен. Салдарынан 52 жастағы жолаушы  Ләззат Бекшенова бақилық болған. Бұған қоса 4 адам зардап шеккен. Олардың арасында жас бала болған.

Осы оқиғаның ізінше шенеунік өз еркімен лауазымынан кеткен. Бірақ оның үстінен қылмыстық іс қозғалмаған. Себебі Ерлан Өтешов қайтыс болған әйелдің туыстарымен мәмілеге келген.

Бетбақтығын қарасаңызшы, ол адам өлтіріп тұрып кінәсін мойындамаған. Тек 4 жыл жүргізуші куәлігінен айырылып, жазадан оп-оңай құтылып кеткен.

2016 жылы Ерлан Өтешов осыған дейін дым болмағандай, атқа қайта қонған. Сөйтіп "Оқжетпес Т" ЖШС  мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының  директоры болып шыға келген. Алайда ол бұл жұмысты да абыроймен атқара алмаған. Артынан түйдек-түйдек сөз еріп, теміртаулықтардың "лағнетін" арқалай берген. Себебі ол "Оқжетпес-Т" ЖШС-ны табиғи монополия субъектісі ретінде тіркемей тұрып, тұтынушыларға төлем төлете бастаған.

Бұдан бөлек тарифке техника, жылу және су құбырларын жөндеуге жұмсалған шығындарды, мүлікке салынатын салықты енгізіп жіберген. Мұнысымен қоймай, тарифті  жеке және заңды тұлғаларға бірдей есептеткен. Бір сөзбен айтқанда теміртаулықтарды теспей сорған.

Аяжан Ералықызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу