"Литва – жесірлер еліне айналып кетті" деген литвалық белгілі кардиолог, профессор Оливия Добилененің мәлімдемесі еуропалық қоғамда қызу пікірталас туғызды. Өйткені мұндай проблема көптеген елге тән болып шықты.
Мысалы, Ресей Еңбек министрлігінің мәліметінше, балалары әкесіз қалған отбасылардың үлесі рекордтық көрсеткішке жетіп, 40 пайызға жуықтады (38,5%).
Бірақ Балтық елдерінде бейбітшілік салтанат құрып тұр, бұл елдердегі өмір сүру деңгейі былтырғы жылы тарихтағы ең жоғарғы дәрежесіне жетті. Онда не болып қалды, жесірлері көбейетіндей не нәубет келді?
Мәселе көтерген профессордың түсіндіруінше, Балтық елдерінде, соның ішінде Литвада ерлер жүректен кетуде. Салдарынан, бұл елде еркек атаулы көп өмір сүрмейді. Сондықтан, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының алдын алуда пәрменді шаралар қажет.
"Статистика бойынша әйелдерге қарағанда ерлердің "өмір сүру ұзақтығы" шолақ. Литвадағы бұл көрсеткіш Еуроодақтағы ең қысқасының бірі. Ерлер жүрек-қантамыр дерттерінен ерте жаста өледі. 24-34 жастағылар тобында әрбір 100 мың тұрғын ішінен 9 ер көз жұмады. 35 жастан асқандар арасында ерлердің өлім-жітімі 5 есе өсіп кетеді. Бұл – өте салмақты проблема. Еуропада аққұла Литва еркектердің өмір сүру ұзақтығының тым аздығымен ерекшеленеді. Литва – жесірлер еліне айналып барады дегенімнің себебі осы!" – деді литвалық профессор Оливия Добилене.
Дегенмен, кардиологтың айтуынша, көптеген ер-азаматты өлімнен арашалап қалуға болады.
Ең үлкен қауіп-қатер тобына 35-45 жастағы ерлер жатады. Маман қазіргі кезде азаматтар жүрек-қантамыр ауруларымен ерте жастан ауыра бастайтынына назар аудартты.
"Ал, әйелдердің ерте жастан науқастануы сиректеу: әдетте, нәзік болмыс иелерінде бұл аурулар көбіне менопаузадан кейін, 65-75 жастан пайда бола бастайды. Еуропада әсіресе, Литвада, Ресейде, Беларусьте ерлердің соғыстағы емес, бейбіт күндегі өмірі ең қысқа болып келеді. Ал, Францияда, Италияда және Швейцарияда ерлердің өмір сүру ұзақтығы анағұрлым жоғары. Олардың деңгейіне жақындауымыз үшін біздің ерлер өмір салтын өзгертуге тиіс", – деп кеңес берді профессор Оливия Добилене.
Бұл пікірді қостаған профессор Йоланта Бадарене адамзат тұқымын қорғап, сақтау үшін әйелдер ұзағырақ жасайтынын айтты.
"Қазіргі заманда жігіттерде жүрек-қантамыр аурулары әдетте миокард инфарктінен, жүрек талмасынан басталады. Тосын өлімге соқтырады. Ерлердің әйелдермен салыстырғанда аз өмір сүруінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұған жыныстардың ерекшелігі әсер етеді. Өйткені әйелдердің гормондары менопаузаға дейін аталған аурулардың туындауының алдын алады, иесін қорғайды. Егде тартқанда гормондар да азая түседі, салдарынан әйелдер бұл дерттерге шалдыға бастайды", – деді Бадарене ханым.
Екіншіден, оның байламынша, барлық уайым-қайғысын ішінде ұстап, жасыратын ерлерге қарағанда кез келген проблемаға бола жылап-сықтап алудан тайынбайтын нәзік болмыс иелері осы арқылы шердің көкірегінде шемен болып қатуынан қорғанады.
Үшіншіден, ерлерге қарағанда әйелдер өз денсаулығына көбірек күтім жасайды. Ерлер болса, дәрігерлерге көбінесе жұбайының үгіттеуімен, түртпектеуімен қаралады.
Delfi басылымына сұхбатында кардиолог Раймондас Кубилюс ерлердің тіпті тегін скринингтен өтуге келе бермейтінін жеткізді.
"Өмірдің қысқаруының негізгі бір себебі – ерлер өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайды, симптомдарды елемейді, ақырына, асқынғанға дейін шыдайды. Жүрек-қантамыр ауруларының тәуекел факторларын коррекциялауға мән бермейді. Ерлер осы аурулардың алдын алу, превенциялау бағдарламаларына сирек қатысады. Ал, ондай бағдарламалар әсіресе, 40-60 жастағы ерлер үшін міндетті болғаны жөн. Тіпті ешқандай шағымы болмаса да дәрігерге тексеріліп тұрған маңызды", – деді профессор.
Кардиолог бұл жерде неге көңіл аудару керектігін ескертті: нормадан асқан холестерин, қант пен қысым – қауіп-қатер факторларының үлкен бөлігін құрайды. Бұлардың ешқайсысының симптомы жоқ. Сондықтан адам өзін қалыпты сезінеді. "Жаман ештеңе байқалмайды ғой, ендеше саумын" деп ойлайды.
"Шынында олай емес. Медициналық тексерістен өтіп тұру пайдалы. Ерлер бірінші инфаркттен немесе басқа салмақты ауруға шалдыққаннан кейін ғана күтіне бастайды. Ең қауіптісі – келесі қауіп-қатер факторларының топтасуы, бұлар – дислипидемия, темекі тарту, қан қысымының артуы, қант диабеті, физикалық белсенділіктің төмендігі. Осы факторлар кесірінен атеросклерозды түйіндақтар (атеросклерозные бляшки) пайда болады. Олар қан айналымын бұзады. Оның соңы жүрек ұстамасына (инфаркт) және басқа қауіпті ауруларға соқтырады", – деді кардиолог.
Кубилюс жүрек тұсындағы, жауырын астындағы ауырсыну сезімдеріне назар аударуға және уақыт ұзатпай, дәрігерге көрініп қоюға кеңес берді.
Оның айтуынша, ахуалды ушықтырып жібермеу үшін алдын алу, мысалы, холестерин мен қанттың деңгейін өлшеп тұру, қан қысымын жиірек өлшеу, дұрыс, нәрлі тамақтану, спортпен немесе дене шынықтырумен айналысу, күніне кем дегенде 6-7 сағат ұйықтау керектігін еске салды.
Өз кезегінде Ресей Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 20 жылда Ресейде толық емес отбасылардың үлесі екі есеге жуық өскенін хабарлады. Салдарынан, солтүстік көршідегі әрбір үшінші бала әкесіз қалған.
Ресми мәліметке сәйкес, Ресейде 2002 жылы әкесіз отбасылардың үлесі 21% болса, бертінде, 2022 жылы бұл көрсеткіш 38,5%-дан асқан. РФ ведомствосы бұл зерттеуінде 2022 жылы "арнайы әскери операция" басталғанға дейінгі статистика есепке алынып отырғанын ескертті. Өйткені соғыстағы Ресейдің адам шығыны құпияландырылған және жариялауға жатпайды.
Олай болса, соғыс қорытындысында Ресейдегі жесірлер және әкесіз балалар саны күрт өсетіні даусыз. Ресей Еңбекминінің мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысында Ресейде 4,85 миллион жесір және жалғызбасты ана тұрып жатқан.
Мұндай трагедияға Қазақстанда жол бермеу үшін ер-азаматтар күтінгені, олардың да денсаулығын қорғауға мемлекеттің баса көңіл бөлгені – өмірлік маңызды міндет. Өйткені республикада ер-азаматтар саны азайып келеді.
Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметінше, 2024 жылғы қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 9 880 259 ер адам (жалпы санның 48,9%-ы) қалған. Ал, әйелдердің саны – 10 342 959 адам. Бұл – халықтың 51,1%-ына тең.