Африкада сиқыршылар адам мүшесін "еш операциясыз" сылып, ұрлап алуда

4657

Бұл салмақты проблемамен полициялар және психиатрлар айналысып жатыр.

Африкада сиқыршылар адам мүшесін "еш операциясыз" сылып, ұрлап алуда

Африканың ақпарат айдынын дүбірлеткен жаңалықтар әлемдік БАҚ-қа көшті. Бастапқыда, қыркүйек айының соңында нигериялық ақпарат құралдары дабыл қағып, "азаматтардың жыныстық органдарын ұрлаудың тосын оқиғалары" туралы жариялай бастады. 

Жалпы, жалғыз "қара құрлықта" ғана емес, бүкіл дүниежүзінде адамдардың дене мүшелерін ұрлау кең жолға қойылған. Мысалы, Premiumtimesng.com жазғандай, 2021 жылғы сәуірде ҚХР бас кеден басқармасы Нигериядан келіп, Шанхайдағы Қызыл базар портына тұрақтаған жүк кемесінен ер адамдардың 7200 қатырылған репродуктивті органдарын тәркіледі. Жыныс мүшелері "Подорожник" деген жазуы бар 36 қорапқа толтырылыпты.

Қытайдың кедендік басқармасы Африкада қарулы топтардың ерлерді осы мақсатта ұрлауының оқиғалары жиілеп кеткенін хабарлады. Ведомство қаскөй саудагерлердің бұл контрабандадан табысы жылына 1,2 млрд долларға дейін жететінін ескертті.

Бірақ нигериялық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл жолғы ұрлық ондай шабуылдардан ерекшеленеді: "зұлым сиқыршылар адам мүшесін еш ота жасаусыз алып кетеді".

Мәселенің байыбына бармас бұрын африкалық басылымдар сипаттаған оқиғаларға тоқтала кеткен жөн. 2023 жылғы 21 қыркүйекте Нигерияның Локоджа (Lokoja, Коги штаты) ер адам нан сатып алу үшін дүкенге кіреді. Тауарын алып жатып, сатып алушы саудагердің қолын сипап өтеді. Сатушы сол мезетте "денесін діріл буғанын" мәлімдейді. Артынша ол мүшесінің жоғалып кеткенін "байқайды".

Саудагер жанұшыра көршілерін, көшедегі жүргіншілерді көмекке шақырады. Болған жайды баяндайды. Содан топ болып жабылып, "мүше ұрлаушыны" соққыға жығады. "Сиқыршы" қылмысын мойындады және ұрланғанды қайтаруға уәде етіпті. 

Daily Post Media Ltd жазуынша, бірнеше күн өткенде ұқсас оқиға елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Кросс-Ривер аймағында, Калабар қаласында қайталанды. Тиісінше, алдынғы оқиға орнынан тіпті алыста болған. Калабарда жап-жас "мүше ұрлаушы сиқыршыны" Нигерияның әскери теңіз күштерінің офицері ұстап алды. Сэмюэль есімді бозбала зардап шеккен адам қызмет ететін казармаға келеді. Сол күні офицердің өзі кезекшілікте тұрыпты.

Жәбірленуші мұқият тексеру үшін жас жігітті қауіпсіздік қызметі постына ертіп апарады. Сэмюэль әскерилердің сұрақтарына жауап беріп жатқанда, кенет офицер "тұла бойының мұздап қоя бергенін" сезінеді. Содан соң әскери қызметші шалбарын сипалап, мүшесінің жоқ болып кеткені жөнінде ұйғарымға келген. Бұған қаны қайнап, ыза кернеген әскерилер келушіні соққыға жығып, одан "қара магияның" салдарын жоюды талап етеді. Жігіт дуа жасаумен айналыспайтынын айтып, азар да безер болған. Сэмюэльдің кейінгі тағдыры, қайда кеткені белгісіз.

Нигериялық полиция мұндай оқиғалардың жиілегенін, олар туралы хабардар екенін мәлімдей келе, азаматтардан әр оқиғаның анық-қанығының түпкілікті айқындалуын күтуге, өз бетінше жазалаумен айналыспауға шақырды.

Нигерияның астанасы Абуджаның да, Гвавалада ауданының да тұрғындары "сиқыршылардың" гениталияларды жаппай ұрлап жатқанына шағымдануда. Жергілікті басылымдардың жазуынша, дуалаушылардан зардап шеккендер "қауіпті магияға" тыйым салуды талап етіп, наразылық шараларын ұйымдастырған.

"Мұның қаншалықты шын екенін нақты білмеймін. Бірақ мен мұндай оқиғаларға өзім екі рет куә болдым: еркектер бөтен адамдардың сәлеміне жауап беріп, қол алысқан соң мүшесін таппай безілдеп қалды", – деді Daily Post басылымына сұхбат берген Питер Нваджиофор.

Ақпарат агенттіктері Батыс Африканың көптеген елдері ондай оқиғаларды салмақты қарастырып жатқанын мәлім етті.

Бұл оқиғалар биліктің де, халықтың да зәресін ұшырды. Бір жағынан, адамның мүшесін отасыз ұрлаудың "жолға қойылғаны" туралы фейк қоғамдағы әлеуметтік кернеуді күшейтетін феноменге айналып барады.

Екінші жағынан, "тылсым дуалау жасады" деп кім көрінгенді айыптауы мүмкін екендігі үрейлендіреді. Өйткені мұндай кінә тағылған адамды өзгелер жабыла ұрады, айыбын мойнына алуын және "ұрланғанды" қайтаруды күштеп талап етеді. Өлтіріп тастауы ғажап емес.

"Сиқырдың" себебі неде?

Тарихта ұқсас бұқаралық психоз (массовый психоз) болған екен. Ғалымдар оны "коро синдромымен" байланыстырады. Әлемде, алдымен Африкада бұл психоздың кезекті толқыны бастау алғанға ұқсайды.

Адамзат тарихында аталған синдромнан әсіресе, Азия мен Африка тұрғындары жиі заррдап шеккен көрінеді. Батыс ғалымдары оны зерттеуге XIX ғасырдың соңында кірісті. Ағылшын тіліндегі Уикипедия энциклопедиясының түсіндіруінше, оның басты нышан-симптомдары белгілі: пациенттің бойын алдымен мазасыздық сезімі буады, содан кейін оған жыныстық мүшесі қатты кішірейіп қалғандай немесе мүлдем жоғалып кеткендей көрінеді. Бірқатар науқастар еш себепсіз, өз өміріне қауіп төнгенін сезінгенін баяндаған.

Масқарасы сол, "зардап шегушінің" күйі тез-ақ айналасындағыларға беріледі. Содан олар "жәбірленушінің" мүшесі шынымен де жоқ болып кеткенін "растайды".

Алайда науқастарды тексерген дәрігерлер олардың бойында ешқандай физиологиялық өзгерістер болмағанын, жоғалғаны орнында тұрғанын анықтайды.

Полицияның халықты ағат шешім қабылдауға асықпауды өтінуінің себебі осында: синдром өтпелі. Дүрбелең көтергендер дәрігерге көрінген соң, өзіне-өзі келіп, жыныстық мүшелері "ғайыптан-тайып" қалпына келгенін мәлімдеген. Мұндай мәлімдемелер бұқаралық психозға ықпал ететін фейктің отына май құя түседі. Жаңа зардап шеккендердің "дуагерді": "Орнына дереу қайтар" деп ұратыны да содан.

Азияда "коро синдромының" жаппай өршуінің ең белгілі оқиғасы 1967 жылы Сингапурде тіркелген. Сонда қазан-қараша айларында жүздеген ер адам мүшелерінен айрылғанына шағымданды. Тағы 15 әйел еш отасыз, омырауын алып кеткеніне сенімді болған. Бұл оқиғалар қала-мемлекетте жаппай истерияның басталуына соқтырды. Жұрт есінен жаңылып, тоқтаусыз қоңыраулатып, жедел жәрдем станцияларының телефондарын жара жаздаған. "Әдейі құтқармай, қылмыскерлермен күреспей отыр" деп, билікті айыптаған.

Эпидемия 3 қарашада шырқау шегіне жетті: бір күнде ғана 97 тұрғын мүшесін "жоғалтып", дәрігерге жүгінді.

Ғалымдар бұл психоздың нақты себебін таба алмады. Сингапурде науқастардың көбі шошқа етін жеген. Сондықтан мамандар бұған шошқа тұмауы түрткі болуы мүмкін деп тұспалдады.

Нигерияда Ислам мен христиандық – үстем діндер саналады. Мұсылмандарының доңыз етін жемейтіні белгілі.

Гонконгтық психиатр Лян Яп анықтағанындай, дәл осы бұқаралық психоздан зардап шеккендердің көпшілігі ұялшақ, жүйкесі әлсіз, сыртқы ықпалға берілгіш, аңғал адамдар болған. Олардың интеллектуалдық даму деңгейі де төмен болып шықты.

Индонезияда коро синдромының ушыққан ошақтары тек ауылдық мекендерде тіркелген.

Осы синдромның өзі қауесет өртінің, фейктердің күш-қуатын, жұртшылыққа зор әсерін көрсетсе керек.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу