Адвокаттар енді детективке айналады

1815

Қазақстанда кәсіпкерлер экономикалық қылмыстары үшін енді тұтқындалмайтындығы бүгін мәжілісте жария етілді.

Адвокаттар енді детективке айналады

Бизнес орта өкілдері мойындағандай, бұл өз ісін жүргізетін барлық қазақстандықтарға "жаңажылдық" жақсы тосын сый болғалы тұр. Себебі, бұған дейін олар көп нәрседен үміттенбей, осы бағытта мораторий жариялауды ғана сұрап келген болатын. Мемлекет одан да ізгі әрі ірі қадамға барып отыр.

Бизнесті өз қамқорлығы мен қорғауына алатынын мәлімдеген ел басшылығы осыған бағытталған, әрі ел тарихында бұрын-соңды болмаған, тіпті посткеңестік кеңістікте де теңдесі жоқ шараларды жүзеге асыруға кірісті. 

Осы мақсатта 10 қазан күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес, заңға бастамашы болу құқығын пайдалана отырып, парламент қарауына "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын енгізген болатын.

Елбасы бұл жобаны қорғауды тікелей бас прокуратура басшылығына жүктеген екен.

Президенттің заң жобасы қолданыстағы қылмыстық-процестік кодексті де, "Жедел-iздестiру қызметi туралы" және "Прокуратура туралы" заңдарды да өзгертеді. Жаңалықтарына қысқаша тоқталсақ, олар "азаматтардың қылмыстық процесте қорғалу деңгейiн арттыруға және оның жазалау сипатын төмендетуге", "адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға", "қылмыстық істерді тергеу тәртібін жеңілдетуге және қылмыстық процестің үнемді болуын қамтамасыз етуге", "сотқа дейiнгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейтуге" бағытталған.

Бүгін мәжілісте тұсауы кесілген бұл жобаға сәйкес, бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың түсіндіруінше, бірқатар экономикалық қылмыстар бойынша күдікті деп танылған тұлғаларды тұтқынға алмау ұсынылады.

Бұл бірінші кезекте, кәсіпкер азаматтарға байланысты болса керек. Қазіргі кезде өз бизнесін жүргізу барысында байқамай, не біле тұра жаза басқан тұлға бірден тұтқынға алынады. Сарапшылардың айтуынша, соның салдарынан оның бизнесі дағдарады, мүлдем жабылып қалатын оқиғалары да сирек емес. Онымен істес болғандар да күдікке ілігеді, көптеген өзге бизнесмендер тұрақты тауар не қызмет жеткізушіден айырылады, қиындық көреді. Ал олардың әрқайсысының артында ондаған, тіпті жүздеген мың жұмысшы тұр. Осының барлығы түптеп келгенде ел экономикасының ілгері басқан адымын кері тартуы ықтимал. Сонымен бірге, дағдарыс уақытында мемлекет үшін "әр бизнесмен менің жалғызым" болып тұр. 

Сондықтан бас прокуратура басшылығының өкілі осы заң арқылы бизнеске түсетін қысымды төмендету – басты мақсат ретінде көзделіп отырғанын жеткізді.

"Бұл мемлекет басшысының талабы болып саналады. Экономикалық қылмыстар бойынша өтетін тұлғалар қамауға алынбайтын болады. Олар халық үшін, қоғам үшін қауіпті емес. Әрине, бұл бап рейдерлік жасайтындарға, жалған ақша шығарушыларға, контрабандаға, қаржы пирамидалары мен ұйымдасқан қылмыстық топ құрушыларға қатысты қолданылмайды. Бұған қоса, күні бүгінге дейін орталық атқарушы органдар өз бетінше қабылдайтын заңнамалық актілер арқылы реттелетін бір норманы парламент қана қабылдайтын қылмыстық-процестік кодекске көшіріп отырмыз. Ол бойынша енді егер салықтық тексеру не ревизия актісі, немесе мәмілені жалған деп тапқан сот шешімі болмаса, тергеу ісін бастауға тыйым салынады", – деді Марат Ахметжанов.

Бұл жаңа заң жеке кәсіптің тағы бір түрінің – адвокаттық бизнестің беделін жаңа дәрежеге көтеретін болады. Ел тарихында алғаш рет қазақстандық қорғаушыларға өзіндік бір "детективке" айналуға мүмкіндіктер берілмек. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Бізде кеңес кезінен мұраға қалған тәжірибе бойынша адвокаттардың өз клиенттері алдындағы қызметі кеңседегі кеңестермен және сот залындағы қорғаумен ғана шектеледі.

Енді олардың өкілеттігін кеңейту көзделген: оған сәйкес, адвокат өз бетінше ізденуге құқылы, бұған қоса, тергеушілерді өзіне қажетті тексерулерді, тінтулерді жүргізуге мәжбүрлей алады, жерленген мүрдені қайта қазып алуға да қол жеткізе алады. Бұл соттағы қарау кезінде прокурор мен адвокаттың жарыспалылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Яғни, айыптаушы мәселен, кәсіпкерге тағылған айыпты растайтын дәйектемелер ұсынса, кәсіпкердің қорғаушысы өз зерттеуін жүргізіп, соның барысында табылған айғақзаттарын қарсы ұсына алады.

"Қазіргі кезде адвокаттар тек сараптамаға және құжаттарды алғызуға ғана қол жеткізе алады, оның өзінде қимылдамас бұрын тергеушінің ресми бас тартуын күтіп отыруға мәжбүр. Тараптардың сотты күтіп отырмай, дәйектеме және айғақзаттармен алмасуы маңызды. Бұл адам құқығын қалпына келтіру үшін керек", – деген бас прокурордың орынбасары сонымен қатар адвокаттарға өз клиентін қорғау үшін айрықша маңызға ие дәйектемелері мен айғақзаттарын қарсы тарапқа ашып көрсетпеуге, тек сотта ғана жария етуге құқық берілетінін хабарлады. Бұл да "Голливудтың" талай туындысына арқау болған озық елдердің өмір сынағынан өткен үлгісі. Аталған тетікті өз орайына пайдалана алған адвокат дәл сот процесі кезінде өз клиентінің кінәсіздігін көрсететін айғақзатын тосыннан паш етіп, оған қарсы дәйегі жоқ мемлекеттік айыптаушының аузын аштырмай, сөз тапқызбай тастай алады. Ондай жағдайда судьяға негізсіз айыпталған азаматты сот залынан босатуы шарт.   

Жаңа заң күдіктіні қамауда ұстау уақытын да қазіргі 72 сағаттан 48 сағатқа дейін азайтуды қарастырады. Егер қылмысқа қатысты күмән "көлеңкесі" түскен азамат әлі кәмелет жасқа жетпесе, бұл мерзім 24 сағатқа дейін қысқарады.

Елбасы ұсынған заң жобасын парламентте талқылау басталды. Оған бизнес қауымдастық өкілдері де шақырылуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу