АҚШ-та саяси дағдарыс күшейіп келеді

1386

14 желтоқсанда АҚШ парламентінің республикалық депутаттар үстем Өкілдер палатасы Президент Джо Байденге импичмент жариялау үшін тергеу жүргізуді заңдастыратын қарар қабылдады.  

АҚШ-та саяси дағдарыс күшейіп келеді Фото: Reuters

Осы аптада Конгрестің Өкілдер палатасында басымдыққа ие Республикалық партия "Джо Байденге импичмент жариялау мақсатында тергеуге ресми статус беруді" жақтап, дауыс берді. Алайда ол тергеу басталмай жатып, тығырыққа тірелді. Неге?

Америкалық сарапшылардың мәлімдеуінше, әзірге тексерістер іс басындағы Президент тарапынан билігін теріс пайдаланудың ешқандай деректерін анықтамады.

14 желтоқсанда АҚШ парламентінің республикалық депутаттар үстем Өкілдер палатасы Президент Джо Байденге импичмент жариялау үшін тергеу жүргізуді заңдастыратын қарар қабылдады. Сөйтіп, бұл елде биылғы жылы ушыққан саяси дағдарыс жаңа белеске шықты.

Америкалық дауыс берушілердің дауыстары партиялық мандатына қарай нақты бөлінді: Демократиялық партияның өкілдері қарсы шықты, ал саны көп Республикалық партияның өкілдері басымдығын танытты. Осылай қабылданған қарарда іс басындағы Президент "парақорлығы, коррупцияны өркендеткені, өз ықпалын төл "брендін" ілгерілетуге пайдаланғаны" үшін айыпталды.

Әзірше мұның бәрі қиял мен қыздыртпа қызыл сөз ғана: қарсыластар соны дәлелдейтін бірде бір нақты дәйектеме ұсына алмады. Республикалықтар ол айғақтарды тергеушілер табады деген үмітте. Олар Байденнің "былықтарын" терең қазуға тиіс: Барак Обама тұсында вице-президент лауазымын атқарған кезінен бастайтын болады.

Олардың салмақты дәйектеме табатынына сарапшылар сенбейді. Сондықтан конгресмендердің Мемлекет басшысына айып тағуын бірқатар беделді республикалықтар да айыптады. Бірақ бұл Байденнің қарсыластарына тежеу бола алмады: олардың ұстанымынша, Ақ үй тергеуге кедергі келтіріп отыр, сол себепті тергеушілерге айғақтарды еркін жинауға қажетті үлкен өкілеттіктер беру керек.

Президент әкімшілігі тергеудің басталуын қатаң сынға алды және оны "іс басындағы Мемлекет басшысының қайта сайлануына тосқауыл қоюға бағытталған саяси айла-шарғы" деп бағалады. Ақ үй қымсынатыны, жасыратыны жоқтығын таныту үшін тергеушілермен ынтымақтасуға дайындығын жеткізді.   

Маңызды жайт сол, Өкілдер палатасының "тергеудің басталуын авторизациялауы" импичмент бойынша дауыс беру емес. Бірақ ол Байденнің беделіне дақ түсіріп, сайлаушылар мен таңдаушыларды түңілте түсуі мүмкін.

Америкалық басылымдардың хабарлауынша, Демпартия өз атынан сайлауға түсетін жалғыз кандидатын тек 2024 жылғы 19–22 тамызда ғана анықтайды. Республикалық депутаттар болса, тергеуді тездетіп, Президентке келесі жылдың басында импичмент жариялаудың амалдарын қарастыруда.

Онда Джо Байден келесі президенттік додаға қатыса алмайды. Ал Демократиялық партияның басқа кандидаттары Республикалық партияның қазіргі көшбасшы кандидаты Дональд Трамптың қолына су құюға да жарамайды. Байденнің сайлаушылар арасындағы ағымдағы рейтингі 39%, өзге демократ-кандидаттар рейтингі бұдан екі еседей аз.   

Құрама Штаттардың тарихында Конгресс бастамашы болған осындай рәсімнің төртеуінің үшеуі ақыр соңында импичмент рәсімінің басталуына әкелген.

Тергеу қай кезеңде?

Тергеуді бастауға биылғы қыркүйекте Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти бастамашы болды. Ол Байденнің айналасындағылар "сыбайлас жемқорлық мәдениетін" енгізді деп жала жапты.

Салдарынан, биылғы 3 қазанда аз шоғыр трампшыл конгресмендер өз өкілі саналатын Маккартиді "Демпартиямен ымыраласқаны үшін" спикерліктен кетіру туралы бастама көтергенде, демократ-конгресмендер жаппай спикерге қарсы дауыс берді. Бұл ақыр соңында ел бюджетінің және Украина мен Израилді қаржылық, әскери қолдауға арналған заң жобасының қабылданбай қалуына соқтырды. Мемлекетті "шатдаунға" соқтыра жаздады.

Оның үстіне сол қыркүйекте өткен бірінші тыңдауда басты куәгер ретінде тартылған Республикалық партияның 2 сарапшысы "импичментке жарайтын дәйектемелердің барына күмәнданатындарын" мәлімдеді.

Бұл Конгрестегі адуынды республикалықтарды райынан қайтармады, қайта ашуын туғызды. Содан Өкілдер палатасының Қадағалау комитеті қаптатып "сотқа шақыру" қағаздарын жазып, жолдауға білек сыбана кірісті. Комитеттегілер биліктегі және оған жақын тұлғаларды, соның ішінде Президенттің отбасын, ұлын және інісін тергеуді талап етті.

Президенттің ұлы Хантер Байден Конгрестің жабық есік жағдайында куәлік етуге шақыру қағазын елеусіз қалдырды. Ол журналистерге сұхбатында тек халық алдында, жария түрде ғана куәлік ететінін айта келе, "республикалық тергеушілерде ар да, ұят та жоқтығын" атап өтті.

Өкілдер палатасының қазіргі жаңа спикері Майк Джонсон "Президенттің өз билігін теріс пайдалануының айғақтары барған сайын көбейіп жатқанын" жариялады. Бірақ тағы да сөзіне дәйек келтірмеді.

"Ақ үй және басқалары табанды түрде қарсыласып бағуда. Бұған тоспа құратын кез келді. Біздің келесі қадам жасаудан басқа амалымыз қалмады. Тергеу енді саяси емес, заңдық шешім болады", – деді палата төрағасы.  

Республикалықтардың шағымдануынша, Президент әкімшілігі олардың ақпарат ұсыну туралы сұрауларына жауап беруден бас тартады, Ұлттық архивтен сұратылған мыңдаған құжатты бермейді, басты куәгерлердің куәлік етуіне кедергі жасайды.

Бірақ тергеушілер ол құжаттардың бәріне қол жеткізгенімен, жылдам импичментке негіз болар салмақты дерек табатынына өз сұхбаттарында Республикалық партия өкілдері де шүбә келтірді. Бұл тергеу ұзаққа созылуы мүмкін.    

Сонымен бірге тіпті байсалды дәйектемелер табылмаса да, Өкілдер палатасы жаңа жылдың басында импичмент процедурасын іске қоса алады. Алайда "Би-Би-Си" сарапшыларының тұжырымдауынша, тәуелсіз депутаттарды қосқанда, Демпартия мүшелері көпшілік саналатын Сенат тұрғанда, Джо Байденге бәрібір ешқандай импичмент қаупі төнбейді.  

Өкінішке қарай, Америкадағы Президент пен депутаттардың жаға жыртысып, тайталасуы бұл елден көмек күткен дамушы елдерге залалын тигізуде. АҚШ-тан снарядтар легі сұйылғандықтан бүгінде Украина армиясының артиллериясы көбіне үнсіз тұратынды шығарды. Салдарынан контрбатареялық күресте бұл ел Ресейге жеңіле бастады. РФ армиясы Америкада саяси дағдарыс ушыққан қазан айынан бері майданның алғы шебінде украиналық бекіністерді бірінен соң бірі алып жатыр. Желтоқсан айында Еуроодақ лидері Германия жеткізген 8 мың снарядты Украина әскері бір күнде атып тауысқан.

Коммунистік Қытай халық республикасына қарсыласқан Қытай республикасы (бізше Тайвань) алып көршісінің әскері доқ көрсетіп, қорқытып жатқанын айтып, күн сайын дабыл қағуда. Кеше Inbusiness.kz жазғандай, Тайвань ҚХР-дың 27 ұшағы мен 9 кемесінің жақындағанын мәлімдеді. Бұл елге АҚШ-тың көмегін де Өкілдер палатасы бұғаттады.

Айыптауға негіз болған "Байден бренді" деген не?

Өкілдер палатасының Қадағалау комитетінің сендіруінше, Байденнің отбасы мен оның іскерлік әріптестері 2014 жылдан 2019 жыл аралығында Қазақстаннан, Ресейден, Қытайдан, Украинадан және Румыниядан – "күмәнді шетелдік көздерден" төлем түрінде 20 миллион доллардан астам қаржы алыпты-мыс.

Бірақ мұның пара екенін дәлелдейтін дәйектемені ұсына алмады. Америкада лоббизм заңдастырылған. Содан әлемдегі белді мемлекеттер АҚШ-та өз мүддесін ілгерілету үшін лобби жалдайтыны жасырын емес. Бұл – жемқорлыққа жатпайды.  

The Washington Post хабарлауынша, аталған комитет пен тергеушілер аталған елдерден келген аударылымдарға қатысты барлық банктік құжаттаманы бірнеше рет, әрі мұқият зерделеген. Алайда тікелей Байденге қандай да бір нақты ақшалардың төленгеніне еш дәлел таба алмапты. Сонымен қатар аталған кезеңде вице-президент болған Джо Байденнің аталған елдердің қаражатынан қандай да бір табыс тапқанына да ешбір айғақ табылмапты.

Республикалық-конгрессмен Джеймс Комердің түсіндіруінше, Байденнің ұлы Хантер "жемқорлық сипатындағы іскерлік схемалардан миллиондап пайда табу үшін әкесінен "бренд" жасап, ілгерілеткен-мыс".

Мұның бәрі әзірге тек өсек сөзге, қауесеттерге құрылған. Мысалы, республикалықтардың бір дәлелі Хантер Байденнің бұрынғы іскерлік серіктесі Девон Арчердің әңгімесіне негізделеді: Д.Арчер лоббист ретінде "вице-президент Джо Байденге тікелей шыға алатынын" айтып, шетелдіктердің қызығушылығын туғызыпты. Егер оның вице-президентпен сыбайласқаны дәлелденбесе, мұның бәрі Байденнің емес, Арчердің алаяқтығын білдіреді.  

Оның үстіне тықақтап сұраған журналистерге жауап берген республикалық-конгрессмен Джеймс Комер "Арчер ақыр соңында ешкімге де нақты қызмет ұсына алмағанын" растауға мәжбүр болды.  

Бұған қоса, республикалықтар "Джо Байденнің өз ұлымен істес болғанын дәлелдейтін банктік түбіртектер" деп жариялаған құжаттардың шын мәнісі анықталды. Хантердің адвокаттарының түсіндіруінше, бұл төлемдер біріншіден, Байденнің вице-президенттіктен, яғни биліктен кеткеніне 2 жыл өткен соң жасалған.

Екіншіден, ол түбіртектерді Байден ешкімнен, соның ішінде құзырлы органдардан, салықшылардан жасырмаған. Үшіншіден, ол кезде Хантер нашақорлыққа салынып, есірткіге тәуелділігі салдарынан қаржылық проблемаларға тап болыпты. Оған банктер де несие бермей қойған. Сонда әкесі көмекке келген екен. Банктік түбіртектердегі төлемдер де соны айғақтайды. Кейіннен Хантер әкесіне барлық қарызын қайтарды.

2024 жылғы 5 қарашада АҚШ-та Президент сайлауы өтеді. Сонда Демократиялық партияны жығып, жолда қалдырып, ел тізгінін Дональд Трампқа қайтадан алып беру үшін Республикалық партия ештеңеден, соның ішінде түрлі қулық-сұмдық, фейктерден тайынбай отыр. Трампшылдардың екпіні мен тепкіні тым қатты.

Сондықтан ел Парламенті Д.Трамптың Президент болып қайта оралуына ақырындап дайындала бастады. Мысалы, Трамп ел басшылығына қайта оралса, онда Израилді қоспағанда, Украинаға, Тайваньға және Еуропаға әскери көмекті доғаруға, Американы НАТО-дан шығаруға уәде етті.

Сол себепті осы жұма күні АҚШ Конгресі Американың болашақтағы барлық президенттеріне заң шығарушылардың келісімін алмай, НАТО-дан елді шығарып алуына заң жүзінде тыйым салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу