Айбек Нұғымаров – әлем барысы

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4433

Қазақ күресінен Астана төрінде өткен абсолютті әлем чемпионатында бас бәйге өз елімізде қалды.

Айбек Нұғымаров – әлем барысы

Жүлде қоры 30 млн теңге болған "Әлем барысына" дүниежүзінің 40-қа тарта елінен 42 түйе балуан қатысты. Олардың бесеуі сайдың тасындай іріктелген өз жігіттеріміз болатын. Атап айтқанда – Айбек Нұғымаров, Ержан Шынкеев, Еламан Ерғалиев, Дәурен Нұралиев және Айбат Сейтен.

Айтпақшы қатысушылардың ішіндегі ең ауыры Жаңа Зеландия жігіті Чико Реремоана Пембертон болды. Ол салмақ өлшеу рәсімінде 175 келі тартты. Ресейлік Рустам Арсланов (159 келі) және Аргентина алыбы Лучино Дель Рио (146 келі) дәл осы көрсеткіш бойынша үштікке енді.

Өте тартысты өткен белдесулердің қорытындысы бойынша бас бәйгені 2013 жылғы "Қазақстан барысы" Айбек Нұғымаров пен дзюдодан 2017 жылғы Еуропа чемпионы, Грузия балуаны Гурам Тушишвили сарапқа салды.

Грузин жігіті осал емес. Жартылай финалда біздің Ержан Шынкеевті ұтқан. Финалды да тәп-тәуір бастап, бірден шабуылға көшті. Әрі бүк ұпайын еншілеп, алға да шықты. Алайда Айбек қапысын тауып, таразы басын теңестірді. Іле-шала қапсыра құшақтап, алып ұрды. Таза жеңіс!

Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Ержан Шынкеев Моңғолиядан келген қандасымыз Серік Бердімұраттан басым түсті. Негізі Серік бауырымыз да білекті жігіт еді. Бірақ Ержанның мысы басты ма, әлде жартылай финалдағы өкініші әлі басыла қоймаған ба, төртінші орынмен шектелді.

Сөйтіп Айбек Нұғымаров "Әлем барысы" абсолютті әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, 15 млн теңге алатын болды. Күміс жүлдегерге 5 млн, ал қола жүлде алған балуанға 3 млн теңге бұйырды. Осы ретте айта кетейік, 10-орынға ие болған балуандарға ақшалай жүлде (сыйақы) табыс етілді.

Басқа жігітерімізге тоқталар болсақ, Дәурен Нұралиев екінші айналымда өзбек Мухсин Хисомуддиновке, Айбат Сейтен үшінші айналымда грек Тенторе Масманидиске есе жіберіп алды. Ал Еламан Ерғалиев ширек финалда Айбек Нұғымаровтан ұтылды.

Естеріңізге сала кетейік, бірінші "Әлем барысы" 2014 жылы өтіп, онда салмағы 160 келі тартатын Куба қабыланы, дзюдодан 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Оскар Рене Брайсон Видал қарсылас шақ келтірмеген болатын. Ол финалда Айбек Нұғымаровтан басым түскен.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу