Бұл Ресейдің әуе шабуылының қарқынын төмендете ме?
Халықаралық сарапшылар Украина армиясының өткен аптада Авдеевка қаласын тастап шығуына негізінен, Ресей авиациясының қаланы салмағы бір жарым тоннаға дейін баратын, басқарылатын авиабомбалармен тоқтаусыз соққылауы себеп болды деген пікірде.
Кеше, 19 ақпанда Украинаның Әуе күштері майданның Шығыс бағытында, нақтылағанда, Мариупольдің жанында 2 ресейлік ұшақты – Су-34 бомбалаушы-жойғыш ұшағын және Су-35С заманауи жойғыш ұшағын құлатқанын мәлімдеді.
War.obozrevatel порталының және халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, соның алдында ғана, 17 ақпанда УҚК жаудың тағы үш әуе көлігін атып түсірген. Оның арасында екі Су-34 бомбалаушы-жойғыш ұшағы және бір көпнысаналы Су-35 жойғыш ұшағы болыпты.
Ресей Қорғаныс министрлігі бұл туралы ауыз ашпады. Есесіне, ресейлік әскери блогерлер әскери ұшақтардың бірінен соң бірінің құлауына кәдімгідей қайғырып жатыр. Олар "төл дереккөздеріне" сілтеме жасап жазғандай, ұшақтарды Украина жағы емес, тағы қателесіп, ресейлік әуе қорғанысы жүйелері атып түсірген-мыс. Telegram арнасында Мариуполь басшысының кеңесшісі Петр Андрющенко хабарлағандай, кеше апатқа ұшыраған ресейлік әскери бортының сынықтары қала жанында, Азов теңізінің айдынында шашылып жатыр. Іздеу жұмыстарына байланысты дұшпанның әскери комендатурасы Рыбацкое кентінің кіреберісін және жағалауды жауып тастаған.
Өз кезегінде Украинаның Әуе күштерінің қолбасшысы Николай Олещук қарсыластың екінші әскери ұшағын іздестіру-құтқару операциясын жүргізіп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, ресейлік құтқарушылардың жолай тұтылып тыңдалған баяндамасына сәйкес, "Азов теңізінде бет-жүзі төмен қараған күйі қалқып жүрген Су-35 ұшқышы" табылды. Мариупольдің солтүстігіне қарай, теңізген құлаған басқа, алғашқы жойғыш ұшақтың экипажы табыла қоймапты.
Кеңес армиясының полковнигі, әскери сарапшы Олег Ждановтың пікірінше, шынымен де осынша әскери ұшақ құлатылса, онда бұл Ресейді майдан даласында әуе көліктерін көп қолданудан айнытуы мүмкін. Ол украиналық қолбасшылықтың 2023 жылғы 22 желтоқсандағы табысты операциясын қайталап отырғанына назар аудартты. Сол күні Украинаның Херсон облысының Крынки селосының жанында бір күнде үш ресейлік Су-34 бомбалаушы ұшақтары атып түсірілген еді. Олар Днепрдің сол жағалауында орныққан Украина армиясының шағын плацдармына қашықтан басқарылатын авиабомбалар тастауға тырысты.
"Сонда ресейлік тарап оперативті бағытта, майдан шебінде тактикалық авиацияны қолдануды уақытша доғарды. Бұл жолы да солай болуы ықтимал. Шынында, Украинаның Әуе күштері үш күнде одан екі есе көп – 6 әскери ұшақты құлатып отыр. Бұл – өте салмақты нәтиже. Қарсыласының әуе қорғанысы күрт күшейгенін көріп, енді ресейлік ұшқыштар жауынгерлік міндеттерін орындаудан бас тарта бастайды. Былтыр да белгілі бір мерзімге солай болды. Ендеше майданның шығыс учаскесінің алғы шебінде тактикалық авиацияның белсенділігі айтарлықтай төмендеуі мүмкін", – деп болжады О.Жданов.
Сарапшының нақтылауынша, кейбір деректерге сәйкес, Ресейдің жалпы саны 6 әскери ұшағы, соның ішінде 17 ақпанда – екі Су-34 пен бір Су-35, 18 ақпанда – тағы бір Су-34 истребителі және 19 ақпанда – Су-34 және Су-35С әскери ұшақтары құлап түскен.
"Біздің Отан қорғаушылар кейінгі үш күнде жаудың алты бомбалаушы, жойғыш ұшақтарын жоя алды. Дәл осы авиация басқарылатын авиабомбаларымен біздің бекіністерді тұрақты түрде соққылап келген еді. Сол себепті, УҚК Әуе күштері ресейлік авиация көліктерінің санын барынша азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұл шаралар алғы шептегі украиналық әскерилерге елеулі көмектесуге тиіс", – деді УҚК Әуе күштері қолбасшылығының спикері Юрий Игнат.
Оның байламынша, Украина жаудың тек теңіз флотын ғана емес, авиациясын да күйретуге қабілетті екенін батыстық серіктестеріне паш етуге тиіс.
"Біз бірінші кезекте, басқарылатын авиациялық бомбалармен алғы шепті үнемі талқандайтын әскери ұшақтарды жоюмен айналысудамыз. Олар Авдеевка, Марьинка сияқты басқа қалаларды бомбалауға ауысты. Бұл қалаларды жермен-жексен етті. Тәулігіне жүздеген авиабомба тастайды. Орнында терең шұңқыр қалады, алапат шығын келтіреді. Бұл ұшақтардың ұшқыштары өздерін жазасыз сезінді, себебі, басқарылатын авиабомбаларды нысанасына 70 шақырым және одан алыстан ұшырады. Біз Батыс елдері қашыққа ұратын жүйелерін береді деген үміттеміз", – деді Ю.Игнат.
Осы мақсатқа жету үшін ол заманауи әуе қорғанысы жүйелері сыртында қашыққа ұшатын зымырандары бар заманауи жойғыш ұшақтар керектігін жеткізді. Оның бәрінің тағдыры Америкада бұғатталған әскери көмекке тіреліп тұрған көрінеді.
Әзірге Украина әскерилері алты ұшақты немен сұлатқанын айтпады. Сарапшылар бұл америкалық MIM-104 Patriot зениттік зымыран кешенінің, не франциялық SAMP-T зениттік зымыран кешенінің жұмысы болуы, немесе тіпті америкалық F-16 жойғыш ұшақтары да көмекке келіп жетуі мүмкін деп жорамалдайды.