Адасқандар ақылды қазақ елінен іздейді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2449

Қазақ еліне Ресей басшысы келді. РФ президентін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында қабылдады.

Адасқандар ақылды қазақ елінен іздейді Фото: reuters.com

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Сириядағы сойқан соғысқа килігіп, өзін-өзі қақпанға қуып тыққан Ресей басшысы қақтығыстарды жойқын жарылғыштың дүмпуімен емес, бейбіт келісімнің бәтуалы бітімімен шешуді қалайтын Қазақстан көшбасшысының ақылына жиі жүгіне бастаған.

Кремль Путиннің бұл сапарын "Орталық Азияға үлкен турнесі" ретінде насихаттап отыр. Шынында, Владимир Путин сырт көзден тыс, бөтен назардан тасада елбасымен еркін отырып, емен-жарқын сөйлесуге, ақылын сұрауға, ал артынан жолшыбай басқа елдерге атбасын бұра кетуге ниет қылғаны байқалды. Осы мақсатта жексенбі, 26 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қарт Алатау аясында бейресми ауанда әңгіме-дүкен құрды. Мұны журналистерге Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады.

Оның айтуынша, қос ел лидері Алматы маңындағы тау-шаңғы курортында тыныққан, шаңғы тепкен. Бір қызығы, Алматы төтенше жағдайлар департаменті өткен жексенбіде Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайының "тау көшкіні болуы қатеріне байланысты дүйсенбіге дейін жабық" болатынын хабарлаған.

Ал президенттер болса, бүгін дүйсенбі күні  ресми кездесу өткізді. Журналистердің қатысуынсыз өткен жүздесу барысында қос мемлекет көшбасшысы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және күн тәртібіндегі басты халықаралық тақырыптарды талқылаған.

Ақорданың хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасының ерекшелігіне тоқталып, екі ел арасындағы сенім мен түсіністік деңгейі жоғары екенін атап өтті.

"Биыл арамызда дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Тығыз ынтымақтастықтың арқасында біз Еуразиялық экономикалық одақты құрдық. Бұл оның барлық қатысушысы үшін маңызды әрі болашағы бар құрылым деп санаймын. Бүгінде Ресейдің 7 мыңнан астам кәсіпорны Қазақстанда өкілдіктерін ашып, жаңадан қайта өңдеу өнеркәсібін құруға ықпал етуде. Сіздің былтыр күзде Қазақстанға жасаған сапарыңыз бен Еуразиялық экономикалық одақ аясында Санкт-Петербордағы кездесуіміз құны 3 миллиард АҚШ долларын құрайтын 41 келісімшартқа қол қоюға мүмкіндік берді", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымы бірдей екенін және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясында ортақ міндеттерді іске асыру үшін екі ел де бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

"Ресей халықаралық өзекті мәселелерді шешу, соның ішінде Сирия қақтығысын реттеу жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Астанада бірнеше келіссөз өткізу туралы ұсыныс білдірген де Ресей болатын. Үдеріс басталып кетті. Жалпы осы және басқа да мәселелерді шешу үшін жыл бойы бірқатар кездесу өткізу қажет, соның бірі 8 маусымда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы басқосу болмақ. Қазіргі барлық мәселе достық негізінде шешіледі. Бірлескен кәсіпорындар құрып, алға қарай ілгерілейміз", – деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөзді Астанада ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

"Бұл үдерісте Қазақстан тарапының жай ұйымдастырушы ретінде ғана қатысып қоймай, жалпы жағымды рөл атқарғанын білемін. Сіз кездесу ұйымдастыруға тікелей атсалысып, қатысушылармен және делегаттармен жұмыс жүргіздіңіз. Сіздің арқаңызда ешқашан болмаған нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе, атыстың тоқтатылуына бақылау жасау тетігі табылды, бұл – ең басты мәселе. Енді бұл Женевада жалғасатын келіссөзге негіз болады", – деді Ресей президенті.

Владимир Путин Қазақстанның Ресейдің басты экономикалық серіктесінің бірі ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, интеграциялық үдерістер барысында жасалған жағдай арқылы нақты көлемді ұлғайтуға қол жеткізіп, ынтымақтастықты ұдайы арттырып отыру қажеттігін айтты.

Ресей президенті өз елінің жаһандық мәселелерді шешуде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қолдауынан үмітті екенін жеткізді. Бұл да бір Тәуелсіздіктің жетістігі болса керек. Кеңес тұсында Мәскеу өзінің отары болған "қазақ социалистік республикасына" келіп, "мені қолдашы" деп қиыла өтінуін көзге елестете алдық па?

Сарапшылар осы тұста тағы бір жайды еске түсіреді.

2015 жылдың 24 қарашасында Түркия Сирия жақтан өз шекарасына ішкері кіріп кеткен ресейлік әскери-ғарыш күштерінің майдандық бомбалаушысы Су-24М ұшағын атып құлатты. Ұшақ экипажы катапультті басып, сыртқа шығып үлгерген. Алайда Сириядағы қарулы оппозиция күштерінің жерден атқылауы салдарынан, экипаж командирі қаза тапқан. Осыдан кейін Ресей жағы "кінәлі" деп санап, түріктерден кешірім талап етті, бірақ түрік елінің басшылығы өздерінің ісін дұрыс деп таныды. Бұл Түркия мен Ресей қарым-қатынасы нашарлап, сауда-экономикалық соғыс басталды. Егер Елбасы араағайын болып, араздасқан қос ел лидерін қайта табыстырмағанда, бұл қақтығыстың арты неге соқтыратыны беймәлім еді.

"Енді қараңыз, биыл ақпан айында Ресей авиациясы Сириядағы түрік әскерилеріне әуеден соққы жасады. Үш түрік әскериі қаза тапты. Ресейдің кінәсінен Сириядағы НАТО-ға кіретін елдің армиясы мен Ресей армиясы арасында ақыры соғысқа ұласуы мүмкін оқиға болды. Бірақ соғыс болған жоқ. Түркия да ұшақтың құлатылуына ашынған Путин секілді қарсы әрекеттерге баруы ықтимал еді, бірақ Ердоған оған бармады. Неге? Өйткені қазір бәрі басқаша. Бұрынғыдай Түркия мен Ресейдің Сирияда бір-біріне қарама-қайшы жоспары енді жоқ! Оның үстіне әлгі оқиғадан кейін Путин дереу Түркия президентіне өзі қоңырау соғып, көңіл айтты", – дейді ресейлік сарапшы, бұрынғы дипломат Александр Баунов.

Расында, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Астанада өткен және әрі қарай жалғасып жатқан Сириялық ахуалды реттеу жөніндегі келіссөзге Түркия мен Ресей "кепілдендіруші мемлекеттер", яғни одақтастар ретінде қатысады. Егер қазақ елі бітістірмегенде, қазір біз ІІІ дүниежүзілік соғыстың негізін қалауы мүмкін қақтығысқа куә болып жатуымыз да ғажап емес еді. Осы "қасіреттен" құтылуға жәрдемдескені үшін екі ел басшысы да Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздар.

Бұл екі елдің араздығы қазақ еліне еш қажет емес. Ұшаққа қатысты оқиғадан кейін Түркия мен Ресей қырғиқабақ жағдайға көшкенде, 2015 жылдың 4 желтоқсанында елордадағы Тәуелсіздік сарайында түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының VI пленарлы отырысы өткен болатын. Сол тұста Түркияны жау санаған Ресей тілі де, түбі де бір халықтардың депутаттарын біріктіретін осы TURKPA (түркілердің парламенттік ассамблеясы) ұйымының осы жиынына татар, башқұрт және басқа да түркітілдес халықтар депутаттарының қатысуына тыйым салып тастағаны мәлім болды. Оның үстіне Ресей ТүркПА-дан шығу ниетін жариялады. Бұл түркітілдес халықтардың Ресеймен бірге оқшаулануына соқтыратын еді. Түркі әлеміне төніп келе жатқан бұл алапат дауылдан тағы да қазақ елінің көшбасшысы құтқарды.

Бейбітшіліктің жаманы жоқ, ал соғыс ешқашан жақсы бола алмайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу