Ағылшын соты Өтемұратовтың активтеріне қойылған шектеуді алып тастады

1916

Бұл ақпаратты "Верный капитал" компаниясы таратты.  

Ағылшын соты Өтемұратовтың активтеріне қойылған шектеуді алып тастады

"Болат Өтемұратовтың өкілдері мен БТА банкі арасында жасалған келіссөздердің нәтижесінде құпия келісімге қол қойылып, соның негізінде банк өз талап-арызын кері қайтарып алуға міндеттелді. Аталған келісім бойынша ағылшын соты Болат Өтемұратовтың активтеріне шектеу шараларын қолдану туралы бұйрығын алып тастады", - делінген баспасөз хабарламасында.

БТА банкінің талап-арызын реттеуге Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластары БТА банктен жымқырған ақшаны жасыру ісіне Болат Өтемұратов пен онымен байланысты адамдардың және компаниялардың қатысы жоқ екенін растайтын құжаттарды ұсыну туралы келісімі негіз болған.

Хабарламаға сенсек, бұл құжаттардың бір бөлігі аталған келісімге қол қойылмай тұрып көрсетілген. Екі жақ сондай-ақ,  ақшаны қайтаруға пайдасы тиетін кез келген ақпаратты бөлісу туралы уағдаласқан.

Ал қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов ағылшын сотының шешіміне толығымен қанағаттанатынын жеткізді. "Біздің заңгерлер тобы бұл іске менің қатысым жоқтығын айғақтайтын дәлелдерді аз уақыттың ішінде жинап берді. Компаниямыздың жұмысы ашық және заңды құрметтеуге, корпоративтік басқарудың үздік тәжірибесіне негізделгенін ерекше атап өткім келеді" делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Болат Өтемұратов өзі үшін "адалдық пен абырой әрдайым алғашқы орында" екенін айта келіп, осындай қиын-қыстау кезеңде өзіне қолдау көрсеткен отбасына, достарына, компания ұжымына, әріптестеріне алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, The Wall Street Journal басылымында Ұлыбритания соты қазақстандық "БТА банк" АҚ сұрауымен әртүрлі елдердегі, соның ішінде Қазақстан мен Ресейдегі Болат Өтемұратовқа тиесілі 5 млрд АҚШ доллары сомасын құрайтын активтерді бұғаттағаны туралы мақала жарық көрген еді. Активтерді бұғаттау туралы шешімді Англия және Уэльс соттары БТА банкінің өтінішхаты негізінде қабылдаған. Сондай-ақ, бұғаттауға БТА банк ұсынған жаңа айыптаулар себеп болғаны анықталды. "Банкінің айыптауы бойынша, қазақстандық бизнесмен Болат Өтемұратов ақшаны жасыру үшін 11 жеке тұлға, компаниялармен жұмыс істеген" деп хабарлады WSJ сот материалдарына сілтеме жасай отырып.

Әңгіме UBS Group AG, Credit Suisse Group AG, EFG International AG мен DBS Group Holdings Ltd. Және Мәскеу, Вена, Қазақстан астанасындағы Ritz-Carlton отелінің белгілі бір үлесін иеленуші компанияның активтері туралы болып отыр. Бұған қоса, Болат Өтемұратов қадағалайтын Қазақстандағы  Burger King франшиза қожайыны компаниясының активтері де бұғатталған.

Бірақ Б.Өтемұратов бұл айыптауларды жоққа шығарды. "Талап-арызды "БТА Банк" АҚ мен оның заңгерлері жалған құжаттар негізінде түсірген. Сондықтан біз шағымданамыз" деп мәлімдеді Б.Өтемұратовтың баспасөз хатшысы Ольга Абдрахманова мен "Верный капитал" компаниясының өкілдері. 

2012 жылы британ соты М.Әблязов пен оның күйеу баласы Ильяс Храпуновқа қарсы жолдаған БТА банкінің 4,9 млрд АҚШ доллары сомасындағы талап арызын қанағаттандырып, банктің пайдасына шешіп берген болатын. 

"БТА банк" АҚ қожайыны – қазақстандық бизнесмен Кеңес Рақышев. Fincraft Group (бұрынғы Novacom Corporation) холдингі компаниясының жалғыз иесі де осы бизнесмен.

Осыдан бірнеше жыл бұрын "БТА банк" банктік лицензиясын тапсырып, активтерді басқару жөніндегі компания ретінде танылған.

2018 жылы "Forbes Казахстан" журналына берген сұхбатында Кеңес Рақышев БТА банкінде активтердің едәуір бөлігі сот арқылы қайтарылатынын, оның 80 пайызы Ресейдікі екенін мәлімдеген еді.

Қымбат Тоқтамұрат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу