АҚШ пен ЕО Мәскеуге қарсы санкцияларын күшейтпекші

4885

 Ресей қиындыққа төтеп беретініне сенімді. 

АҚШ пен ЕО Мәскеуге қарсы санкцияларын күшейтпекші

АҚШ-тың екіпартиялық сенаторлар тобы Ресейге қарсы жаңа әрі қатал санкция жариялауды қарастыратын заң жобасын таныстырды. Бұл құжат Мәскеуді Құрама Штаттардағы сайлауға араласты, Украинаға басқыншылық жасады деген себеппен жазалауды көздейді. Жаңа заңның көмегімен америкалық сенаторлар президент Дональд Трампты Кремльге қатысты позициясын қатаңдатуға мәжбүрлегісі келеді. 

Антиресейлік жобаны республикалық сенатор Линдси Грэм мен демократ сенатор Боб Менендес және сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің өзге де мүшелері ұсынып отыр. "Тозақтан жеткен санкциялық заң" деп аталып кеткен құжат былтыр екі сенатор ғана қолдағандықтан конгресстен өтпей қалған.

Бірақ "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, осы жолы ол конгресстен қолдау табуы мүмкін. Өйткені, АҚШ-тағы екі партияның да Мәскеудің өзге елдердің ішкі істеріне араласуына ызасы күшейіп келеді. 

Трамп Конгресстің Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдату әрекеттерімен бұған дейін амалсыздан келісті. Егер жаңа жоба заңға айналатын болса, президенттің оған қол қоюына тура келеді.

"Трамптың Кремль  алдында әдейі дәрменсіздік танытуы конгресстің ызасын қайнатуға жақын", – деп жазылған сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің бас демократы Менендес таратқан мәлімдемеде. Дегенмен сенаторға жауап ретінде Ақ үй әзірге түсініктеме бермей отыр. Айта кету керек, президент Владимир Путин "Ресей өзге мемлекеттердің ішкі жағдайына араласты" деген уәжді үнемі жоққа шығарып келеді.  

Жаңа санкциялар ресейлік банктерді, кибер-секторды, суверендік қарызды, коррупцияға қатысы бар деген шенеукніктерді нысанаға алмақ. Сонымен қатар, америкалық заң жобасы Ресейдің мемлекеттік кірісінің 40%-ын қамтып отырған мұнай-газ секторын да көздеп отыр. Дәлірек айтсақ, Вашингтон бұл салада тауар жеткізумен, қызмет көрсетумен және мұнай-газ секторының дамуын қаржыландырумен айналысатын адамдарды да санкциялық тізімге енгізбек. Бұған қоса Ресейдің шетелде жүзеге асырылып жатқан "Солтүстік ағын-2", "Түрік ағыны" тәрізді энергетикалық жобалары мен газ кеніштерін игеріп жатқан инвесторлары да Құрама Штаттардың экономикалық шектеуіне тап болуы мүмкін.

Болжамдарға қарағанда, жаңа санкция туралы заң жобасына  BP, Shell, ENI  ғана емес, Американың Exxon Mobil және Chevron тәрізді алып компаниялары да қарсылық білдіруі мүмкін. Осылардың ішінде BP Ресейдің ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорны - "Роснефтьттің" 20% акциясына ие.
 

Ресейдің жауабы
Кремль мәлімдегендей, РФ экономикасы Құрама Штаттар жариялаған кез-келген санкцияға төтеп бере алады. Сонымен қатар Мәскеу Батыстың бұған дейін енгізген экономикалық эмбарголарына қарамастан, Ресей макроэкономикалық тұрақтылық пен өсім байқатқанын мәлімдеп отыр.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, америкалық сенаторлар қарастырып жатқан заң жобасы халықаралық сауда заңын бұзып қана қоймай, АҚШ-тың бизнесіне әділетсіз бәсекемен көмектесуді көздейді.

Вашингтоннан жаңа санкция туралы хабар жеткенде, Ресей ақшасы 1%-ға әлсіреп, доллардың құны 66,55 рубльге дейін көтерілді. Арада бір күн өткенде Мәскеу биржасының индексі 1,3%-ға, РТС индексі 2,2%-ға төмендеп кетті. 

"Сбербанк" президенті және басқарма төрағасы Герман Грефтің ойынша, Құрама Штаттардың кезекті санкциялары Ресей экономикасын қауіпке душар етуі мүмкін. Сондықтан ол банктерді қолайсыз жағдайға әзір болуға шақырды.  Ал елдің екінші ірі банкі - VTB болса, жаңа санкцияларға қарсы жоспар әзірлеп қойған. Мұны ақпанның 14-де Сочиде осы банктің басшысы Андрей Костин айтты.

РФ энергетика министрі Александр Новактың айтуынша, америкалық сенаторлар жасақтаған санкция жобасы - "радикалдық әрі күмәнді ұсыныс".
 

Еуропаның санкциялық жоспары
Ұлыбритания мен ЕО-ның бірнеше елі алдағы апталарда Ресейге қарсы "шектеу шараларын" жарияламақ. Мұны Sky News телекомпаниясы үш ақпарат көзіне сүйене отырып хабарлады.

Еуропа одағының 28 елінің сыртқы істер министрлері Брюссельде сыртқы саясат кеңесінде бас қосып, Украинадағы жағдайды және РФ-ға қарсы санкцияларды әрі қарай күшейту мәселесін талқылауды жоспарлап отыр.

Айта кетсек, қарашаның 25-де Ресей шекарашылары Қара теңізден Керчь бұғазы арқылы Азов теңізіне өтпек болған украиналық үш кемені басып алып, олардың бортында болған теңізшілерді әлі күнге дейін қамауда ұстап отыр.

Мәскеу украиналық әскерилерді Ресейдің территориялық суларына заңсыз енді деп айыптап келеді. Алайда Киев мұны мойындамай отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу